Редакцияға еңбегі сіңген ардақты жан еді
Қайран өмір-ай?! Біреуге ерте, біреуге кеш келетін сұм ажал неткен суық едің? Қабырғамызды қайыстырған қазаның орны ешқашан толмаса да, аяулы әріптесіміз Гүлсім Әлжанова туралы жылы естелік айту парызымыз деп білемін.
Ардақты жан, аяулы ана, сүйікті жар болған Гүлсім Ахметжанқызы туралы өткен шақта айту қандай қиын десеңізші? Күні кеше ғана ортамызда жайраңдап отырушы еді. Шағын ұжымды өзінің жарасымды әзілімен, сыңғырлаған күлкісімен өзіне баурап алатыны көңілімізде сайрап тұр.
Гүлсім көп балалы отбасында туып-өсіп, өзі де көп балалы шаңыраққа келін болып түсіп, өмірлік қосағы Жаппарбек ағамен мәнді де мағыналы өмір сүрді. Дүниеге ұрпақтарын әкеліп, ағайын-туысқа, жора-жолдасқа сыйлы болды. Өмірге құштар жан Тереңөзекке Ақжармадан қоныс аударғаннан кейін еңбек жолын аудандық редакцияда бастап, осында табан аудармастан өмірінің соңына дейін қызмет етті. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, қызметте жоғарылады. Ізденімпаз, алғыр, ой-өрісі кең маман ретінде аудандық басылымның әрбір номерінің сапалы шығуына атсалысты. Аудан айнасы "Тіршілік тынысы" газетінің осы уақытқа дейін шыққан барлық санында Гүлсімнің қолтаңбасы бар, қосқан үлесі зор. Қиын-қыстау кезінде де газеттің оқырманға жетуіне күндіз-түні еңбек етіп, Қызылода қаласында теріліп, қатталып, басылып шығуына маңдай терін төкті. Қызметіне деген адалдығы кейінгі кадрларға үлгі болды десек артық айтқандық болмас. Оның адамгершілік қасиеті мен кісіге деген сыйластығы керемет еді. Үлкенді үлкен деп сыйлап, кішіге қамқор болу анасының сүтімен қанына дарыған қасиет болса керек. Қажет жерінде батырып та, жылатып та, жұбатып та айтатын қайсар мінезіне тәнті болатынбыз. Кездескен кедергілерге төтеп беруге, тек қана жақсылыққа ұмтылуды біздер Гүлсімнен үйрендік.
Кейінгі кезде жүрегі сыр берді ма, ауырыңқырап жүрсе де жұмыстан қалмай, соңғы сәтке дейін ұжыммен бірге болды. Біздің Гүлсімді соңғы рет көруіміз аптаның жұма күні болатын. Әдеттегідей осы күні газет баспаға жіберілетіндіктен күн ұзағына, кешқұрымға дейін созылатын жұмыс күні еді. Газеттің төрт бетін де қаттап, баспаға жіберлігеннен кейін "мен болдым, шыдамай барамын, үйге барып демаламын" деген сөзі біз үшін соңғы сөз, соңғы көруіміз болады деп кім білген. Әттең сол күн қайта келсе, жанына жалау болып түп-түгел қасында қалушы ма едік?
Ертесіне ауруханаға түскенін балаларынан естіп, "ауырып тұрдым, аунап тұрдым" дегендей тезірек арамызға оралатына сендік. Бірақ, дертіне шипа іздеген жанды облыс орталығына алып кетіп, жабырқаған жанымыз үрейлене түсті. Екі аптаға созылған ем-домнан кейін телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік туғанда ұжым болып қуандық. Дауысын естіп, тамақ алысының жақсарғанын біліп, барлығы артта қалғанына сендік. "Жағдайым жақсы, тек сол жағымның жансызданғаны болмаса, бәрі жақсы" деп үміттен гөрі күдіктің басым болған дауысы кабинетте ұзаққа дейін жаңғырып тұрды. Арада бірнеше күн өткенде әпкесінен "қаладағы анасының үйіне шығарылды" деген хабарды естіп, тағы да қуандық. Бірақ бұл қуанышымыз бір күнге де созылмады. Сол күні ертесіне қалалық ауруханаға қайта түсіп, мәңгілік мекеніне жүріп кетті. Бас-аяғы 22 күнге созылған осындай ауыр жағдайға қапаландық, жаны жайсаң жанды өлімге қимадық, сенбедік.
Амал қанша, Алланың әміріне қарсы келер шама бар ма? Жолдасымен бала-шағасын өсіріп, жаңа баспана тұрғызып, оның рахатын да ұзақ көрмеді. Бізге жас болғанымен, балаларының алдын үйлендіріп, немерелер сүйгеніне шүкірлік еттік. Ендігі жерде жасамаған жасын артында қалған ұрпағына берсін деп тіледік. Алла, Гүлсім Ахметжанқызын өз мейіріміне бөлеп, жаның жәнната ете гөр деп тілейміз! Алды пейіш, арты кеніш болсын! Біздің жүрегімізде мәңгі қаласыз, Гүлсім апа!
Бибісара ЖАНӘЛІ