Қаламгерлік шеберлік: жазуды қалай үйренеміз?
Жазушы – сөз ұстасы. Ол ағаш шебері секілді. Тек тақтайдың орнына параққа сөздерді қашайды. Десе де ешкім «қалай жазу керек?» деген сауалға біржақты жауап бере алмайды. Бірақ осы күнге дейін жинаған тәжірибені белгілі бір жүйеге келтіруге болады.Жазу дарын ба, әлде дағды ма? Бәзбіреулер: «Бұл тек таңдаулыларға ғана берілген қасиет» дейді. Тағы бір топ «Жазу – өнер» дейді. Бұған келісемін. Десе де бұл нақты жауап деу қате. Кез келген өнер – белгілі бір технология. Суретші ауаға сурет салмайды. Бояуды, кенепті, қылқаламды, үлгілерді қолданады. Қаламгерлер де дәл солай белгілі бір дағдыларды меңгеруі қажет. Кейбіреулер «Жақсы жазу үшін көп оқу керек» дейді. Бірақ тек оқумен шектелсең, қашан жазасың?
Жазу шеберлігі жаттығудан басталады. Ең қарапайымы һәм тиімдісі эссе жазуға дағдылану. Эссе – ойды жинақтауға көмектесетін әдеби форма. Мысалы, Эрих Мария Ремарк «Батыс майданында өзгеріс жоқ» романында оқиғаларды қысқа эсселер түрінде сипаттайды. Жарты бет окоптағы өмір, жарты бет үйге деген сағыныш, тағы жарты бет бомбалау. Осылайша, шағын эсселер үлкен романға айналады. Эссе тақырыбы кез келген нәрсе бола алады. Көлемі екі сөйлемнен бірнеше бетке дейін болуы мүмкін. Бұл – қаламгердің негізгі құралы.
Жазу барысында мынадай қағидаларға мән беру маңызды.
Әуезділік. Сөз тіркестері жүрекке жылы, тілге жеңіл, құлаққа жағымды болуы тиіс. Ойың анық, сөздерің сұлу және оқуға жеңіл болсын.
Шабытты күтпе. Жазу – ол еңбек. Классиктер «шабыт» жайлы емес, жұмыс процесі туралы жазып кеткен. Шабытты күткенше, жазып баста. Әрекет – әркез нәтиженің бастауы.
Бірінші соққы – мықты алғашқы сөйлем. Мәтіннің бірінші жолы басты идеяны жинақтап берсін.
Шаблоннан шық. Сөздерді күнделікті мағынасынан тыс қолдан. Поэзиядағыдай әрбір сөз жаңа реңкке ие болсын.
Қағазды бағала. Компьютерде жазу оңай. Бірақ бұл сөздің құнын түсіріп жібереді. Қолмен жазсаң, ойыңды тереңірек зерттеуге мүмкіндік табасың.
Сондай-ақ жазу барысында миды жаттықтыру маңызды. Жазуға қажетті ең пайдалы жаттығу – абстрактілі ойларды нақтылап, нақты нәрселерді абстракциялау. Мысалы, «Мен қуаныштымын» деу тым қарабайыр.
Жазу – ойдың айнасы. Егер миыңдағы ойлар ретсіз болса, қағазға түскенде тіптен түсініксіз болады. Сондықтан жазу – ең алдымен ойыңды ретке келтіру процесі.
Жазу өнер ме, оны үйрену керек пе деген секілді сан түрлі сауал, соған сай пікір де бар. Оның бәрін жүйелеп жеткізу мүмкін бола қоймас. Түптеп келгенде, кім қалай дұрыс деп таныса, солай. «Барлық мықты жазушы – өздігінен үйренгендер. Оларды ешкім «жазушы» қылып қойған жоқ. Олар өздері бұл өнердің сырын ашуға бел буды. Кейбіріне жолында ұстаздар жолықты. Бірақ бәрібір сол кеңестерді іске асыратын түбінде қаламгердің өзі. Бүгінде жазушылыққа арналған керемет нұсқаулықтар өте көп. Бірақ олардың бәрін оқып шығуға өмірің жетпес. Сондықтан ең әуелі жазуды баста!» дейді жазу өнерін дәріптеген ғалымдар.
Егер сен сөздерді белгілі бір тәртіппен тізіп, сол арқылы оқиға айтып бере алсаң – онда сен жазуға дағдыланып келесің. Жазушы болу үшін ешкімнің рұқсаты қажет емес. Егер жақсырақ жазуға ұмтылып, үйренуге дайын болсаң, сен бұл жолда өсіп келе жатырсың деген сөз. Ал егер табанды еңбектеніп, күн сайын не апта сайын белгілі бір көлемде жазып отырсаң, сені ешкім тоқтата алмайды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз










