Көзден кетсе де, көңілден кетпейді
Көзден кетсе де көңілден кетпейтін азаматтар болады. Біздің бесарықтық Оразбек ағамыз сондай жайсаң азаматтардың санатынан еді. Қашан көрсеңіз де жақсы сөйлеп, жақсы ойлап, жақсы іске жанашыр болып жүретін азаматпен бертін келе араласып, ол кісі өмірден өтемін дегенше ағалы-інілі сыйластықта, әріптестік қарым-қатынаста болдық. Ағалы-інілі дегенімізбен, жас шамасын басшылыққа алар болсақ, мен ол кісінің балаларынан да кіші едім. Бірақ Оразбек Ешмағанбетұлы мені ешқашан жассынбайтын. Үлкенмен де, кішімен де тең араласатын азамат туралы өткен шақта қалам тербейміз деп кім ойлаған...
Сырдария ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына айрықша үлес қосқан Оразбек Сейтмұратов аудандық мәслихаттың V, VI шақырылымының депутаты болды. Өзінің берік ұстанымдарымен, дархан көңілімен, ақжарқын болмыс-бітімімен дараланған азаматтың өмірден өткеніне де бір жыл болыпты. Осыған орай естелік жазып, адал еңбегін дәріптеуді, сол арқылы жақсының жақсылығын айтуды өзіме азаматтық парыз санадым.
Өзі туып-өскен, маман ретінде қалыптасқан Бесарық ауылының дамуы үшін аянбай тер төккен азаматпен біздің таныстығымыз ауданның тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Біз Оразбек Ешмағанбетұлын аудандық мәслихаттың белсенді депутаты ретінде білетінбіз. Сондай-ақ ол кісі талай жиындар мен басқосуларда, аудандық мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында өткір ұсыныстар айтып, оның орындалуы жолында аянбай ізденетін азамат еді. Біз ол кезде мәслихат жиындарына журналист ретінде қатысатынбыз. Сонда кейіпкеріміздің елге қажетті, халықтың сұранысына сай депутаттық сауалдар жолдауға ерекше мән беретінін анық аңғаратынбыз. Бұл О.Сейтмұратовтың өмірлік тәжірибесінің, кәсіби біліктілігінің жоғары екенін айшықтап тұратын. Сондықтан аудандық мәслихаттың V, VI шақырылымындағы депутаттық корпустың ішінде Оразбек Ешмағанбетұлының орны ерекше еді.
Ардақты азамат ретінде таныла білген оның алғашқы еңбек жолы Бесарық ауылында басталыпты. Ол 1974-1977 жылдары аралығында «СССР-дың 50 жылдығы» атындағы кеңшардың «Гүлдәурен» комсомол жастар бригадасында мал шаруашылығы маманы ретінде үлкен өмірге алғашқы қадам жасаған. Бұл кеңшарларда мал шаруашылығы саласы кең өріс жайған кезең екенін көпшілік жақсы біледі. Жас маман ретінде О.Сейтмұратов кеңшардағы тіршілікті меңгеріп, тәжірибе жинақтайды. Одан кейін аталған кеңшарда жүргізуші-жабдықтаушы болып еңбек етсе, егемендік алған жылдары өңірдегі құрылыс жабдықтары қоймасында қызмет етеді. Он жылдан аса уақыт Бесарық ауылындағы орталық қоймада меңгерушілік қызметті абыроймен атқарып, елдік жұмыстарда ептілік танытады. Осындай қызметтерде ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, жауапкершілік жүгін арқалай білетін азамат 2007-2013 жылдары аралығында елді мекендегі «Бесарық» ЖШС-нің төрағасы ретінде сайланады.Мал шаруашылығы, құрылыс саласын меңгерген О.Сейтмұратов шаруашылық төрағасы ретінде кәсіпкерлік бағытты ұстанып, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына, тұрмыс деңгейінің жақсаруына қажырлы еңбек етеді. Абзал азамат Бесарық елді мекенінің мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізіп, ауылда жолдардың салынуына, әлеуметтік нысандардың бой көтеріп, жаңаруына елеулі үлес қосты. Бұл туралы былтыр аудандық басылымда аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Әжікеновтің «Ардақты азамат, қадірлі әріптес еді» атты авторлық мақаласында кеңінен жазылып, лайықты баға берілген еді. Біз оның бәрін қайталап жатуды жөн санамаймыз. Себебі Ержан Ертарғынұлы атап өткендей, О.Сейтмұратов белсенді депутат ғана емес кәнігі құрылысшы, білікті ұйымдастырушы, белді кәсіпкер ретінде де көпшіліктің алғысын арқалай білді. Бір сөзбен айтқанда, саналы ғұмырында көпке өнеге боларлық іс атқарып, артына өшпес із қалдырды.
Ауданның зиялы қауымымен қатар Бесарық ауылының халқы О.Сейтмұратовтың еңбегін жоғары бағалайды. Оның ішінде өлкетанушы Жұмабай Байзақұлының орны ерекше. Қаламгер замандасы туралы кітап құрастырып, жарыққа шығару ісін қолға алған. Бұл іске ардақты азаматтың жары, мемлекеттік қызмет саласының майталманы Нәзира Жүсіпова ұйытқы болып жүр. «Орнында бар оңалар» демекші ауданның, аудандық мәслихаттың тарихында есімі алтын әріппен жазылатын азаматты біз ұмытпаймыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын...
А.Ибрагимұлы