Ербол Жұмабеков, хирург: Дәрігер ең алдымен төзімді болғаны абзал
Туған жерден түлеп ұшқан перзенттермен сырдариялықтар қашанда мақтанады. Түрлі салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан жерлестеріміз ел дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Өзге қалада жүргенімен, аудан өмірімен тығыз байланыста болатын жерлес азаматтармен басылымның «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары арқылы сұхбаттасып келеміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ербол Жұмабеков. Ол Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медицина орталығының дәрігері.
– Ербол Баянәліұлы, қазақта «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген тәмсіл бар. Соған орай, алғашқы сауалымыз туып-өскен ауылыңыз жайлы болмақ. Сіз үшін туған өлке несімен қымбат?
– Мен үшін туған жерім, туып өскен ауылым әркез ыстық. Туған өлкенің әр тасы мен қыратынан артық ешнәрсе таба алмаспыз. Өзім қазіргі Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында дүниеге келгенмін. Балалық шағымның қызықты сәттері әлі есімде. Өзімнен үлкен ағаларымның жанынан бір елі қалмай өстім. Олармен бірге жүріп, көп қызықты оқиғаны бастан өткердік. Сегіз жасқа толған кезімде ауыл шетіндегі диқандардың бақшасына қауын-қарбыз алу үшін жасырынып кіретінбіз. Заматында бақташы алдымыздан шыға келіп, қаша жөнелетінбіз. Бір кезде алды-артыма қарамай жүгіріп келе жатып, аң аулауға арналған қақпанға түсіп қалғаным бар. Содан кейін абайлап жүретін болдық. Кейіннен қақпан құрылған жерлерді бағдарлап, бақташыға ұсталмай кететінбіз. Бәрі балалықпен жасалған істер ғой...
Ауыл балаларымен әр мезгілде түрлі ойындарды ойнайтынбыз. Мысалы, қыста биіктен сырғанап, қас қарая шанамызды сүйретіп үйге келеміз. Ал, жаз бойы ауылдағы каналға суға түсеміз. Бет-ауызымыз жарылып, күннің аптап ыстығынан қап-қара болғанымызды байқамайтынбыз.
– Білімге құштарлықты ояту тағылымды ұстаздың ұлағатынан деп білеміз. Өзіңіз білім алған білім ұясы жайлы айта кетсеңіз?
– Мен үш мектепте білім алдым. Ең алғаш 1993 жылы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы орта мектебінің табалдырығын аттадым. Менің оқуға деген құштарлығымды оятып, білім нәрімен сусындатқан математика пәнінің мұғалімі Іңкәр Қордабаева болды. Ұстазым, ең алдымен, бақылау жұмысын менен алып, сыныптан шығарып жіберетін. Өйткені, сыныптастарыма көп көмектесетін едім.
Кейіннен әкемнің қызмет бабымен Қызылорда қаласына көштік. Мұнда №135 Темірбек Жүргенов атындағы қазақ орта мектебінде 5 жыл оқыдым. Ал, 2003-2004 оқу жылын Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейден бітірдім. Біздің сынып жетекшіміз Талғат Жүсіпбеков болған еді.
Ұстаздарымның тағылымды тәрбиесі мен саналы білімінің арқасында осыдан 16 жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түстім.
– Қазіргі таңда медицина саласында еңбек етіп келесіз. Мәртебелі мамандықты таңдау бала күнгі арманыңыз болар. Медицинаның күрделі саласы – хирург болудың басты қиыншылығы неде?
– Қай кезде де адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, дәрігер өмірде түрлі тосын оқиғаға тап келеді. Өзім қалаған мамандықтың қиындығын білсем де бала күннен ақ халатты абзал жан болуды арман еттім. Бірнеше жыл алған білімнің арқасында жемісті еңбек етіп келемін. Дәрігер жүйкесі мықты, барлық күйзеліске төзімді жан болуы керек. Ең бастысы хирург физикалық тұрғыдан мықты болып қалыптасуы қажет. Мен таңдаған мамандық өте күрделі. Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медицина орталығында 2012 жылдан бастап дәрігер-хирург, онколог, маммолог мамандығы бойынша қызмет атқарудамын. Айта кету керек, хирург болып қалыптасуыма тәжірибелі ұстаздар Марат Күзденбаев пен Асылан Ерғалиев септігін тигізді. Екеуі де Қазақстанға аты белгілі, білікті хирургтар. Алдағы уақытта туған жерім Қызылорда қаласында қызмет ету ойда бар. Сонымен бірге, білімімді шыңдау үшін Оңтүстік Корея еліне тағылымдамадан өтуді жоспарлап жүрмін.
Орталықта жұмыс істеп жүріп, талай науқастың өміріне араша түстік. Күні-түні ұйқысыз түндер өтеді. Қапелімде, ота бөлмесінде маңызды шешім қабылдайтын кездер болады. Сондықтан әрбір хирургтың өзінің физикалық жағдайы барлық талапқа сай болуы тиіс. Шұғыл ота барысында күтпеген тосын жайттерге тап боламыз. Сонда ең алдымен өзімізді төзімді болуға тәрбиелейміз.
– Алғашқы отаға қатысқан кез есіңізде ме?
– Ең алғаш отаға 2-курста қатыстым. Ота барысында менде қорқыныш сезімі болмапты. Негізінен, жасалатын оталарға іш қуысы, кеуде қуысы мүшелері кіреді. Аталмыш оталарды дәстүрлі, яғни дене мүшесін кесу және заманауи технологиялық әдіс эндовидеохирургиялык (лапароскопия және торокоскопия) тәсілдермен жасаймын. Негізінен хирургия саласының өзі бірнеше салаға, яғни, торокольды, тамыр, кордиохирургия тағы басқаға бөлінеді.
– Медицина мамандығын таңдауға ниетті жастарға айтар ақылыңыз? Ең алдымен, хирургтың бойында қандай қасиет болу керек?
– Медицина мамандығын таңдайтын жастарға айтарым, ең бірінші, адамның шын ниеті, ынтасы мен ықыласы керек. Көп жағдайда ата-анасының айтуымен мамандық таңдаған жастар қателікке ұрынады. Кейіннен күрделі мамандықтың қиындығынан оқуды тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздік жастардың болашағына теріс әсер етеді.
Ал, хирургке адамгершілік, шыдамдылық, жүректілік. Дәрігер адамның тәнін ғана емес, жан дүниесін де емдеуі қажет. Ота алдында әрбір науқаспен сұхбаттасып, келісімін алу өте маңызды. Науқастың бізге барынша сенім артуы жігер береді. Қарапайым адамның дәрігер-хирургтің жалпы хирургия, кардиохирургия, торакальды хирургия, тамыр хирургиясы секілді тағы да басқа мамандықтармен айналысатындығын білгені абзал.
– Еліміз бойынша онкология саласындағы негізгі мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
– Онкологиялық аурулар бүгінде дүние жүзімен қатар, еліміз бойынша жүрек, қан-тамыр дертінен кейін көш бастап келеді. 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулардың кешенді жоспарына сәйкес, дертті алдын-алу жұмыстары жүргізілуде. Науқастық белгілерді ерте анықтау «Скрининг» және емдеу әдістерінің жақсаруына байланысты дертті болған адамдардың өмір сүру ұзақтығы артуда.
– Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде ата-анам Қызылорда қаласында тұрады. Әкем Баянәлі Жұмабеков – Аманкелді ауылының тумасы. Ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында табанды еңбек етті. Құқық қорғау органдарында еңбегі еленіп, зейнет демалысына шықты. Анам Аяқбаян Ахметова талай жыл жедел-жәрдем саласында қызмет атқарды. Әлі есімде күн-түн демей, науқастардың жанынан табылатын. Отбасында төрт ағайындымыз. Ағам Тұрар Жұмабеков Шиелі ауданы әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы. Інім Нұрбол Жұмабеков – Сырдария ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінде бас инспектор. Ал, кенжеміз Нұржан Жұмабеков жеке секторда еңбек етуде.
– Сіз перзенттеріңізге қандай әкесіз? Отбасы бюджетін үйде кім жоспарлайды? Өмірлік жарыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Өмірлік жарым Венара Тынышбайқызымен университет қабырғасында таныстық. Ол Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауданынан. Біз 2011 жылы отбасын құрған болатынбыз. Шүкір, жанұяда екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Жарым – гинекология саласын меңгерген дәрігер. Қазір бала күтіміне байланысты декреттік демалыста.
Біз үлкен қалада жүріп, отбасы болып қалыптастық. Барлық ауыртпалықты көтере білдік. Келіншегім екеуміз ақ халатты абзал жан болғаннан кейін елдегі қиын кезеңді жақсы білеміз. Әрбір азаматтың дертті болып, қиналғанын түсінеміз. Пандемия уақытында біз әріптестерімізбен біргеміз. Үнемі отбасы бюджетін бірге жоспарлаймыз. Дегенмен, көбіне қаржыны өзім ұстаймын. Балаларымның анасы маған үнемі қолдау көрсетіп отырады. Бос уақытымды балаларыма арнаймын. Сонымен қатар, аптасына екі-үш рет жаттығу залына барып, дене шынықтыруды, бассейнге жүзуді әдетке айналдырғанмын. Ал, аптасына бір рет атқа шабу менің сүйікті хоббиім десем болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Балтабай ОРДАБЕКОВ