Аудармашының 75 жылдық белесі
Есімі оқырманымызға етене таныс, газеттің тұрақты авторының бірі, аудармашы Бақтияр Мырзаш биыл 75 жасқа толады. Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны өзінің саналы ғұмырында сан салада еңбек етті. Шығармашылық жолында аударма жанрында қалам тербегеніне бірнеше жыл болған қаламгердің жарық көрген үш бірдей кітабы бар. Жүздеген әңгіме, повесть, новелланы қазақ тіліне аударған аудармашы әлі де ізденіс үстінде. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақтияр Мырзаштың аудармалары оқырман тарапынан сұранысқа ие.Аудандық газет редакциясымен шығармашылық байланыс орнатқан қаламгердің мерейлі жасқа толуына орай оның өмірі мен шығармашылығы туралы қалам тербеуді жөн көрдік. Ауыл баласының өмір жолы, сол заманның адамдары секілді өтті. Сегізжылдық мектепте оқып, алғашқы ұстазы болған абыз адам, марқұм Рақымжан қажы Бәйменовтен білім алады. Ата-анасы Өрқара мен Қаныкүлдің ұлдан жалғыз баласы болып өскен Бақтияр аға орта мектепті аудан орталығындағы №35 мектептен бітіреді.
Қатарластары секілді Кеңес әскері қатарында болып, туған ауылға оралған соң қатардағы жұмысшы ретінде еңбек жолын жалғастырады. Өзінің жастық шағы туралы айтқан естелік әңгімесінде қаламгер былай деп сыр шертеді.
– Әскерде екі жыл болып елге оралған соң Шымкентте 6 ай курс оқып, электрик мамандығын алдым. Осы мамандықпен көп жұмыс істемедім. Жан дүнием кітапты қалады. Ауылдағы клубта біраз жыл еңбек еттім. Дегенмен кітапқа деген құмарлығым артпаса, кеміген жоқ. Міне, соңғы 65 жылдан бері кітап оқып келемін. Көбіне орыс тіліндегі шығармаларды оқимын. Есімде алғаш рет 2010 жыл болу керек, француздың жазушысы, аудармашы Проспер Мерименің «Маттео Фальконе» деген новелласын оқыдым. Жай оқып қана қоймай, оның қазақ ұлтына тән кейбір ұқсас құндылықтарын байқадым. Негізінен, қандай көркем шығарма оқысам да, аудармама ұлтымыздың салт-дәстүріне сай келетін дүние байқасам, соны қазақ тіліне аударуға асығамын. Үйімдегі кітапханамда орысша-қазақша сөздіктің бірнешеуі бар. Онда 70 мыңға жуық сөздің аудармасы жазылған. Осы сөздік арқылы мағынасын түсінбеген сөздерді аударып, терең мәніне сай келетіндей етіп аса мән беремін. Көркем шығарманың тура аударма болғанын емес әрине, адамның жан дүниесін баурап алатындай, мағынасын жеткізетіндей сөздермен аударуға тырысамын. Дегенмен алғашқы аудармам дәптер бетінде қалды. Оның жарық көруіне қызым Дана себепші болды. Алпыс жасқа маған тосынсый жасап, республикалық басылымның бетіне жариялапты. Жарияламас бұрын ондағы редакторлардың оң бағасын алыпты. Осылайша аудармашы ретінде алғашқы белесті бағындырдым десем болады, – дейді қаламгер Бақтияр Мырзаш.
Ауылда еңбек етіп, аудармашы атану жолында ізденісі мен шығармашылығын арттырған қаламгердің кітап оқуға деген құштарлығы жан дүниесін байыта түседі. Бүгінгі күнге дейін үш аударма кітабы жарық көргені сол үздіксіз табанды еңбектің нәтижесі. «Әлем әдебиетінен аудармалар», «Қисық жол» және «Күйзеліс» деп аталған аударма кітаптары шығармашылық жолына серпін беріп, одан әрі талантын шыңдауға талаптандырды.
Ағалық жастан асып, қарттық кезеңге жетсе де кітаптан бас алмай қағаз бен қаламды жанына серік етті. Бақтияр аға аудандағы аудармаға ден қойған жалғыз аудармашы десек, артық айтқандық болмас. Себебі ол әлем әдебиетінің шығармаларын орыс тілі арқылы қазақша жеткізген нағыз аудармашы.
«Ауылдан шыққан аудармашы» атанған жан өнерден де құр алақан емес. Өзінің еңбек жолында ауылдық клубта қызмет етіп, музыкалық жетекші болған. Өнер иесі түрлі музыкалық аспапта ойнап, ансамбль құрып, ауылдың мәдениетін дамытуға үлес қосқан. Есімі республикаға белгілі композитор Рамазан Таймановпен шығармашылық байланыс орнатып, талай әннің орындалуына ұйытқы болған. Ән жаздырып, ауыл өнерпаздарының көрермен көзайымына айналуына еңбек еткен.
Мәдениет саласының ардагері осы күні жүзге жуық аударманың авторы атанған. Қаламгер кезінде қолөнермен де айналысқан. Оның ағаштан жасаған бұйымдары отбасында пайдаланылып, кейбірі өз тұтынушысын да тапқан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат ардагерлік кезеңге жеткенде ғана нағыз шығармашылық жолына түскен.
– Кезінде шамның жарығымен түн ортасында дейін кітап оқитынмын. Қазір де сол әдетімнен қол үзбедім. Көмекші құралдарды пайдаланып, аударманың оқырман жүрегінен орын алуына ізденіспен еңбек ету дағдыма айналды. Сөз қадірін білетін адам кітаптың да қадірін біледі. Осы уақытқа дейін жинаған байлығым – кітаптарым. Әрбір аудармам арқылы тәрбиелік мәні бар, обал, сауап секілді қасиетті ұрпақ бойына сіңіргім келеді. Шығармашылығыммен танысқан әрбір оқырман өз бағасын беріп жатса қуанамын, – дейді аудармашы.
Болмысы парасат пен пайымнан жаралған шығармашыл жанның оқырман жүрегіне жол тапқан шығармалары кітапхананың рухани мұрасына айналған. Бойындағы таланты мен білімінің арқасында әлі талай туынды жарыққа шығатыны сөзсіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ










