Ақын өмірінен сыр шертеді
Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің қазақ әдебиетінде әрқашан шоқтығы биік. Сатиралық поэзияның негізін қалаушы қазақ руханиятының дамуына, қазақ поэзиясының кемелденуіне өзіндік үлес қосқаны белгілі. Ерекше дарынымен танылған дара тұлға проза жанрында да қалам тербеп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі саналды. Сыр топырағынан түлеп ұшқан осындай дарын иесінің туғанына биыл 115 жыл толып отыр. Қырғи тілді ақынға құрмет ретінде елді мекенге, мәдениет үйі және мектептерге есімі берілгенін ескерсек, А.Тоқмағамбетов ауылындағы мәдениет үйінде ақиық ақынның музейі жасақталғанын көпшілік біле бермейді. Осы ретте, ақиық ақын музейі туралы жазғанды жөн көрдік.
Музей қорында белгілі жазушының өмір белестерін айқындайтын суреттер қоры жасақталған. Оған кірген бетте ел мақтанышының қолына кітап ұстап тұрған үлкен суретін көресіз. Ал оның екі жағында А.Тоқмағамбетов туралы қазақ ақын-жазушыларының, оның ішінде Ә.Тәжібаев пен М.Әуезовтың пікірлері жазылған. Алғашқысы «Асқардың өмірбаяны – республикамыздың өмірбаяны. Ақын осы өмірдің әр дәуірін жырымен баяндап отырғанда, өз сезімі мен жүрек күйін де сол жырларында қалтқысыз көрсетіп келген. Ол біздің ең белсенді, ең ұшқыр ақындарымыздың бірі» десе, «Абай жолын» жазған жазушы: «...Тіл жөнінен бұрынғының қорынан қарбытып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақынды бөліп айтар едім, олар – Асқар мен Ғали. Асқар – қырғи тілді ақын» деп баға берген.
Мұндағы суреттер қорына тоқталар болсақ, алдымен, ақынның отбасы, немерелерімен түскен фотобаяндары көзге түседі. Одан кейін жұмыс үстелі, жұмыс барысындағы әріптестерімен, қарымды қаламгерлермен, атақты адамдармен кездескен, шет елге шыққан сапарлары суреттері қойылған. Атап айтқанда, төргі жақта 1975 жылы ақиық ақынның 70 жылдық мерейтойына келген Т.Әлімқұлов, Ә.Қоңыратбаев, М.Бәйділдаев, Ж.Бектұров секілді көптеген қазақ қаламгерлерімен түскен суреттері қойылса, осы қатарда ғарышкер-ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Г.Титовпен, әлемге танымал жазушы Ш.Айтматовпен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері З.Шүкіров, Т.Ахтанов, Ғ.Мұстафин, З.Жарқынбаев, С.Шаймерденов, Ғ.Мүсірепов, М.Әлімбаевтармен кездескен шағы ілулі. Бұдан бөлек, республикалық «Ара», «Балдырған» журналы, «Ленин жолы» газеті редакциясындағы, еңбек адамдарымен, жастармен, шәкірттерімен жүздесудегі естелік суреттері бар. Сондай-ақ, осы төргі жаққа ақынның бас киімі мен өзі қолданған теру машинкасы қойылған.
Ақын музейі қорында тарихтан сыр шертетін суреттер қатары көп десек, оның ішінде жүз жасаған Жамбылмен кездескен суретті ерекше атап өту керек. А.Тоқмағамбетовтің жас шағында бір топ қаламгерлермен қазақ жырауын ортаға алып, сұхбаттасуы ғажап кезең екені сөзсіз. Сонымен қатар, мұнда қазақ драматургиясына көп үлес қосқан жазушының С.Қожықовпен бірігіп жазған «Маржан» (орысшасы «Если бы каждый из нас») атты сценариі бойынша «Қазақфильм» киностудиясы кино түсіре бастағандығы жөнінде айғақты материалдар бар. Жалпы, ақиық ақынның музейінен көпшілік рухани азық жинап, Сыр еліне, оның ішінде тарихы шежірелі Сырдария (Тереңөзек) ауданына табан тіреген ақын-жазушылар
Ердос БЕРКІНБАЕВ