Мәңгі Мұзтаудың құпиясы неде?
Мұзтау - Алтайдағы ең асқақ шың саналғанмен, биіктігі 4509 метр ғана. Бұл әйгілі Эверестің бел ортасынан 85 метр биік деген сөз. Сөйте тұра Гималайды мекен еткен тибет жұртының таңдаулы тақуалары жыл сайын Мұзтауға келіп, мінәжат етеді. Сірә, таулардың қасиеті биіктігімен өлшенбесе керек...
Мұзтауға Өскеменнен жету үшін ары кетсе, 3 күн, әйтпесе 2 тәулік жүресіз. Жол азабын көрікті Қатонқарағайдың тұмса табиғаты ұмыттырып жіберетініне кепілдік береміз. Ең қызығы, жартылай көлікпен, жартылай атпен жеткеніңізде Мұзтау сізді иығына шығармақ түгіл, жүзін де көрсетпей қоюы мүмкін. Гималай асып, айшылық жол жүріп келген талай тақуаның Мұзтау аспанының ашылғанын көрмей, таусылып қайтқанына жергілікті халық талай куә болған. Оған бола қысылып жатқан Мұзтау жоқ. Ұнатпаған адамға тұманын қаптатып, жүзін көрсетпей апталап түнеріп тұра береді. Таудың осы мінезін жазушы Оралхан Бөкей одан бетер тылсымдандырып жіберген. Оның пайымынша, Төр Алтайға табаныңыз тиген сәтте үнемі мұнартып тұратын Мұзтау қос күміс дулығасын көрсетсе, бақытты болам дей беріңіз. Ал Мұзтаудың шыңына өрмелеп шықсаңыз, жаз ортасында онда ауа температурасы 20 градус суықты көрсетіп тұрғады. Жалпы Мұзтауға шығу аса қауіпсіз емес. Тек ол үшін жарты жыл бұрын денеңізді шынықтырып, асай-мүсейіңізді альпинистей қамдап бармасаңыз, жоспарыңыз жол ортада желге ұшары хақ. Кәсіби альпинистер туристер тобын Мұзтауға ертіп шығарғандары үшін ақша алады. Жалпы туристік компаниялар арқылы Мұзтаудың етегіне дейін серуендеп қайту үшін кем дегенде 100 мың теңгеңіз болуы керек. Діттеген орныңыз биіктеген сайын қызмет бағасы да жоғарылай береді.
Гималай мен Мұзтаудың байланысы
Осындай тәкаппар, ит арқасы қияндағы Мұзтауға ел неге құмар? Тибет тақуалары мұнда қай атасының мұрасын іздеп жүр? Бүгінде қос мемлекеттің құндылығына айналған шыңға ресейліктердің өз жағынан шықпай, біздің шекара арқылы өрмелеуінде не құпия бар? Әуелі тибеттіктердің іздегенін түгендеп көрейік. Үндінің «Махабхарата» дастаны Будданың Тибет пен Аграға Мұзтаудан барғанын айтады. Осы дастанға сүйеніп оны буддизмнің ошағына балайтындар көп. Әйтсе де, Мұзтау атымен әйгілі болған шың тек Алтайда ғана бар деуден аулақпыз. Үнділердің тағы бір көне жырында Меру (Мұзтау мағынасында) шыңы бүкіл мұхит атаулының тең ортасында тұрған ұлы бастау деп айтылған. Біздің Мұзтау Үнді, Тынық және Солтүстік мұзды мұхиттардан бірдей қашықтықта жатыр. Осыны білетін тибеттіктер Мұзтауға мінәжат етіп қайтуды екі дүниенің есігі - Шамбалаға тәу ету деп біледі. Бұл шыңның маңайында алтынтамыр мен маралтамыр, шұғынық сынды 200 түрлі аса сирек кездесетін дәрілік шөптер өседі. Дәстүрлі медицинасы дамыған тибеттіктердің көнеден бұл тауды құдырет тұтуының бір ұшығы осында жатуы да мүмкін. Мұзтау қойнауында тереңдігі 500 метрге, ұзындығы 3,8 шақырымға дейін жететін Қамышлы сынды алып үңгірлер бар. Ол үңгірдің түбі жерасты көлдерімен жалғасқан. Кезінде осы үңгірлерде Тибетке дейін апаратын жерасты жолы болған деседі. Ең қызығы, табылған үңгірлердің барлығында адам тіршілігінің іздері қалған. Сол үңгірлердегі түрлі пішінді текше тастар мұнда ежелгі абсерватория болғанын меңзейді. Ал қиялы жүйрік жиһанкездер осы тастарға сүйеніп, Мұзтауды бөгде планеталықтардың жердегі айлағы деп жүр. Осы айтылған деректің бәрі Мұзтау төңірегінде ежелгі Майя тәрізді озық өркениет болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Табиғаттан тылсым, тарихтан сенсация іздеген туристер үшін Мұзтау осы қырларымен құнды.
Ұмай ана мекені
Егер Мұзтау пұтқа табынған тибеттіктердің қағбасы болса, Меккесі бар мұсылманнан саналатын қазақ оны неге қаисет тұтуы керек? Ресейдің Алтай өлкесінде Ақ Бұрхан жайлы ежелгі аңыз бар. Мазмұны түріктердің «Ергеноқон» әпсанасымен сарындас. Қанды шайқаста ойсырай жеңіліс тапқан Алтай билеушісі халқын Мұзтауға паналатып, өзі жасағымен ұзақ сапарға аттанады. Халқымен қоштасып тұрып Ақ Бұрхан міндетті түрде оралатынын, алтайлықтардың мемлекетін қалпына келтіретінін, ол келгенде Мұзтаудың үшбасты шыңы белгі беретінін ескертеді. Өткен ғасырдың басында жер сілкінісінен Мұзтаудың бір басы құлағанда ежелгі аңыз жадында қалған алтайлықтар біраз дүрлігіп басылған екен. Алтай өлкесінің көнекөздері Мұзтауды Үш Сүмер деп атаған. Бұл атау о баста шыңның үш басты болғанын айғақтап тұрғандай. «Түркі академиясы» халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Ергенеқон, Жиделібайсын, Жерұйық, Өтүкен, Ақ Бұрхан аңыздарының бәрі түркі жұртының шығу тарихынан хабар беретін бір ақиқаттың бытырап жеткен үзіктері. Осы қисынға салсақ, Мұзтауда түркілердің ізі қалған. Мұзтау қазаққа сонысымен құнды. Алтайлықтар Мұзтауды Ұмай анаға теңеген (ислам мен христиан діні келгенге дейін). Шыңнан бастау алатын сансыз өзен-көлдің ішінде Ақ Берел мен Ақкемнің сүттей ағарып ағуы ертедегі түркілерге Ұмай ананың сүтіндей көрінген. Алтайдың аталмыш бөлігі сейсмикалық ауданға жатады. Өйткені, 7-8 балдық сілкіністер жиі болып тұрады. Мұздықтар арасымен мұз кесектерінен көшкін жүріп жатуы сол дүмпулердің салдарынан. Сафари жанрының сардары Әлібек Асқаров сол «мұзды бұлақтар» туралы әйгілі жолжазбасында кеңінен әңгімелеген.
Тау етегіне алтын көмілген
Ресейліктердің өз аумағындағы Мұзтауға біздегі бөлігі арқылы өрмелеуін жергілікті компаниялар туристік маршруттың мазмұнымен байланыстырады. Өскеменнен шыққан бойда Ертіске тіреліп, поромға мінесіз. Кеме үстіндегі бір сағаттық сейіл жолсоқты болған тән мен жанды қатар сергітіп жібереді. Поромнан түскен бойда-ақ жел түре қуған бұлттарды қамап тұрған Алтайдың қарлы шыңдары менмұндалай бастайды. Илектелген бұлттардың арасынан Мұзтауды іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Өйткені, ол тек Қабырға ауылына жеткенде көзге ілінеді. Онда да жолыңыз болып, аспан ашық тұрса ғана көресіз. Сол Қабырға ауылынан Мұзтаудың түбіне жеткенге дейін жол бойы тарих пен тылсымға қатар еніп отырасыз. Бір қарасаңыз, Алтайдың адал жыршысы Оралхан Бөкейдің туған ауылы Шыңғыстай қалып бара жатады. Енді бірде түркі өркениетінің құпиясын кеудеге басып Берелдегі патшалар жазығы жатады. Одан әрі қарайғы жолды атпен еңсеруге тура келеді. Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктіктегі Көккөл кеніші де Мұзтауға барар жолда жатыр. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде вольфрам мен молибден қазылған. Бұл жердің басты ерекшелігі, шілденің ортасында да таудың қайсар гүлдерін қар баса береді. Ресейліктер осы тамашаның бәрін бір сапарда қамту үшін Мұзтауға біз жағынан ағылатын көрінеді. «Мен шыңға Ресей жағынан да жақындап көргем. Біздегідей көркем емес. Көккөлдің айна бетіндегі Мұзтау бейнесін суретке алудың өзі бір ғанибет. Соны білетін әккі туристер жол шығынына қарамастан, біз арқылы Мұзтауға келеді» - дейді жергілікті туристік компанияның басшысы Ирина Щеглова. Мұны естіп, «Мұзтау өз пейілін қазаққа бұрған екен-ау» деп ырымдадық. Кейбір зерттеушілер мәңгі тоң құрсап жатқан Мұзтаудың етегінде Шыңғыс ханның сүйегі көмілген деген долбар айтып жүр. Петр патша империяның әскери флотын жасақтарда Мұзтаудың іргесіндегі алтынды қорымдарды тонауға арнайы экспедициялар жіберген деген де дерек бар. Мұзтауға аяқ басу үшін екі елдің шекарашыларына көрсететін рұқсат қағазыңыз болуы керек. Онсыз шекара бұзған қаскөй ретінде істі болуыңыз мүмкін. Ең жеңіл құтылдым дегеннің өзінде айыппұл арқалап қайтасыз. Ондай құжатты Қазақстан тарапынан Қатонқарағай ұлттық табиға паркі беруі тиіс. Шалғайдағы шекара бекеттеріне сіз туралы деректер жетіп, сараланғанша 2-3 апта кетуі мүмкін. Сондықтан, Мұзтауға жазда барғысы келгендер қыстан бастап қамданады.
inform.kz https://www.inform.kz/kz/mangi-muztaudyn-kupiyasy-nede_a3304916