Телефон ұстап, белдік тақпағандар қатаң жазаланады
Қабырғаны қайыстыратын қазаның көбісі – жол апатынан келетіні жасырын емес. Жақынынан айырылған жұртшылық темір тұлпардан келетін залалдан арыла алмай отыр. Күн сайын еліміздің әр өңірінде түрлі себеппен жол апаттары тіркеліп, адам өмірі мен денсаулығына зиян келуде. Жол үстіндегі әрбір қателік орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.Алдағы уақытта автокөлік жүргізушілеріне талап күшеймек. Яғни осы жылдың 12 наурызынан бастап, елімізде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Заң аясында елімізде бейнекамера енді рөлде телефон қолдану мен белдік тақпау фактісін тіркейді. Бұл ретте автокөлікті басқарып келе жатып, телефон қолданып немесе қауіпсіздік белдігін тақпаған жағдайда автоматты түрде айыппұл арқалайсыз. Бұған дейін бейнекамералар 6 негізгі бұзушылықты анықтап келген еді. Жылдамдық, бағдаршам, жол белгілері, тоқтау және тұру, бір-бірінен озу ережелері, жаяу жүргіншіге жол бермеу секілді заң бұзушылықтар азаматтарды жауапкершіліктен босатпайды. Кейбір жеңіл құқық бұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту де шығара алады. Бейнекамера жаяу жүргіншілерді емес, тек жүргізушілердің жол ережесін бұзуын ғана анықтайтынын айта кетейік.
Жол апатының алдын алудың ең тиімді жолы – тәртіп пен жауапкершілік. Әр жүргізуші көлікке отырғанда тек өз өмірін емес, өзгенің де тағдырына жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Қауіпсіздік белдігін тағу, жылдамдықты шектеу, телефонға алаңдамау – қарапайым, бірақ өмір сақтайтын қағидалар. Мемлекет тарапынан да жол сапасын арттыру, бейнебақылау жүйесін жетілдіру, заң талаптарын күшейту жұмыстары жалғасуда. Әсіресе цифрлық бақылау құралдары жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруда тиімділік көрсетуде. Расында, адам өмірі – ең қымбат құндылық. Бір сәттік салғырттықтың салдары орны толмас қайғыға айналуы мүмкін. Сондықтан жолда тәртіп сақтау – заң талабын орындау ғана емес, адамгершілік парыз. Жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана біз апат санын азайтып, бейбіт әрі қауіпсіз қоғам құра аламыз. Әрбір жүргізуші жол үстінде сақ болып, өз өмірі мен өзгелердің амандығына жауапкершілікпен қараса, талай қайғылы жағдайдың алдын алар еді.
Бейнебақылау жүйелері бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналды. Әсіресе жол қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бейнекамералардың рөлі айрықша. Алайда олардың тиімділігі ең алдымен техникалық сапасына байланысты. Қазіргі заманғы бейнебақылау жүйелері жасанды интеллект элементтерімен толықтырылуда. Олар адамның қозғалысын, көлік нөмірін, жылдамдықты автоматты түрде анықтай алады. Мұндай мүмкіндіктер құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп, жедел әрекет етуге жағдай жасайды. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи стандарттарға сай бейнебақылау жүйелерін енгізу – уақыт талабы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










