Басылым мерейтойы – ортақ қуаныш
Аудандық газеттің тұрақты оқырманы болып, әр нөмірін үзбей оқып жүргеніме алпыс жылдан асты. Осы уақыт ішінде мерзімді басылым жергілікті жердің жақсы жаңалығының жаршысы болды деп нық сеніммен айта аламын. Сондықтан басылымның мерейтойын ортақ қуаныш деп есептеймін.
Аудандық газеттің аптасына екі рет жарыққа шығатынын білеміз. Сейсенбі, сенбі күндері пошта жәшігіне елеңдеумен боламыз. Газет келген бойда отбасымызбен оқып, мақалаларды талдап, талқылаймыз. Өзіме рухани танымдық мақалалар мен сараптамалар ұнайды. Газет журналистері соңғы кезде тың тақырыптарды зерттеп, зерделеп, өзекті де өткір мәселелерді көтеріп жүр. Сондықтан газеттің әр нөмірін асыға күтеміз.
Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, Әзілхан Нұршайықов «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» екенін елеп, басылымға деген зор бағасын берді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 ақпан Ұлттық басылым күні деп бекітсе, қазақ тілін дамыту, оқырмандардың аудиториясын кеңейтудің маңыздылығын соңғы өткен Ұлттық құрылтайда атап өтті. Бұл дегеніміз баспасөз саласында еселі еңбек етіп, қалам тербеп жүрген баршаға құрмет болып саналады.
85 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газетінде еңбек еткен қаламгерлер ауданның тыныс-тіршілігін, шежіресін, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени жаңалықтарын баспа бетінде үнемі жариялап келеді. Шығармашылықтың шыңына шыққан тұлғалардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес. Ауданның жағымды жаңалықтарын оқырманға сапалы түрде жеткізуде. Қазіргі ұжымды және ұзақ жылдар осы басылымда қызмет етіп, құрметті демалыста жүрген ардагерлерді газеттің 85 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін.
Шарафадин КАМАЛОВ,
еңбек ардагері,
тұрақты оқырман