Көрермен көзайымына айналған Абзал

Сахнаның киелі екенін алғашқы сәттен сезінген Абзал Жақашов биыл жайдарман ойыншысы атанғанына 10 жыл толады. Талай мәрте мектеп лигасында сәкендік өрендерді бастап шығатын өнерлі жігіт кез келген әзілді барынша ойната білетін. Республикалық деңгейдегі жарыста үздік өнерімен танылған оның бар ойында өзі секілді ауыл жастарын жарыққа шығару тұрды.
– Жайдарманды ең алғаш бала күнімізде теледидардан тамашалайтын едік. Сонда кәсіби деңгейі жоғары ойыншының өнеріне қарап, өзімізше еліктейтініміз рас. «Сейфуллин» құрамасы мен «Сейфуллин жастары» құрамасын жасақтап, чемпиондық атаққа таласу үшін барымды салдым. Ең бірінші жылы жолымыз болмады. Келесі жылы командаға өзгеріс жасап, ойын өрнегін басқа қырынан көрсетуге тырыстық. Үшінші жыл дегенде әділ қазы алқасының шешімімен чемпион атандық. Шындығында, команданың әр мүшесіне арнап әзіл жазудың өзі қиындық соқтырады. Әрбір ойында әзілдің астарында айтары бар мәселе көтерген дұрыс, – дейді жас жайдарманшы.
Әрине, сахна төрінде өзара командалар арасында бәсеке қыза түседі. Мұндайда Абзал Жақашов әрбір ойыншының жүріс-тұрысын, халықпен жұмыс жасауын, әзілді ойната білуіне көңіл бөледі. Бұған дейін ол – «Тереңөзек жастары», «Ақмешіт колледж», «Олигарх», «Мәметова» құрамасында болып, өтімді әзілімен көптің назарына ілікті. Қазіргі уақытта аудандық мектеп лигасының редакторы ретінде барлық әзілді сұрыптап, сапалысын халыққа шығарады.
– Жайдарман ойыны – мүмкіндіктер алаңы. Қайнап жатқан қазанның ортасына түсіп, өзімді қамшылай түстім. Бірнеше командада ойнау арқылы ерекше стильді қалыптастырдым. Жайдарманшы, редактор, жүргізуші, автор болуыма көптеген жол нұсқаушы жанның ықпалы зор екенін айта кетейін. Қазіргі уақытта көрерменді құны төмен әзілмен күлдіре алмайсыз. Ондай қадамға барған жағдайда сені үнемі қолдайтын көрермен сенімін жоғалтасыз. Сондықтан өзімді үздіксіз тәрбиелеп отырамын, – дейді Абзал Құрманғазыұлы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ