Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бақ-нұр бөбек» бүлдіршіндерінің жетістікке толы жолы айқын

«Бақ-нұр бөбек» бүлдіршіндерінің жетістікке толы жолы айқын

Жақында Тереңөзек кентіндегі «Бақ-Нұр бөбек» балабақшасының аудандық мәдениет үйінде жылдық есеп беру кеші өткізіліп, онда мекеменің бір жыл көлемінде атқарған жұмыстары қорытындыланып, тәрбиеленушілердің білім мен өнер жолындағы жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Тағылымды іс-шараға ата-аналар, ардагер ұстаздар және аудан тұрғындары қатысып, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылықтарын білдірді.

Бүгінде аудан көлемінде сапалы мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруде өзіндік орны қалыптасқан «Бақ-Нұр бөбек» балабақшасы 2017 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Сол жылы 75 орындық балабақша пайдалануға бе­ріліп, алғашқы тәрбиеленушілерін қабыл­дады. Кейінгі жылдары мекеменің ма­териалдық-техникалық базасы нығайып, қамту мүмкіндігі арта түсті. 2018 жылы 50 орындық «Аяла» балабақшасы өз жұмысын бас­таса, Осыдан 5 жыл бұрын 30 орындық «Бақ-Нұр бөбек-2» бөбекжайы ашылды. Ал араға 1 жыл салып, 80 орындық жаңа ғимаратта орналасқан «Бақ-Нұр бөбек-3» бөбекжайы пайдалануға беріліп, бүл­діршіндерге есігін айқара ашты.

Балабақша ұжымы бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруді бас­ты мақсат етіп келеді. Сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілеттерін да­мы­туға, олардың өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәти­жесінде тәрбиеленушілер түрлі байқаулар мен фестивальдерде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мекеме құрылтайшысының қолдауымен балаларға арналған тәрбиелік әрі танымдық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Құрылтайшының демеу­шілігімен аудандық спорт кешенінде 300 балаға арналған жаңа жылдық мерекелік кеш өтті. Ауқымды іс-шара барысында бүлдіршіндер ертегі әлеміне саяхат жасап, мере­келік бағдарламаларды тамашалап, тәтті сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар Ұлыс­тың ұлы күні – Наурыз мерекесі де жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тағылымды бас­қосу өтті. Ұлттық салт-дәстүр дәріптелген мерекеде балалар халқымыздың бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.

Балабақша жұмысының сапасы мем­лекеттік деңгейде де өз бағасын алды. 2024 жылы мекеме мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтіп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы талаптарға толық сәйкес келетіндігін дәлел­деді. Бұл – ұжымның жүйелі еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі.

Кеш барысында «Зеретай» даярлық тобы­ның жетістіктері ерекше аталып өтті. Топ жетекшісі Шынар Жансейтованың жетек­шілігімен тәрбиеленушілер республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәти­желер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «Армандар белесі» республикалық шығар­машылық байқауында Асылым Пайзрахман бас жүлдені жеңіп алса, Айбол Биболат І орын иегері атанды. Бұл жетістіктер балалардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағыт­талған жүйелі жұмыстың жемісі екені анық. Қызылорда телеарнасы ұйымдастырған XV облыстық «Ботақан» телефестивалінде бүл­дір­шіндер «Қамажай» биін орындап, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Ал «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауына қатысқан балабақшаның 15 тәрбиеленушісі бас жүлде мен І орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Бұдан бөлек, 2026 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық өнер байқауында да тәрбиеленушілер бас жүлдені жеңіп алып, балабақша абыройын асқақтатты.

Іс-шара барысында балабақшаның білікті тәрбиешісі Ақкенже Кенжесары жетекшілік ететін тәрбиеленушілердің жетістіктері де кеңінен таныстырылды. Түркістан қаласында өткен «Біздің таланттар» республикалық байқауында Нұрәлі Замаддин бас жүлдені жеңіп алса, Аделя Ерланқызы І орын иегері атанды. Сондай-ақ «Армандар белесі» республикалық байқауында Ахмедияр Ерболат ІІ орынға ие болды. Ал Қызылорда облысында өткен «Дарабоз» республикалық байқауында Айлин Әбибулла бас жүлдені, Тұмар Шәкірбек І орынды иеленіп, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті. Жас өнерпаз Нұрескен Хасанғалиев пен Нұрлыбек Айтмағамбетов көпшілікке ән арнап, өнерлерімен дараланды.

Есеп беру кешінің көркін бүлдіршіндердің өнер көрсетулері қыздырды. Олар ән шырқап, би билеп, көркемсөз оқып, өздерінің жан-жақты қабілеттерін паш етті. Әрбір нөмір көрерменнң ыстық ықыласына бөленіп, ата-аналардың ризашылығын тудырды. Ба­лалардың сахнадағы еркіндігі мен өнерге деген сүйіспеншілігі ұстаздар мен тәрбиешілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесін аңғартты.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
13 маусым 2026 ж. 239 0