Естеліктер жинақталуда
Елге еңбегі сіңген ардақты азамат, есімі сырбойына белгілі кәсіпкер меценат, өмірінің соңына дейін қоғамға қызмет етіп, қажырлы еңбегімен ел-халықтың алғысын арқалаған Есенов Расул Әбутәліпұлы туралы өткен шақта ой қозғап, қалам тербейміз деп кім ойлаған... Сірә, бұл ауыр жағдай өмірдің өткінші екенін тереңірек аңғартса керек-ті.
Көзден кетсе де көңілден кетпейтін Расул Есеновтің есімі бір емес, жүздеген, тіпті мыңдаған жүректе мәңгі сақталары анық. Мұндайда данышпан ақын Абай Құнанбайұлының «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған» деген мағыналы сөзі еске түседі. Осы орайда аудан халқымен, жоспарымызды бөлісіп, ойласқалы отырмыз. «Нар тәуекел!» деп іске кірісуімізге негіз болып, қолымызға қалам алғызған бұл жұмысымыз – бірімізге аға, бірімізге іні, енді бірімізге әріптес-дос, қадірлі замандас болған, өзі өмірден өтсе де артында өшпес із де, іс те қалған Есенов Расул Әбутәліпұлы жөнінде жазылатын ғұмырбаяндық кітап болмақ. Әрине, ардақты азамат туралы өткен шақта ой сабақтап, естеліктерді жаңғырту оңай емес... Бірақ, уақыт, қоғам бізге осыны жүктеп отыр.
Бұл кітапты жазуды бізге әулет үлкендері мен аудан басшылығы нықтап тапсырып, үлкен сенім артып отыр. Сол сенімге селкеу түсірмей, ізденіс жұмыстарын бастап та кеттік. Ғұмырбаяндық кітап 5 бөлімнен құралмақ. Жалпы бөлімде Р.Есеновтің шыққан тегі, балалық шағы, отбасы, қалыптасу кезеңі, еңбегі және өмірінің соңғы жылдарына дейінгі атқарған қызметі мен жоспарлары қамтылады. Екінші бөлімде облыс, аудан басшыларының, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарының, әріптес азаматтардың, достарының естеліктері жинақталса, үшінші бөлімге ата-анасының, бауырларының, жұбайы мен балаларының, жалпы туған-туыстың, құда-жегжаттың естелігі топтастырылады. Сондай-ақ суреттер бөлімі мен меценат Расул Есенов негізін қалаған «Углесбыт» серіктестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары жөнінде кең көлемді ақпараттар енгізіледі.
Осыған орай айтар ұсыныс-пікірлеріңіз, ұсынар естеліктеріңіз болса, аудандық газет редакциясына хабарласуларыңызға болады. Абырой биігіндегі Расул Әбутәліпұлы ауданға ортақ азамат еді, сондықтан кітапты құрастыру, жарыққа шығару – ортақ іс деп есептейміз. Ортақ іске Расул Есеновті танитын, сыйлас болған, етене жақын араласқан, шапағатын сезінген азаматтар белсене атсалысады деп сенеміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ