Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Ғибратты ғұмыр иесі

Ғибратты ғұмыр иесі

Дана халқымыз «Адамның есімі – оның жарты ғұмыры» дейді. Гауһар Төлегенқызының есімін ата-анасы «гауһардай жарқырап, ерекшеленіп жүрсе» деген ниетте қойған шығар. Сол ізгі де игі ниет бүгінде орындалғандай. Еңбек ардагері Гауһар Төлегенқызының қазір өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Ол – Н.Ілиясов ауылындағы құрылғанына 15 жыл болған «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесінің бірі.

Кейіпкеріміз 1947 жылдың тумасы. «14 ақпанда дүниеге келдім. Әкем Төлеген Бижанов майдангер еді. Елге жеңіспен оралды. Бірақ 27 жасында ерте өмірден өтті. Анамның есімі Ақалтын болатын. Әкем қойма меңгерушісі ретінде еңбек етсе, анам денсаулығына байланысты көбіне үй шаруасында болды. Мен отбасында жалғыз қыз болып өстім. Анама қарайлап оқуымды да жалғастыра алмадым» дейді Гауһар Төлегенқызы отбасы туралы.

Г.Төлегенқызы 1955 жылы Қызылорда қаласындағы №8 Л.А.Осипенко атындағы мектеп табалдырығын аттап, 1962 жылы бітірген. Әрине оқуды жалғастырып, қосымша білім алғысы-ақ келген. Бірақ отбасылық жағдай, анасына қарайласуды ойлауы оның еңбекке ерте араласуына жол ашты. Бұл кезде ол анасымен бірге облыс орталығында тұратын. Қаладағы химиялық тазалау фабрикасында жұмыс істеді. Мұнда киімдерді химиялық тазалаудан өткізіп, тәжірибе жинақтады, тапқан-таянғанын отбасына жұмсап, анасын бағып-қақты. Уақыт өте келе целлулоза-картон комбинатының асханасына жұмысшы болып кіріп, кейін аспаздың көмекшісі ретінде жұмыс атқарады. 1971 жылы нағашы әжесі Рыскүл Кішкенқызы өзінің қызы мен немересінің болашағына алаңдап, оларды ауылға көшіріп әкеледі. Ана жүрек «Ұрпағым көз алдымда болса, ауылда еңбек етсе» деп ойлаған болуы керек. Қазақы тәлім-тәрбиенің тереңіне бойлаған қарапайым отбасы үлкен кісінің жанашырлық ниетін түсініп, сол жылы ауылға көшіп келеді. Ол кезде ауыл бүгінгідей дамымаған, шаруашылықтағы жұмыс­тың бәрі қолмен атқарылатын, әрі қиын, әрі жұмыстың жауапкершілігі орасан зор еді. Сөйтіп Гауһар Төлегенқызы бірден асханаға жұмысқа қабылданады. Бірер жылдан кейін, яғни 1974-1975 жылдары егін егіп, күрішші болады. №8 бригаданың бригадирі Сұлтанғазы Қалыбаевтың қарамағында даланың дүбірін қыздырып, еселі еңбек етеді. Көп өтпей Оразалы Төкешовпен бас қосып, жас жұбайлар шаңырақ көтереді.

– Біздің шаңырақ көтеріп, отбасылы болуымызға Алдаберген Бисенов ұйытқы болды. Ол кезде жаспын, белсендімін, еңбек озатымын. Менің қарым-қабілетімді сырттай байқап, бағамдап жүрген шаруашылық басшысы бірде мені шақырып алып, ой-пікірін айтты. «Қарағым, өзің жассың, анаң да науқас, бәрін түсінемін. Саған бір ағалық, әкелік ұсыныс айтқым келеді. Оразалы Төкешов деген менің жақын ағайыным бар. Жасы үлкендеу демесең өзі нағыз азамат, біртоға мінезді, сабырлы. Сонымен бас қосып, отбасы болсаң деймін. Ол да өзің секілді әкеден ерте жетім қалған. Ұрпақ өрбіту – әр адамның арманы. Ұрпақ өрбітіп, еңбек етіп, ел-халыққа қызмет етсеңдер, одан асқан бақыт бар ма!» деді. Мен алғашында қарсы болдым. «Ағай, ол кісінің жасы үлкен ғой» деп келісіңкіремедім. Өйткені Орекең екеуміз арамыз 18 жас еді. Бірақ тағдырдың жазуымен, өзіміздің ортақ келісімімізбен шаңырақ көтердік. Ол кісі қырманда қарауыл болды, кейін күріш екті. Аллаға шүкір деймін. 3 ұл, 3 қызды өсіріп, жетілдірдік. Бәрі бір-бір үйдің егелері. Орекең бүгінде өмірден өтті, марқұм жақсы кісі еді, жатқан жері жайлы болғай, – дейді Гауһар Төлегенқызы.

Ақ жаулықты ананың салмақты сөзіне, тазалық пен туралықты сүйетін болмыс-бітіміне қарап, тиянақтылық пен жауапкершілікті жанынан жас кезінен серік еткенін аңғару қиын емес. Г.Төлегенқызы мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ өзінің өнерге бір табан жақын екенін дәлелдей де білген. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қаты­сып, ауылдағы, аудандағы сахналарда ән шырқаған. Н.Ілиясов ауылындағы орталық асханада аспаз болған жыл­дары да мәдени-көпшілік іс-шаралардың басы-қасынан табылатын. Сол белсенділігінің арқасында 2008 жылдан бастап ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі. «Ақ әжелер» ансамблі халықаралық, республикалық, облыстық, ау­дан­дық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сәйкесінше Г.Төлегенқызы да талай рет марапат биігінен көрінді. Ансамбльде жеке орындауда да ән айтып, көрермен ықыласына бөленіп келеді. Қазіргі кезде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, 20-ға жуық немере мен 15-ке жуық шөбере сүйіп отырған ардақты әже өзінің ұрпақтарымен мақтанса, ұрпақтары аналарын әр­кез мақтан тұтады.

– Үйдің үлкені қызым Света. Ол қаладағы бала­бақшада жұмыс істейді. Одан кейінгі ұлым Нұртаза шаруа­шылықтағы №2 бригаданың бригадирі. Жыл са­йын үздік өнім алып, жақсы жетістікке қол жеткізіп жүр. Асқар қарашаңырақтың иесі ретінде қолымда тұрады. Шолпан Ақжармадағы балабақшада тәрбиеші болса, Айман «Қазақстан Темір жолы» АҚ Қызылорда филиалын­да еңбек етеді. Асаным да күрішші. Біздің жолымызды қуып, ауылшаруашылық саласында нәтижелі еңбек етіп жүр. Ұл-қыздарымнан немере-шөбере сүйіп отырмын. Қазір зейнет демалысындамын. Қолымыз қалт етсе, ауылдық мәдениет үйіне барамыз. Әжелермен бас қосып, ақылдасып, өнер мерекелеріне дайындаламыз. «Ақ әжелер» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, сахна­да жүргеніме ризамын. Бізді ұйымдастырып, облыс­қа, көршілес аудандар мен ауылдарға, ауданға апарып жүрген Жанат Шайзадаеваға айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ бізге әркез құрмет көрсетіп, қолдау білдіріп жүрген Абзал, Дархан Ералиевтерге аналық ақ жүрегіммен ризашылығымды білдіремін, – дейді Гауһар Төлегенқызы.

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған. Ауыл­дағы өнерлі, дауысы әсем ардагермен пікірлесу арқылы осы нақылдың мәнін терең ұғынғандай болдық. Осы ретте Г.Төлегенқызының Мемлекет басшысының Жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанғанын да айта кеткеніміз орынды. Ана үшін перзентінің өсіп, жетіліп, елге қызмет еткенін көруден асқан бақыт жоқ. Мұнан бөлек әдемі қартаю да екінің біріне бұйыра бермейді. Ақ жаулығын тастамайтын, ақ дастарханы жиылмайтын аққұба жүзді ананың ендігі тілегі – елдегі бейбіт тіршілік баянды болса, ұрпақтар аман-есен ел дамуына үлес қосса... Бұл бір мүддені емес, ел мүддесін биік қоятын жылы жүректен шыққан сөз. Гауһар Төлегенқызы сондай ардақты, аяулы ана. Ол «Ақ әжелер» ансамблінің әр жетістігіне, республикаға белгілі ауылдың бағындырған әр белесіне тілектес жанның бірі.

– Ауылымызға Президенттен бастап көптеген меймандар келді. Оларды күтіп алып, ән шырқау бақытына ие болдық. Ойлап қарасам, өміріміз текке өтпеген екен. Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін. Халқының аты адал еңбекпен шыққан ауылымыз гүлдене берсін. Біз де жақсы жиындардың бел ортасынан табылып, әніміз­ді шырқап аман-есен жүре берейік, – дейді Гауһар Төлегенқызы.

Біз де биыл мерейлі мерейтойын атап өтіп, 15 жылдық белесті бағындырып жатқан «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесіне зор денсаулық, абырой-амандық тілейміз. Жеке дауыста да орындаушылық қабілетімен танылған өнерлі жанның көрермен көзайымына айналып, аман-есен ұрпақ қызығын көре беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі
01 қазан 2024 ж. 78 0