Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақын рухы ұлықталды

Ақын рухы ұлықталды

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Балашбек Шағырұлының есімі әдеби ортаға жақын аудан тұрғындарына жақсы таныс. Ақынның қара қаламынан туған шығармалар баға жетпес құндылық ретінде оқырман қауым олжасына айналған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында қаламгердің 80 жылдығына орай ауданда облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткен жыр бәйгесін Ақжарма ауылдық әкімдігі және Ақжарма ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырды. «Жырым сенсің, туған жер» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы карантиндік талаптарға сәйкес онлайн форматта өтті. Мүшәйраға облыс аудандарынан барлығы 10 ақын қатысты.

Талапкерлер бірінші кезеңде ақын Балашбек Шағырұлына арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде қазылар алқасының назарына еркін тақырыптағы туындыларын ұсынды. Шығармашылық байқауға Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов пен ақын Бағдат Есназар бастаған білікті қазылар алқасы төрағалық етті. Олар өлеңдердің мазмұнына, ой мен ұйқастың жүйелі болуына, ақынның өмірі мен шығармашылығы нақты дәлелдермен, тарихи деректермен айшықталуына баса назар аударды.

Мүшәйра қорытындысында ақжармалық Айтмағанбет Темірханов бас жүлдені иеленді. Жүлделі І орын Жалағаш ауданынан қатысқан жас ақын Зылиха Жаңабайға берілсе, ІІ орынға қазалылық Әмит Кәдірбай лайықты деп таныл­ды. ІІІ орынмен шиелілік Дулат Жұмабекұлы мен аралдық Жанаргүл Ибраймова марапатталды. Арнайы жүлдені С.Сейфуллин ауылының атынан қатысқан Бақтөре Айтбаев иемденді. Қалған талапкерлерге ынталандыру сыйлықтары берілді. Мүшәйра жеңімпаздарына бағалы сыйлық пен алғыс хат берілді.

Гүлсім ӘЛЖАНОВА

30 маусым 2020 ж. 1 094 0