Қытайда әлемдегі ең ұзын шыны көпір салынды
Қытайдың Хэбэй провинциясында әлемдегі ең ұзын шыны көпір салынды. Ол жексенбі күні пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ria.ru-ға сілтеме жасап.
Дереккөзінің жазуынша, Шицзячжуан қаласындағы Хунъягу ауданында орналасқан көпірдің ұзындығы 488 метр, ені 2 метр болады. Көпірдің құрылысы қалыңдығы төрт сантиметр болатын 1 077 шыны панельден құрастырылған. Ол биіктігі 218 метр болатын екі жартастың арасын жалғап тұрады. Көпірдің жалпы салмағы 70 тоннаны құрайды.
Аспалы көпірдің тағы бір ерекшелігі, жолаушылар орта тұсына келгенде ол теңселетін көрінеді. Бұл нысанның 2 мың адамды көтере алатын мүмкіндігі болғанымен, бір уақытта ол жерге тек 500 адам ғана өте алады.
Құрылысты жүргізуге 1,5 жыл жұмсалған. Соңғы жылдары Қытайда шыны көпірлер жиі салынуда.
2016 жылы қыркүйекте Хунань провинциясының Чжанцзяцзе Ұлттық паркінде әлемдегі ең ұзын шыны көпір ашылған болатын. Оның ұзындығы 430 метр, ені 6 метр.
Пікір 2