Журналистер одағы жаңа мүшелермен толықты
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Журналистер одағы жаңа мүшелермен толықты. Ауданымыздың бірқатар қаламгеріне арнайы куәлік пен төсбелгі табысталды.
Аудандық газеттің штаттан тыс тілшілері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, еңбек ардагері Бақтияр Мырзаш және аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Аружан Мұханбетқали биыл Журналистер одағы мүшелері қатарын толықтырды. Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың қолы қойылып, одақтың арнайы мөрі басылған құжатты аудан әкімі Берік Сәрменбаев журналистер күніне арналған басқосуда салтанатты түрде табыстады.
Марат Омаров өзінің тәлімді жазбаларымен оқырманын әркез қуантып келеді. Қаламгердің қаламынан туған, шынайы оқиғаға негізделген әңгіме, мақалаларды көпшілік күтіп жүріп оқитынын айта кету орынды. Ал жазушы әрі аудармашы Бақтияр Мырзаштың аударма саласындағы жұмыстары оқырманнан өз бағасын алып үлгерді. Еңбек ардагерінің жақында кітабы да жарыққа шықты. Ал жас тілші Аружан Мұханбетқали қарымды қаламгерлер мен білікті журналистердің ізін қуып келеді. Мектеп жасынан аудандық газеттің «штаттан тыс тілшісі» атанған әріптесіміз бүгінде аудан халқын жағымды жаңалықтармен ақпараттандыру жолында еңбек етіп жүр.
Өркениетті елдердің қайсысында болмасын бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде мерзімдік басылым ерекше ықпалдылыққа ие болып келеді. Сол себепті де журналистиканы қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін бірегей сала дейміз. Журналистер – тынымсыз еңбектің адамы. Ал одаққа мүше болу – үлкен сенім. Қазіргідей уақытта сол сенімге, жалпы қаламгерлер атына кір келтірмей абыройлы қызмет ету – парыз. Осы ретте әріптестерімізді мерейлі жетістіктерімен құттықтап, абырой биігінде болуларына тілектестік білдіреміз!
«Тт» ақпарат