Жарқын болашаққа жол
Қанат Зиятов – арманы асқақ, мақсаты айқын дарынды жас. Болашақта от ауызды, орақ тілді журналист болуды армандайды. Ол тек армандап қана қоймайды, арманына адымдап қадам басып келеді. Жанарындағы жалынмен, жүрегіндегі адал сезіммен тек алға ұмтылады.Әдеттегідей жұмыс күні. Телефон шыр ете қалды. Аудандық газетте бес жылдан астам бас редактор болып, бізді осы салаға бағыттаған, арманымызға қанат бітіріп, газеттің қыр-сырын үйреткен Ақтөре аға. Есендік сұрасқаннан кейін:
– Маған Шаған ауылының №37 мектеп-лицейінің түлегі Қанат есімді жігіт келіп тұр. Журналист аға-апайларымен пікірлескісі келеді екен. Журналистердің құтты ордасы, қара шаңырақ редакцияға жолдап жатырмын. Жол сілтеп, газет жұмысымен таныстырып, бағыттап жіберсең...
– Әрине, аға, келсін, бізді іздеген, газетті іздеген жас буынға есігіміз әрдайым ашық.
Негізі бұған дейін де мектеп оқушылары редакция жұмысына қызығушылық танытады. Әдетте біз оларға газеттің қалай дайындалатынын, журналист бойында қандай қасиеттер болуы керектігін айтып, жұмысымызды таныстырамыз, сұрақтарына жауап береміз. Жалпы бұлай мектеп оқушылары бізді іздеп келсе, бұл салаға қызығушылық танытса, төбеміз көкке бір елі жетпей қалады. Және қолдан келгенше қолдауға тырысамыз. Себебі өзіміз де бір кезде арман қуып, газет бетіне жарияланған әр мақаламыздан шабыт алып, осы кезеңге жеткеніміз рас.
Сол күні редакцияға келген Қанат есімді болашақ әріптесімізбен бірталай пікір алмастық. Журналист бойында қандай қабілет болуы керек, сауатты жазу үшін жазуға қалай дағдыланудың маңыздылығы, газет материалы дайындалғаннан баспадан шығып, халыққа таратылғанға дейін қаншама маңдай тер мен еңбек жасалатынын айттық. Өз кезегінде жалынды жас пікірін білдірді.
– Арманым – журналистика саласында білікті, білімді, кәсіби маман болу. Сөздің салмағын сезініп, әр ақпараттың жауапкершілігін түсінетін, қоғам сенімін ақтайтын журналист атанғым келеді. Мақсатым – халыққа адал әрі шынайы қызмет ету. Шындықты бұрмаламай жеткізу, елдің үнін естірту, әділдікті сөз арқылы қорғау. Қаламды пайда үшін емес, парасат үшін ұстау. Журналистика – мен үшін жай мамандық емес, аманат. Сол аманатқа қиянат жасамай, ел игілігі жолында еңбек ету – басты мұратым, – деді жас түлек.
Бұл орайда Қанат «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форумға дайындық үстінде екенін айтты. Бұл форумның мақсаты – білім алушыларға кәсіби бағдар беру, олардың болашақ мамандық таңдаудағы саналы шешім қабылдауына бағыт-бағдар беру. Ең алдымен аудандық кезеңі өткен республикалық байқауда Шаған ауылдық мектебінің бітіруші түлегі Қанат Зиятов әділқазылардың төрелігімен І орынды жеңіп алды. «Аудандық кезеңде әділ төрешілердің қолдауы күш берді. Әсіресе білікті ұстаз Жадыра Әкімтаева апай еңбегімді жоғары бағалап, өз кеңесін ұсынды. Талай жыл осы салада елеулі еңбек етіп, мықты шәкірттер тәрбиелеген апайдың ақ батасын алу мені жігерлендірді» дейді Қанат шынайы пікірін білдіріп.
Аталған байқаудың облыстық кезеңінде де топ жарған жерлесіміз жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Жағымды жаңалыққа біз де қуанып, аудандық газет арқылы жастарымызды мақтанышпен насихаттауды құп көрдік. «Мен таңдаған мамандық» номинациясы бойынша талапкерлер арасынан оза шауып, үздіктер қатарынан көрінген шағандық оқушы «Мен шындықтың шамын жаққан журналистика мамандығын таңдаймын» тақырыбын өз жұмысына арқау еткен. Байқау барысында арнайы дайындалған жоба қорғап, онда бұл мамандықты не үшін таңдайтынын, мамандықтың оң және қиын тұстарын, саладағы белгілі адамдармен сұхбат секілді жұмыстар көрсеткен. Қазылар алқасы облыстық кезеңде де Қанат Зиятовтың еңбегін жоғары бағалаған. Бұл ретте талапты жас өзінің жетекшісі Динара Ережімбетованың да еңбегі орасан екенін айтып, ұстазына алғысын білдірді.
Болашақ журналист Қанаттың бұл алғашқы және соңғы жетістігі емес. Бұған дейін түрлі байқауларда топ жарған ол мектеп бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскісі келеді. Кітапты көп оқып, қатарластарының алды болған Қанат оқу – білімнің нағыз шырағы екенін жақсы біледі.
Шынымды айтсам, бұл жағдай менің оқушы кезімді еске түсірді. Бала кезде ұстазымның бағыттауымен дәл осы ұжымға келіп, тілшілерден кеңес алып, әр мақаламның жарық көргеніне қуанып жүргенім әлі күнге есімде. Газет – қасиетті құндылық. Газет бетіндегі «Ақжолтай» айдарымен көпшілікке ұсынылған кітап, шығарма ойлы оқырманының жүрегінен жол тапса, айдар кейіпкерлерінің де шығармашылығы шыңдалатыны рас. Ендеше келешегінен көп үміт күттіретін болашақ журналист Қанат Зиятовқа да ақ жол тілейміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










