Қазанама
Сыр жұртшылығы, қазақ руханияты орны толмас қайғылы қазаға душар болды. Бүгін ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Жаналханұлы Сақтапов дүниеден озды.Мұхтар Сақтапов 1936 жылы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. 1955 жылы осындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әскерден кейін аудандық газетке корректор болып жұмысқа орналасқан.
Аудандық газетте үзіліссіз 40 жылдай жұмыс жасап, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, баспахана директоры, жауапты хатшы болды. Ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетовтен бата алып, бір топ өлеңдері облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрген. Кейіннен өлеңдері республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланған. Бірнеше кітаптың авторы атанған ақынның 2008 жылы «Көңіл шуағы», 2013 жылы «Қайырлы таң, туған жер» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Сонау 1970-1971 жылдары жазылған «Тереңөзек» өлеңі кенттің «гимніне» айналған.
Ақын М.Сақтапов Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 65, 70 жылдығы», «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері, әр жылдарда облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен, Қазақстан Журналистер одағының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына қайғырып, көңіл айтамыз. Ардақты азаматтың жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады.
Ардақты азаматтың жаназа намазы 4 наурыз күні сағат 15.00-де өз шаңырағында өтетінін хабарлаймыз.










