Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРЫНДЫЛАР ДІҢГЕГІ

ДАРЫНДЫЛАР ДІҢГЕГІ


«Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы» екені ықылым заманнан белгілі. Тектілік қонған әулет пен отбасы қашанда көпшілікке үлгілі атанады. Осындай жарасымдылығымен ел аузында жүрген отбасыларды танытуда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңыздылығы жоғары. Жыл сайын ұлттық байқаудың аудандық, облыстық, республикалық іріктеу кезеңдері өтіп, жеңімпаздар анықталып жүр. Осы орайда айтпағымыз өткен аптада ауданымызда ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде аманкелділік Абдуллаевтар отбасы жүлдегер атанып, облыстық кезеңге жолдама алған болатын.
Бұл әулет біраз жылдан бері республикаға танымалдығымен дараланып келеді. Отбасы мүшелерінің басым көпшілігі музыка саласында анық қолтаңбасын қалдырған. Отағасы Мейрамбек Абдуллаев осы ауылдың перзенті. 1988 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Музыка пәні және балалар музыка мектебі мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін жас маман ретінде ауылдағы әуез мектебіне орналасады. Сол жылдардан бастап бүгінге дейін ұлттық өнердің дам­уына зор үлес қосады. Отанасы Назира Бодыбаева ауылдағы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейде музыка пәнінің мұғалімі, әлеуметтік педагог ретінде қызмет жасайды. Білім саласында табанды еңбек ете жүріп, түрлі марапаттарға ие болады. Дегенмен Назира ханым ең басты орынға отбасындағы жарасымдылықты, ерлі-зайыптылар арасындағы татулықты қояды. Музыка өнерінің майталмандары 5 баланы дүниеге әкеліп, әрқайсысына тәлім-тәрбие береді. Балалары да ән өнерімен машықтанып, жарық жұлдызға айналған. Үлкен қызы Гүлзат Әбдікәрімова Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның биылғы жылғы түлегі. Қазақ эстрадасында өзіндік айтар әндері бар «Қоңыр» тобының әншісі. Оның сіңілісі Ұлпан Әбдікәрімова «Шабыт» қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенті, бірнеше дүркін халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Классикалық ән өнерінің нақ шебері. Әпкелерінің ізін қуған Құралай Мейрамбек №10 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы. Бала күнінен әнге құмар Құралай әлемдік деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр. Дарындылардың кенжесі Дулат Әбдікәрім де ән шырқап, үлкен асуларды бағындыруға тәуекел еткен. Ұлдың үлкені Бақдәулет Әбдікәрім дарындылардан ерекшеленіп, медицина саласына бет бұрды. Бүгінде ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 4 курс студенті.
Ата-анадан дарыған тектілік өнер балаларды музыка саласында машықтандырды. Ұлттық нақышта дәстүрлі әндер мен классикалық үнді ұштастырған дарабоздардың әлі талай шыңдарды бағындырарына ел сенеді. Дана хақымыз «Өнерліге өріс кең» – деп бекер айтапаған сынды. Ауыл топырағынан түлеп ұшып, өнегелі қалпынан таймаған жастар замандастарынан озып туғандығын дәлелдеп келеді. Бұдан кейін олар салған сара жолда тектілік жұрнағы жалғасын табады. Ендеше, өнерге жан беріп, соынмен көктеп-көгерген шаңырақтан береке-бірлік арылмасын дейміз.
Міне, ауылдастары дарындылар шаңырағы деп мақтан тұтатын Абдуллаевтар отбасы осындай өнерлі, өнегелі, үлгілі жандар.
23 мамыр 2018 ж. 1 406 0