Білікті маман, абзал жан еді

Иә, көзден кетсе де көңілден кетпейтін бейнелер болады. Байырғы әріптесіміз, бүгінде өзі өмірден өтсе де сүбелі сөзі, еселі еңбегі, ізгі істері жадымызда жаңғырып тұрған Гүлсім Әлжанованың жарқын бейнесі әлі күнге біздің көз алдымызда. Оқта-текте әріптестерімізбен бас қоса қалсақ, ардақты жан туралы тек жақсы естеліктер айтылады. Бұл – ол кісінің болмыс-бітімінің, қадір-қасиетінің, тіпті көзқарасы мен ұстанымының да ортақ мүдде жолындағы мақсатты жұмыстармен ұштасып жатқанын анық аңғартса керек-ті. Расында да ол кісі редакция үшін жаралғандай, дизайндық штат сол кісінің құрметіне ашылғандай, бар ғұмырын басылымға арнаған кәсіби білікті, іскер, тәжірибелі маман еді.
Архивтік құжаттарды, жеке күнделігімді ақтарып отырып, «Ұжым мақтанышы – Гүлсім Әлжанова» деген тақырыпта жазған дүнием көзге оттай басылды. 2022 жылдың 28-інші қаңтарында жазыппын. Тура үш жыл бұрын. Сол кезде үш жылдан кейін ардақты жанның рухымен сырласып, өткен шақта ой тербеймін деп кім ойлаған?! Сол жазбамда «1993 жылдан бері аудандық газет редакциясында табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Гүлсім Әлжанова бүгінде «Ұжым мақтанышы» деген атқа әбден лайықты әріптестеріміздің бірі де бірегейі. Газеттің сәніне, көз сүйсінерлік сыртқы келбетіне, бір сөзбен айтқанда дизайнына жауапты маманды өз ісінің нағыз шебері десек қателеспейміз. Өмірлік тәжірибесі мол, өткен күннің бүгінге, бүгіннің болашаққа деген аманат сөзін арқалаған, үлкен-кішіге үлгі-өнеге көрсете білген, жастардың жанашыры атанған тамаша жанның бүгін төл мерекесі, туған күні. Ендеше өзімнің және әріптестеріміздің атынан Гүлсім Ахметжанқызын бүгінгі төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын» деп бастаппын.
Шамамен 2003-2004 жылдар болуы керек. Мен 3-4-сынып оқушысымын. Мектепішілік іс-шараларды газетке ұсынуға бейім едім. Оған ұстаздарым мен ата-анам әркез мәз болып, қуанатын. Менің редакцияға әкелген мақалаларымды аққұба, әдемі апай қабылдап алатын. Ол кісі бас редактордың жиналыстарда екенін айтып, «мақаланы тастап кетсең болады» деп айтатын. Арада бір-екі күн өткеннен кейін мақалам газетке жарияланады. Сол күні журналист болсам деген бала күнгі асыл арманыма қанат бітіп, шабыттана түсемін. Күні бойы қуанып жүріп, ел жатқанда да тәтті ойға берілемін. Сөйтіп түс көремін. Түсімде тағы да тырнақалды туындымды құшақтап редакцияға келемін. Алдымнан аққұба жүзді, әдемі апай шығады. Күлімсіреп қарсы алып, талабыма сәттілік тілеп, арқамнан қағып шығарып салады. Міне, менің журналистикаға алғашқы қадамдарым осылай басталған және бүгінгі күнгі жетістіктерімнің астарында бала күнімде шабытыма серпіліс сыйлаған сол бір аққұба жүзді, әдемі Гүлсім апайдың да өзіндік үлесі бар.
Арада уақыт зымырап өтіп жатты. 2011-2014 жылдары Шымкент қаласынан жарыққа шығатын республикалық басылымда еңбек еттім. Жұмысым, жалақым жақсы болса да ауылға аңсарым ауады да тұрады. Республикалық газеттегі жауапты хатшылық қызметімді өзім туып-өскен аудандық газеттің тілшілік қызметіне ауыстыруға да бекінген едім. Сөйтіп аудандық газеттің электронды почтасына смс-хабарлама жазамын. «Сіздерде бос орын бар ма?» деймін. Жауап тез келеді. Бірақ бос жұмыс орнының жоқ екенін, байланыста болуым қажеттігін айтады. Ол жауапты да Гүлсім апай жазатынын кейін білдім. Содан не керек Мүсілім ағамыз зейнет демалысына шығатын болып, Рамазан Тайманов көкем «ауылға қайт» деп күнде хабарласып, Гүлсім апа да «бір бос жұмыс орны босап қалады-ау» деп хабар беріп, бір күнде ауданға тарттым да кеттім. Бас редактор Сәуле Ерімбетованың қабылдауында болып, сол кездегі «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың қолдауымен бір жетіде аудандық газеттің алғашында операторы, кейін тілшісі болып қызметке кірісіп кеттім. Айтайын дегенім, ауданға келуіме де Гүлсім апайдың өзіндік үлесі болды. Мұны Гүлсім Ахметжанқызының жұмыс істеуге, еңбек етуге талпынған жасқа деген жанашырлығы, қамқорлығы деп білемін.
2017-2019 жылдары аудандық газеттен аудан әкімдігіне қызмет ауыстырдым. Алғашында аудан әкімінің баспасөз хатшысы кейін көмекшісі қызметін қатар алып жүрдім. Баспасөз қызметі бір бөлім атқаратындай ауқымды жұмыс жүктелетін қызмет болғанымен, бір ғана маман атқаратын жұмыс. Кейде үлгермей жатамын. Әсіресе аудан әкімінің қатысуымен өтетін жиналыстардың суреттерін өңдеуге көп уақыт кетеді. Ондайда редакцияның дизайнері Гүлсім апайға өтініш айтамын. Ешқашан жоқ демейді. Қолдан келгенше көмегін аямады. Бұл менің жұмысымның ілгері басуына, сапалы әрі уақытылы жүруіне көп септігін тигізді. Осылайша аталған қызметтерді жақсы деңгейде атқарып 2019 жылы аудандық газетке бас редактор болып тағайындалдым. Мені тағы да аққұба жүзді, әдемі Гүлсім апай бастаған әріптестерім қуана қарсы алды. Бірлігі бекем, тірлігі көркем ұжымға ата-анам шашу шашып, құтты болсын айтып келгенде де Гүлсім апаның ақ тілегі, бала күнімнен редакцияға әуестігім туралы айтқан естелігі көңілімді тербеп, жұмысқа деген құлшынысымды арттыра түсті. Осылайша, бір ұжымда бір мақсат жолында бірлесе еңбек еттік. Жаңа жобаларды жүзеге асырдық. Газеттің сапалық мазмұнымен қатар дизайнын да қолымыздан келгенше жетілдірдік. Ол еңбегіміз бағаланып, Гүлсім Ахметжанқызы бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің, «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының Алғыс хатына, мерейтойлық төсбелгілерге ие болды. «Алтын дән» мерекесінде марапат тұғырынан көрінді. Ең бастысы, әріптестерінің, газет оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді.
Білікті маман отбасында да аяулы жар, асыл ана болды. Отбасының тірегі Жаппар (шын есімі – Жаппарбек) ағамыз да редакцияның бір қызметкері секілді ұжымның тойы мен қуанышынан қалмайтын. Тіпті талай ұжымдық сапарлар мен саяхаттарға да бізбен бірге барып, көңілді отырыстардың шырайын кіргізетін. Көңілі кең, жаны жомарт азамат текті, тәрбиелі, терең еді. Үлкендер жағы «Жаппар төре» деп төрден орын берсе, кейінгі буын жастар жағы «Жаны ізгі Жаппар аға» деп құрмет тұтатын. Берекелі отбасының ырыс-құты болған Жаппар аға мен Гүлсім апаның бір-біріне деген құрметі, жарасымды әзіл-қалжыңы, мейір-шапағаты мен махаббаты біздің көңіліміздің төрінде сақтаулы. Жаппар ағамыз 2021 жылы өмірден өтсе, Гүлсім апа 2023 жылдың 25 ақпанында бақилық сапарға аттанды. Артында ардақты анасы, ағайын-туысы мен ұрпағы, біз секілді қимайтын, сағына еске алатын әріптестері қалды. «Уақыт әрі сыншы, әрі емші» деген нақыл сөз бар. «Жақсылықты жақсы адам ғана бағалай біледі» дейді даналар. Ендеше уақыт өткен сайын жақсы істері жадымызда жаңғырып, әріптестері сағына еске алатын абзал жандардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық газеттің
2019-2024 жылдардағы
бас редакторы