Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала жұмысының ауқымдылығы жоғары

Сала жұмысының ауқымдылығы жоғары

Бүгінде ветеринариялық стансаның қызметі – жануарлардың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу жұмысын жүзеге асыратын маңызды құрылымға айналған. Ветеринария саласы тек жануарлардың саулығын қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Халық денсаулығын қорғауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал ететінін жақсы білеміз. Осы тұрғыдан алғанда ветеринариялық стансалардың қоғамдағы рөлі айшықты. Аудан көлемінде ветеринария станса мекемесі жоғарыда аталған міндеттің басым бөлігін жүзеге асыруда. Бұл ретте, мекеме басшысы Нұрлыбек Дәулетбаевпен саладағы атқарылған жұмыс жөнінде сұхбаттастық.

– Нұрлыбек Ахметұлы, сіз же­текшілік ететін саланың негізгі басым бағыты қандай?

– Ветеринариялық стансаның негізгі мақсаты – жануарлар арасында кездесетін жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу, олардың таралуына жол бермеу және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл мекеме жануарлардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, түрлі профилактикалық шараларды жүзеге асырады. Оның ішінде, вакцинациялау, диагностикалық тексерулер жүргізу, ауру жануарларды емдеу, дезинфекциялау жұмыстарын ұйымдастыру және эпизоотиялық жағдайды бақылау сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, аудан көлемінде ве­теринариялық-санитариялық талапты сақтау, эпи­зо­отиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жан­уарларға қатысты санитариялық жұмыстарды ұйым­дастыру бағытында тиісті жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта өзіммен қосқанда 68 маман мен қызметкер жергілікті халық игілігіне қызмет қылуда. Сала мамандарының еңбегі орасан. Таңғы 4.00-ден бас­тап, көпшіліктің мал қорасынан табылып, төрт-түліктен қан алады. Күні-түні ауырған малды емдеп жазады.

– Эпизоотияға қарсы ветери­на­риялық іс-шара қалай жүзеге асуда?

– Ветеринариялық қызмет мамандары тарапынан жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында жүйелі түрде ветеринариялық-профи­лактикалық іс-шара жүргізілуде. 2026 жылға аудан бойынша эпизоотияға қарсы аса қауіпті 12 түрлі ауруға қарсы меженің алғашқы 5 айға белгіленген көрсеткіштері толық көлемде орындалып, 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізілді. Жануарлардың денсаулығын бақылау және жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында тұрақты түрде диагностикалық зерттеулер жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың алғашқы 5 айында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, 26 бас мүйізді ірі қара малынан сарып (бруцеллез) ауруы анықталды. Атап айтқанда, А.Тоқмағанбетов ауылдық округінде – 22 бас, С.Сейфуллин ауылдық округінде – 1 бас, Қалжан ахун ауылдық округінде – 1 бас және Бесарық ауылдық округінде – 2 бас мал ауруға оң нәтиже көрсетті. Аурудың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында анықталған малдар Қазақстан Республикасының ветеринариялық-санитариялық талаптарына сәйкес оқ­шауланып, облыстық ветеринария басқармасы мен Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы ЖК «Арнұр» арасында жасалған келісім-меморандум негізінде арнайы сою пунктіне өткізілді. Бұл шаралар аудан аумағындағы эпи­зоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және мал шаруашылығы саласының қауіпсіз дамуына бағытталған маңызды жұмыстың бірі болып табылады.

– Энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша қандай жұмыс жасалуда?

– Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін энзоотиялық аурулардың алдын алу және олардың таралуын болдырмау мақсатында ветери­нариялық-профилактикалық іс-шара тұрақты түрде жүргізілуде. 2026 жылға аудан бойынша энзоотиялық ауруларға қарсы 6 түрлі ветеринариялық іс-шаралар жоспары бекітілген. Атап айтқанда, тейлериоз ауруына қарсы – 14 000 бас, сақау ауруына қарсы – 8 000 бас, бауыр құрт ауруына қарсы – 11 000 бас, қатпа ауруына қарсы – 1 000 бас, гастрофилезге қарсы – 6 000 бас және пироплазмоз ауруына қарсы – 8 000 басқа профилактикалық өңдеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Бекітілген жоспарға сәйкес ветеринариялық мамандар тарапынан тиісті профилактикалық жұмыс кезең-кезеңімен іске асуда. Эпизоотиялық және энзоотиялық ауруға қарсы іс-шараларды жүргізу барысында пайдаланылған ве­теринариялық препараттардың бос құтылары, флакондары, шприцтері мен инелері қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында арнайы тәртіппен жойылады. Бұл жұмыс «Ветеринарияда пайда­ланылатын дәрілік заттар мен биологиялық препараттар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентіне сәйкес жүргізілуде. Осы талаптарға сәйкес пайдаланылған медициналық және ветеринариялық қалдықтар арнайы мамандандырылған ұйым – «ЭКО-Н Сервис» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне өткізіліп, белгіленген тәртіп­пен залалсыздандырылып жойылады. Аталған жұмыстар аудан аумағындағы вете­ринариялық-санитариялық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге, жануарлар денсаулығын сақтауға және жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге бағытталған маңызды шараның легі саналады.

– Сібір ошағына байланысты кеңінен мәлімет келтірсеңіз..

– Аудан аумағындағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында сібір жарасы ошақтарына тұрақты бақылау жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша 6 елді мекенде орналасқан 6 сібір жарасы ошағы тіркелген. Атап айтқанда, Жетікөл ауылдық округіндегі «Шошқа ауыл», Қоғалыкөл ауылдық округіндегі «Сары құм», Шіркейлі ауылдық округіндегі «Ескі коровник», Шаған ауылдық округіндегі «Ескі шаған», Ақжарма ауылдық округіндегі «Күміс қорған» және бұрын О.Мәлібаев ауылына қарасты болған, қазіргі уақытта Тереңөзек кентінің аумағына кіретін «Құндызды» учаскесі сібір жарасы ошақтары ретінде есепке алынған. Аталған ошақтың барлығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес қоршалып, табандары цементпен бетондалған. Арнайы ескерту белгісі орнатылған және мемлекеттік жер актілері рәсімделген. Бұл жұмыс қауіпті инфекция ошағының сақталуын бақылауға және олардың қоршаған ортаға әсерін болдырмауға бағытталған. Сырдария ауданы бойынша 1948-2002 жылдар аралығындағы «Сібір жарасынан қолайсыз стационарлық пункттердің кадастрында» 7 елді мекенде орналасқан 8 сібір жарасы ошағы көрсетілген. Осыған байланысты 2015-2016 жылдары аудан аумағындағы сібір жарасы ошақтарының нақты орналасқан орындарын анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (КазНИВИ) мамандарымен бірлескен экспедициялық зерттеу жұмысы жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде, Тереңөзек кентінің орталығында орналасқан «Заготконтора» және «Ветлечебница» деп белгіленген екі сібір жарасы ошағының нақты координаттары анықталмағаны белгілі болды. Аталған аумақта сібір жарасымен ауырған мал өлекселерінің көмілгендігі туралы нақты деректердің болмауы және уақыт өте келе бұл жерлерде тұрғын және өндірістік нысандардың салынуына байланысты оларды «Сібір жарасынан қолайсыз ста­ционар­лық пункттердің кадастрынан» алып тастау жөнінде ұсыныс енгізіліп, қазіргі таңда тиісті жұмыс жасалынуда. Ауданға қа­рас­ты кент пен ауылдық округтер ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған 14 мал көміндісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, 10 мал көміндісі типтік жоба талаптарына толық сәйкес келеді. Ал Қалжан ахун, Аманкелді, Айдарлы ауылдық округтері мен Тереңөзек кентіндегі 4 мал көміндісі белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты ауданның ветеринариялық-санитариялық инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында 2026 жылға Қалжан ахун, Аманкелді, Айдарлы ауылдық округтері және Тереңөзек кенті бойынша типтік жобадағы 4 жаңа мал қорымын салу жөнінде Қызылорда облысының ветеринария басқармасына ұсыныс берілді. Бұл жұмыстар ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны қорғауға және аса қауіпті аурулардың таралу қаупін төмендетуге бағытталған.

– Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдей­лендіруге қатысты ақпарат айтасыз ба?

– Қазақстан Республикасы Ауыл шар­уа­шылығы министрлігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес аудан аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдей­лендіру уақытылы іске асады. Жануарларды бірдейлендіру – олардың қозғалысын бақылауға, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уа­қытылы жүргізуге, эпизоотиялық ахуалды тұрақты қадағалауға және жануарлар туралы мәліметтердің бірыңғай дерекқорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. 2026 жылға аудан бойынша 10 000 бас мүйізді ірі қара, 8 000 бас ұсақ мал, 4 000 бас жылқы, 15 бас түйе және 30 бас шошқаны бірдейлендіру жоспары бекітілген. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес 3 491 бас мүйізді ірі қара, 6 944 бас ұсақ мал, 1 184 бас жылқы, 101 бас түйе және 25 бас шошқа бірдейлендіріліп, дерекқор базасына енгізілді. Қазіргі уақытта Сырдария ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық дерекқорында 39 271 бас мүйізді ірі қара, 26 465 бас ұсақ мал, 27 652 бас жылқы, 1 699 бас түйе және 90 бас шошқа тіркелген. Жануарларды толық әрі сапалы бірдейлендіру ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мал басының нақты есебін жүргізуге және мемлекеттік ветеринариялық бақылаудың тиімділігін арттыруға жағдай жасалады.

– Ауданда Конго-Қырым геморра­гиялық қызбасының қанша ошағы тіркелген?

– Биыл Сырдария ауданы бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына 5 елді мекен (Тереңөзек кенті, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Қоғалыкөл) қолайсыз болып анықталды. Осы жылғы көктемгі залалсыздандыру жұмыстарына 13414 бас МІҚ, 5953 бас уақ мал, 486 бас түйе, 1393 қора (88180 ш/м), 45 суаттар мен шаңылақтар (47326 ш/м) өңдеу қарастырылған. «Ala comfort» ЖШС-і ЖШС тарапынан Сырдария ауданы бойынша залалсыздандыру жұмысы жасалды. Конго-Қырым қанды безгегі ауруын тасымалдаушы кенелерге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының І-ші кезеңі үстіміздегі жылдың 21 сәуірінен басталып, 12 мамырға дейін екі мәрте залалсыздандыру өткізілді. ІІ-ші кезеңі 3 мамырдан бастап жүргізілуде. Жұмыстардың сапалы орындалуы ветеринария мамандарының тұрақты бақылауында болады. Елді мекендердегі уақ малдарды ванналарда тоғыту жұмыстары үшін қажетті препараттар дайын. Конго Қырым гемморагиялық қызбасы ауруларын алдын-алу, болдырмау мақсатында көктемгі уақ мал басын тоғыту жұмыстары маусым айында, ауа райы жылынған кезде жүргізілетін болады. 2026 жылғы төрт түлік малдың ветеринариялық препараттармен мал иелері қаржысы есебінен экто және эндо паразиттерге қарсы инъекциялық жолмен 605 МІҚ, 560 уақ мал, 435 жылқы, 85 бас түйеге ветеринариялық препараттар (ивен, ивермек) қолданылып, жұмыс жалғасуда. Аудан және қала көлемінде ветеринариялық санитариялық ахуалды тұрақты ұстап тұру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен, ветеринариялық станциялармен және мүдделі мекемелермен бірлескен жұмыс жалғасуда.

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 маусым 2026 ж. 183 0