Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл ветеринариясында қолтаңбасы бар маман

Ауыл ветеринариясында қолтаңбасы бар маман

Ветеринария – бүкіл адамзатты емдеп, қызмет ететін жауапкершілігі мол сала. Аманкелді ауылының байырғы тұрғыны Нұрболат Жүсіпов қырық екі жылдан бері осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, тәжірибелі маман атанған азамат. Бүгінде 64 жасқа келген ел ағасы ауыл тұрғындарының төрт түлік малының сауығуына, түрлі аурудың алдын алуға күш салып келеді. Зейнеткерлік жасқа келсе де басшылық тарапынан айтылған ұсынысты қабылдап, жауапкершілік пен талапты жоғары қойып, абыройлы еңбекті жалғастыруда.

Кезінде қой шаруашылығы дамыған туған ауылы Аманкелдіде туып-өскен Нұрболат Шайхисламұлы қатарластары секілді совхоздың белді ветеринары атану үшін білім іздеп, Сарығаштағы Қапланбек жоғарғы санатты зооветеринария техникумына оқуға түсіп, диплом алады. Алғашқы еңбек жолын жас маман туған ауылдан жырақ жатқан Көкшетаудың Чистополе ауданында ветеринар болып бастайды. Сонда төрт жыл бойы табанды еңбек еткен соң ғана туған жерге оралып, ауылдағы мал фермасында жинаған тәжірибесінің арқасында қаракөл қой шаруашылығын дамытуға үлес қосады.

– Ветеринария қиындығы мол сала. Бүкіл адамзатты емдейін дәрігер ауырған жерін айтуға тілі жоқ жануарды емдейді. Бұл медицинаға қарағанда сонысымен де ауыр. Яғни ешқандай медициналық құрылғысы жоқ салада мал басын сақтауға үлес қосатын мал дәрігерінің еңбегін ең қиын сала деп айтуға болады. Осындай ауыртпалығы ұшан-теңіз салада қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Жыл сайын мал арасында кездесетін аурудың көптеген түрін емдеуге, алдын алуға екпе жүргіземіз. Күнкөрісін малмен тығыз байланыстыратын тұрғындарға мал саулығы аса қымбат. Жұмысқа таңның атысымен кірісіп, кешқұрым аяқтауға дағдыландық. Кейде уақытпен санаспауға тура келеді. Қорасында малы ауырып тұрған адам алдымен бізге келеді. Көмегімізді беріп, дәрі егіп, малды аман алып қалуға тырысамыз. Осылай жүріп, осынша уақыт та өтіпті, – дейді ардагерлікке аяқ басқан Нұрболат Шайхисламұлы.

Ферманың мал дәрігері болып еңбек еткен ел ағасы бүгінде соңынан ерген мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуден жалықпайды. Төрт түліктің тілін түсінетін маман өзі бас болып, жануарларда кездесетін сан түрлі аурудың алдын алуға байланысты іс-шараны жүргізуге атсалысады.

Сібір жарасы, аусыл, надуларлы дерматит, күл (оспа), оба, эхиноккоз, құтыру, лептоспироз, пастерилиоз, вирусты диарея секілді ауруларға вакцинаны жылына екі рет, бруцеллез, туберкулез ауруларына қарсы қан алу, тексеруді де жылына екі мәрте жүргізеді.

– Ауылдағы ветеринарлық пункте 4 маман жұмыс жасаймыз. Өз міндетімізге жауапкершілікпен қарап, тіркеудегі 3099 мүйізді ірі қара, 2398 ұсақ мал, 1947 жылқы мен 282 түйенің ауыруға шалдықпауын алдын аламыз. Вакцинаның уақытылы егілуіне күш саламыз. Осы уақытқа дейінгі еңбегім бағаланып, түрлі марапат иесі де атандым, – дейді сала маманы.

Нұрболат аға зайыбы Тұрсынай Тілеуғабылқызымен 2 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп өсіріп, ұрпа­ғынан немерелер сүйіп отырған бақытты отбасы. Еліне қалаулы азамат адал еңбегі арқылы қызметте де, ағайын-туыс арасында да құрметті. Өзге салаға қарағанда, қытымыр аязда, жауында, аптап ыстықта дамыл көрмей мал амандығына қызмет еткені кейінгі тол­қынға үлгі-өнеге.

Бибісара ЖАНӘЛІ
13 маусым 2026 ж. 238 0