Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмытылмас әсер сыйлаған жазғы демалыс

Ұмытылмас әсер сыйлаған жазғы демалыс

Жазғы демалыс оқушылар үшін жаңа достар тауып, қызықты сәттерге толы уақыт өткізетін ерекше кезең. Осы ретте, Сырдария ауданындағы «Жалын» тынығу-сауықтыру лагері балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік жасап келеді. Жақында лагерьдің бірінші маусымы өз мәресіне жетіп, осыған орай салтанатты жабылу рәсімі өткізілді. Мерекелік іс-шараға Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар және «Жалын» тынығу-сауықтыру лагерінің директоры Әділбек Бәйменов қатысты.

Салтанатты іс-шарада Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып демалушылар мен лагерь ұжымын алғашқы маусымның сәтті аяқталуымен құттықтады.

– «Жалын» тынығу-сауықтыру лагерінің бірінші маусымы жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылып, өз мәресіне сәтті жетті. Біздің басты мақсатымыз – балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуіне жағдай жасау. Осы бағытта лагерь ұжымы жүйелі жұмыс атқарып, әр баланың қызығушылығына сай түрлі танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шара жасады. Бірінші маусымда 110 бала демалып, өздерінің бос уақытын тиімді өткізді. Балалардың жарқын көңіл-күйі мен белсенділігі атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Лагерьдегі әрбір күн тәрбиелік мәні жоғары бағдарламаларға толы болғанына сенімдімін. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, достық қарым-қатынастарын ны­ғай­туға және жаңа ортада өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік берді. Осы ретте, лагерь ұжымына, тәрбиешілер мен қызметкерлерге балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету жолындағы еңбектері үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жазғы сауықтыру жұмыстарын жетілдіріп, балаларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады деп сенемін. Барша бүлдіршінге көтеріңкі көңіл-күй, жарқын жазғы демалыс және жаңа жетістіктер тілеймін, – деді бөлім басшысы.
Лагерьдегі әрбір тәрбиеші мен тәлімгер баланың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде лагерьде өткізілген әр күн балалар үшін есте қаларлық жарқын сәттерге толы болғаны мәлім. Кеш барысында әр топ өз өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынды. Балалардың орындауындағы әрбір ән мен би, сахналық қойылым мен шығармашылық нөмір көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тәрбиешілер дайындаған мазмұнды бағдарлама кештің сәнін келтіріп, лагерьдің алғашқы мау­сымында орын алған жарқын естеліктерді қайта жаңғыртты.

«Жалын» тынығу-сауықтыру лагерінің бірінші маусымының табысты аяқталуы бала­лардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті. Жаздың шуақты күндерінде балаларға қуаныш сыйлаған алғашқы маусымның аяқ­талуы келесі маусымдардың да жоғары дең­гейде өтетініне деген сенімді арттыра түсті. Ал лагерь қабырғасында өткен жарқын күн мен ұмытылмас әсер әр баланың жүрегінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
13 маусым 2026 ж. 312 0