Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке ізін жалғаған мал дәрігері

Әке ізін жалғаған мал дәрігері

Ветеринария – жануарлардың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және оларды емдеу­мен айналысатын маңызды ғылым саласы. Бұл бағыт мал шаруашылығының дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапалы болуына және адам денсаулығын қорғауға тікелей ықпал етеді. Осы салада ұзақ жыл бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан маманның бірі – Дәурен Мұсағұлов.

Кейіпкеріміз бұл мамандық­ты таңдаған күннен бастап өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, жануарлардың саулығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Еңбек жолында түрлі жағдайларды бастан өткеріп, мол тәжірибе жинақтаған маман кәсіби біліктілігін шыңдап, өз ісінің білгіріне айналды. Сонымен қатар үй жануарлары мен ауыл шаруашылығы малдарына ветеринариялық көмек көрсетіп, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу бағы­тында жүйелі жұмыстар жүр­гізуде. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне де өз үлесін қосып келеді.

Ауыл шаруашылығы сала­сының маңызды буыны саналатын ветеринария қызметінде еңбек етіп жүрген азаматтың еңбек жолымен етене таныстық. Мал шаруашылығының дамуына үлес қосып, төрт түліктің саулығын сақтауды басты міндет санаған Дәурен Бекзадаұлы бүгінде ел құрметіне бөленіп жүрген білікті мамандардың қатарында.

Дәурен Мұсағұлов еңбек жолын 2013 жылы сол кездегі О.Мәлібаев ауылдық округінде бастады. Алғашқы жылдардан-ақ өзіне жүктелген міндеттерді жауап­кершілікпен атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Кейін С.Сейфуллин ауылдық округінде қызмет етіп, ауыл тұрғын­да­рының мал шаруашылығын дамытуына және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосты. Ал 2019 жылдан бері Тереңөзек кен­тіндегі ветеринариялық пункттің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Білім мен тәжірибені ұштас­тыруды мақсат еткен маман Қызылорда аграрлық коллед­жінде сырттай білім алып, кәсіби деңгейін жетілдірді. Бүгінде жануарлар арасында кез­десетін аурулардың алдын алу, екпе жұмыстарын жүргізу және тұрғындарға сапалы вете­ринариялық қызмет көрсету ба­ғытында аянбай еңбек етуде.

Мамандық таңдауда әкесінің өнегесі ерекше әсер етті. Әкесі Бекзада Мұсағұлов 40 жылдан астам уақыт ветеринария саласында еңбек еткен тәжірибелі маман. Дәурен Бекзадаұлы да бала кезінен осы мамандыққа қызығушылық танытып өсті. Әке жолын жалғаған азамат бүгінде өз еңбегімен ел сеніміне ие болып, ветеринария саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

– Менің ветеринария саласына келуіме ең үлкен әсер еткен адам – әкем. Бала кезім­нен оның еңбек жолын көріп өстім. Әкемнің малға деген жанашырлығы, әр іске жауап­кершілікпен қарауы мен үшін үлкен өнеге болды. Кейде түннің бір уақытында да мал ауырса, көмектесуге асығып шығатын. Осындай еңбекті көріп өскендіктен, мен де бола­шағымды осы саламен байланыстыруды жөн көрдім. Ветеринария – тек мамандық қана емес, ол үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ете­тін сала. Өйткені тілсіз жан­уар­лардың дерті мен жағдайын түсініп, дер кезінде көмек көр­сету оңай емес. Әрбір мал иесі өз төрт түлігінің аман­дығына алаң­дайды. Сон­дықтан бізге артылатын сенім де жоғары.

Еңбек жолымда түрлі жағ­дай­ларды бастан өткердім. Кейде күрделі ауруларға шал­дыққан жануарларды емдеп, аман алып қалуға күш сала­мыз. Осындай сәттерде атқар­ған еңбегіңнің нәтижесін көру ерекше қуаныш сыйлайды. Әсіресе ауруынан айыққан малды көріп, оның иелерінің алғысын естігенде жұмысыңның маңызын тереңірек сезінесің. Бүгінде ветеринария саласы қарқынды дамып келеді. Заманауи талаптарға сай жұмыс істеу үшін үнемі ізденіп, білімі­мізді жетілдіріп отыруы­мыз қажет. Мен үшін бас­ты мақсат – жануарлардың саулығын сақтауға үлес қосып, тұрғындарға сапалы ветери­нария­лық қызмет көр­сету. Әке жолын жалғастыру – мен үшін үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік. Алдағы уақытта да өз ісіме адал болып, ветеринария саласының дамуына қызмет ете беремін, – дейді сала маманы Дәурен Бекзадаұлы.

Қарапайымдылық пен еңбек­­қорлықты өмірлік ұста­нымына айналдырған маман үшін отбасының қолдауы мен ата-ананың ақ батасы – еңбек жолындағы басты күш-қуат көзі. Өз ісіне адалдық танытып жүрген маман алдағы уақытта да ветеринария саласының өркендеуіне қызмет етіп, халық игілігі жолында еңбек етуді бас­ты мақсат санайды.

Жануарлар саулығын сақ­тауды өмірлік міндетіне айнал­дырған Дәурен Мұсағұлов ал­дағы уақытта да өз ісіне адал қызмет етіп, ветеринария сала­сының дамуына үлес қоса бермек.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
13 маусым 2026 ж. 224 0