Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ, Текелі қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі:Туған жердің топырағы да ыстық

Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ, Текелі қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі:Туған жердің топырағы да ыстық

Туған жерден шалғайда жүріп, жүрегі «туған ел» деп соққан шәкірттердің ыстық лебізін үнемі жариялап келе жатқан біздің басылымның бүгінгі қонағы – Еркін Асқарбекұлы. Ол Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Текелі қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Оқырмандарға газет тілшісіне берген сұхбатты ұсынамыз.

– Еркін Асқарбекұлы, балалық шағыңыз өткен туған жердің ыстық сәлемін қабыл алыңыз. Бүгінде өзіңіз қанаттанып ұшқан туған ел туралы, алтын ұя мектебіңіз туралы аз-кем естелік айтудың сәті келіп тұрған сияқты?

– Әрине, жырақта жүрген соң әрдайым елге деген сағыныш көңілімізде маздап тұрады. Балалық шағымыз өткен қасиетті Тереңөзекті, қарашаңырақты, үйіміздің жанынан өтетін «Әйтек» пен «Майжарма» каналын ұмыту әсте мүмкін емес. Оқушы кезімізде достарыммен бірге аунап-қунап өскен май топырақ пен Сырдың суы қандай керемет десеңші, жаз бойы күнге күйіп, қыста каналда доп таяқпен ойнап, әбден шынығып өстік. Ауруды білмейтінбіз, қайта шымыр болып өскендіктен болар, мамандық таңдауда қателеспей, азаматтық қорғау саласында оқу бұйырды. Бұл әрине, ең алдымен, алтын ұя мектепте білім мен тәрбие берген ұстаздарымның арқасы. Алғашқы ұстазым Гүлайым Әбдуомарова мен сынып жетекшіміз болған Орынкүл Мұратова апайдың еңбегі ұшан-теңіз. Әрқайсымыздың тентектігімізді көтеріп, жетістігімізді көрсетіп, жаңа өмірге бағыт-бағдар берді. Ұстаздың алдында мәңгі шәкірт екенімізді ұмытпаймыз. Құрмет көрсетіп, аудандық газет арқылы ол кісілерге сәлем жолдаймын.

– Аудандағы №35 мектепті бітір­геніңізді білеміз, қандай мамандық алдыңыз, қазіргі қызметіңіз жайлы айтсаңыз?

– Мен 1977 жылы Тереңөзекте дүниеге келдім. Мектеп бітіргеннен кейін Қазақ Ұлттық техникалық университетте оқыдым. Сонан соң Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық инс­титутын бітіріп, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алдым. Соңғы 18 жылдан бері өртке қарсы қызмет органында қызмет етіп келемін. Қазір Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Текелі қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарудамын.

– Азаматтық қорғау саласын кез-келген азамат таңдай бермейді. Қиын да жауапкершілігі зор мамандықты таңдауға не себеп болды?

– Меніңше, нағыз ер жігітке тән мамандық дер едім. Күнделікті жаттығудан басталатын қызметке тәуліктің кез келген уақытында дайын болуың керек. Төтенше жағдай айтып келмейді, тілсіз жаумен күресуде табандылық пен қайсарлық керек. Сондықтан ең алдымен бұл мамандықты таңдаған адам физикалық жағынан, психологиялық тұрғыдан мықты болғаны дұрыс. Қиындықпен бетпе-бет келгенде жылдам шешім қабылдау қасиетің басқа адамды ажалдан алып қалуы мүмкін. Менің бойымда жылдамдық пен өзіме деген сенімділік сияқты қасиеттердің басым болғанын бала кезімнен байқайтынмын. Сондықтан болар осы қызметке ойланбастан келдім.

– «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ата-анаңыз берген тәрбие қалай қаланса, перзентінің одан арғы өмірі солай өріліп кетеді дегенге келісесіз бе?

– Иә, біздің үйде үлкен кісі әжеміз болды. Ата-анамның әжемізге деген қамқорлығы көз алдымызда. Әкем қарапайым жүргізуші еді. Анам ұстаздық етті. Екі інім мен бір қарындасым әжеміздің бауырында өстік. Үйде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу деген қағида қалыптасқан десем артық айтқандық болмас. Қазір өз отбасым бар, балаларыма ата-анамнан алған тәрбиемді беріп келемін. Екі ұлым мен қызым көз қуанышымыз.

– Сыр елі күрішімен танылған, ал өзіңіз қызмет ететін Текелі қаласы несімен ерекшеленеді?

– Дәмі тіл үйретін Сырдың қауыны мен күрішін ауылға демалысқа барғанда алып қайтамыз. Туысқандардың қонақжайлылығы мен бауырмалдығында шек жоқ. Мұнда да дәл сондай. Ешкімді жатырқамайды, адамдары да бір-біріне мейірімді. Табиғатта айырмашылық бар, таудың етегінде орналасқан қалада кен байы­ту комбинаты бар. Тұрғындардың көпшілігі сол комбинатта еңбек етеді. Комбинатта мырыш өндіріледі.

– Газет оқырмандарына айтарыңыз?

– Менің өмірлік ұстанымыма айналған қағида – өзіңді құрметте, өзгелерді де құрметте және өзің жасаған әрбір іс-әрекетіңе жауап бере біл. Әрбір адам еліне адал қызмет етсе, бірлік пен тірлік болады. Еліміз тыныш болсын, сіздерге оқырмандарыңыз көп болсын демекпін!

– Рахмет!


Бибісара ЖАНӘЛІ

17 қараша 2020 ж. 617 0