Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әуежай жолаушыларының қауіпсіздігіне жауаптымын

Әуежай жолаушыларының қауіпсіздігіне жауаптымын

Басылым бетінде «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары тұрақты берілуде. Бұл айдармен ауданда туып-өсіп, білім алып, еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет етіп жүрген жерлестеріміз жайлы материал беріледі. Бүгінгі нөмірде оқырмандарымызға тереңөзектік Айымжан Нұрлановамен өрбіген сұхбатты ұсынамыз. Айымжан еліміздің күрделі саласы авиацияда қызмет етеді.

– Айымжан Нұрланқызы, Сырдария ауданының түлегі ретінде біз шалғайда жүр­ген түлектерімізбен әрдайым мақтанамыз. Жоғарғы білім алып, еліміздің түкпір-түк­пірінде қызмет етіп жүрген жерлестеріміз жайын­да үнемі жариялап отыру дәстүрге айнал­ған. Алғашқы сұрақ туып-өскен жеріңіз, балалық шағыңыз несімен қымбат? Оқыған мектебіңіз, ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз...

– Ең алдымен елден шалғайда жүрген түлек ретінде кұрметтеп сұхбат алып жатқандарыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерден түскен ұсынысқа шыны керек, риза болдым. Қай жақта, қай тарапта жүрсек те туған жер кімге болса да ыстық. Сондықтан менің көңілімнен, жүрегімнен киелі Тереңөзек бір сәтке де шыққан емес. Балалық шағым Майжарма каналына жақын орналасқан туған үйімде өтті. Әкем Кенжеғұлов Нұрлан мен анам Әбішева Шырынкүлдің сүт кенжесімін. 1999 жылы 6 қарашада дүниеге келдім. Туып-өскен шаһарым жайында ақын Мұхтар Сақтаповтың мына өлең шумағы жадымда жатталып қалды:

«Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың Отаны,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі». Бұл менің туған жерге деген сағынышымды басатын, туған жеріммен мақтанатын қасиетті өлең шумағы десем болады.

Оқыған мектебім – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі. Отбасымызда үш перзент болып өстік, ағам мен әпкем қазақ мектебінде оқыған. Ал мені әкем өз қалауымен орыс мектебіне берді. Біз алаңсыз бақытты балалық шақты басымыздан өткіздік, ештемені уайымдамастан ержеттік. Әттеген-айы биыл ардақты әкем мәңгілік сапарға кетті. Әлі балаларының қызығын көргенде деген арманымыз бар еді, амал қанша, Алланың қалауына қарсы келер шама бар ма?..

Мектепте оқу озаты болдым деп айта алмаймын. Бірақ ұстаздардың берген білімін барынша тоқып, санамызға құйдық. Сүйікті ұстаздарым жайлы айта кетсем, бастауыш сыныптағы алғашқы ұстазым – Наталья Анатольевна Кырлиг. Өте керемет, білікті ұстаз, өз мамандығының шебері. Жүрегі ашық, қарапайым, адамгершілігі мол, мейірімді жан. Барлық ұстаз шәкірт үшін қымбат, дегенмен тарих пәнінен сабақ берген ұстазым, марқұм болып кеткен Ғалымжан Сағындықовты ерекше айтар едім. Тарих десе "ішкен асын жерге қоятын" өте білімді ұстаз еді. Сондықтан болар осы пәнді ерекше сүйіп оқыдым. Тағы есімде қалғаны қазақ тілі сабағы. Ұстазым Зәуре Аманшейтованың түсіндіргені керемет болатын. Ана тіліне деген құрметіміз, тілді сауатты меңгеруіміз ұстазымыздың еңбегі. Ұстазымыз сондай мейірімді, жүзінен нұр төгіліп тұратын. Айта берсем жақсы көретін ұстаздарым көп, бәрі мен үшін орны бөлек жандар.

– Балалық шақта есте қалған оқиғалар немесе қызықты естеліктер есіңізде ме?

– Балалық шақта қатты есте қалған сәттердің бірі – ол әкеммен бірге тіс жасап үйренген кезім. Әкем уйде жұмыс істейтін. Әкемнің көзін көргендер біледі, ауылымыз мақтан тұтарлықтай, өз ісінің шебері болған әкем танымал тіс дәрігері болды. Бала кезімнен жанынан қалмай тіс салуға адам келсе, дереу қасында тұрып алатынмын. «Менде қарайыншы, менде істейінші» деп. Сонда әкем «жоқ, болмайды, кедергі жасама» деп айтпайтын. Бәрін көрсетіп, үйретуге тырысатын. Бала кезімде балабақшаға барған емеспін, бірақ сол балабақшаның орнын толтырған, қараушы мен күтушіден кем түспеген, ойнатып, өсірген, қамқорлық көрсеткен әпкем мен әкем болды. Бала кезімде сурет салғанды ұнататынмын, қолыма ақ парақ түссе болды, сурет салып отыра беретінмін.

– Мамандық таңдауда кімнің кеңесіне жүгіндіңіз, ұстаздың ба, әлде ата-ананың ба немесе өз жүрек қалауыңызбен мамандық таңдадыңыз ба?

– Отбасымыздың барлық мүшесін медицина саласы байланыстырады. Ағам Ерлан әкемнің жолын қуып тіс дәрігері болды. Анам санитарлық-эпидемиологиялық зертханада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Әпкем Маржан да өз мамандығының шебері, ЖИТС орталығының қызметкері. Ал менің мамандығым мүлдем басқаша, авиациямен байланысты. Ерекше мамандықты таңдауыма әкем мен анам кеңес берді. Ойлана келе шешім қабылдап, жүрек қалауыммен Азаматтық авиация академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы мамандандым. Ойдағыдай оқуымды бітіріп, қолыма дипломымды алдым.

– Мектеп бітірушілерге құлаққағыс ретінде өз мамандығыңыз жайында ашып айтсаңыз. Алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Жас түлектердің көбі елімізде мұндай оқу орнының барын біле бермеуі мүмкін. Өзім де бастапқыда мүлдем хабарсыз болдым. Жоғарыда айтып өткенімдей 2017 жылы Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. Академияның «Авиациялық қаупсіздік» факультетін таңдадым. Болашақ маман ретінде бұл мамандық иесі жер мен көктің қауіпсіздігіне жауапты.

Бұрын таныстарым «қайда оқуға түстің?» деп сұрағанда, «Авиацияға» деп жауап беретінмін. Сонда таныстарым ең алдымен «бортсерігісің бе, әлде ұшқышсың ба?» деп сұрайтын. Ал мен өзімнің мамандығым туралы түсіндіруге жалықпайтынмын. Яғни авиация көптеген мамандыққа бөлінеді, көкте де, жерде де жұмыс істейтін қызметтері өте көп. Әрине, мен басында бортсерігі болғым келгенін жасырмаймын. Алайда оқуға түскен жылы бортсерігі болу үшін конкурс аяқталып қалған болатын. Бортсеріктерге оқытатын нақты факультет болмағандықтан конкурс ретінде өтетін. Сондықтан таңдаған мамандығым – әуежайда ұшаққа отырмас бұрын жолаушылардың өміріне ешқандай қауіп төндіртпей, басынан аяғына дейін тексеріп, ұшаққа отырғызу. Бұл бортсерігі мамандығынан да жауапты жұмыстың бірі болып саналады. Себебі әрбір жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ол үлкен еңбек. Алғашқы еңбек жолым Алматы халықаралық әуежайында басталды.

– Оқырмандарымыз үшін қызық сұрақ – қанша тіл және ұшақтың қанша түрін білесіз, ұшақ қанша шақырым биіктікте ұшады?

– Бірнеше тіл білу – көптеген салаға өте қажет талаптың бірі. Өз бетіңше ізденіп немесе оқуын оқып тіл үйренуге де болады. Мен ең алдымен ана тілімде сөйлеймін және оны мақтаныш етемін. Мектепте оқыған орыс тілі, түрік, корей, ағылшын тілін де меңгергенмін. Ұшақ түрлеріне келер болсақ, әуе кемесінің түрлері өте көп. Санамалап айту мүмкін емес. Бірақ өз елімізде қазіргі уақытта қолданып, ұшып жүрген ұшақтардың түрін айтсам, «Боинг 767-300ER», «Эйрбас A320neo», «Эйрбас A321», «Эйрбас A321neo», «Эйрбас A321neo LR», «Эмбраер E190-E2», «Эйрбас A320» және т.б. Негізінен ұшақ 7000-13000 шақырым биіктікте ұша алады.

– Отбасыңызға қайта оралсақ, ата-анаңыздың алдындағы перзенттік парыз дегенді қалай түсінесіз? Ол кісілерден алған өнегеңіз туралы толғанасыз ба?

– Ең алдымен бізді дүниеге әкелген ата-анама алғыс айтамын. Өсіріп, тәрбие беріп, оқытқаны, ыстық ұядан ұшырғаны үшін құрметтеймін. Ата-ана үшін баласы қанша жасқа келсе де бала болып қалады емес пе?! Олар бізге өмір бойы қамқор болып, пана болып, біз үшін уайым жейді. Ата менен ананың алдында бала әрдайым қарыздар. Тіпті «Жеті рет Меккеге арқалап апарып келсе де, олардың алдындағы парызын өтеу мүмкін емес» деген сөз бар. Әрдайым «балам», «құлыным» деп жүрген кісілерге қандай жақсылық жасасақ та жарасады. Бауыр еті баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр ата-ана жаныңда мәңгі жүрмейтіні өкінішті.

Сонымен қатар құласаң демеп, сүрінсең сүйеу болатын, қайғырсаң – мұңдасың, қуансаң – жолдасың бола білген бұл дүниеде бауырдан асқан, бауырдан жақын жан бар ма екен деп ойлаймын. Бауыр басқан, бауырмал болған қандай керемет сезім. Отбасыңда бірге туған бауырың болса, онда өмірің тіпті шаттыққа толады. Сол бауырыңмен бірге ойнап, бірге күліп, бір затқа таласып қалып, қайта татуласатын жандар болғанға не жетсін?! Бауырмал болу – ол сенің көпшіл болуың, ол сенің адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатыныңның белгісі деп айтуға болады. Қос бауырым мен үшін өте қымбат жандар, мен десе ішкен асын жерге қойып, көмек беруге әркез дайын тұрады. Біз қарапайым отбасында тәрбие алған балалармыз. Қазір барлығымыз сан тараптамыз. Тереңөзектің тумасы болғанымды мақтан етемін. Қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбие алғаныма бақыттымын. Қазіргі уақытта өзіммен бірге оқыған, бір мамандықты алған семейлік азамат Асанәліге тұрмысқа шықтым. Отбасымызбен Семей қаласында тұрамыз. Кішкентаймыз Ескендір дүниеге келгендіктен декреттік демалыстамын. Көп ұзамай өз салама қайта оралуға дайынмын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
23 сәуір 2024 ж. 124 0