Оқ пен оттың ортасынан оралған
Қыстаубай Мұстафаевтың негізі қармақшылық болғанымен барлық саналы ғұмыры Тереңөзек ауданында өтті. Соғыстың алдында «Аманкелді» колхозында колхозшы, малшы, қойма меңгерушісі болды.
Жұмысын адал, тиянақты атқарған соң КПСС мүшелігіне қабылданды. Ал 1941 жылдың қараша айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, алдыңғы лекте майданға аттанды. Қысқа мерзімді әскери жаттығудан соң Ұлы Отан соғысының тарихында «қанды қасап» аталатын Сталинград майданына түсті. Оқ пен оттың ортасында жүріп, бірнеше жарақат алып, қайта қатарға қосылды.
– Әкем соғыс туралы әңгімені жаратпайтын. Анам Қатира Баймаханқызының айтуынша, соғыс аяқталуға жақындағанда әкем әскери госпитальға түсіп, ұзақ уақыт емделеді. Сөйтіп, майданға жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Ауылға келген соң да жарты жыл жұмысқа жарамсыз болып, таза ауада ағарған ішкен. Басында зақым бар (контузия), денесінде оқ қалған. «Соғыстан елге оралған соң анаңның қамқорлығы арқасында қатарға қосылдым. Менімен бірге келген талай солдаттар күтінбегендіктен дүние салды» деп еске алушы еді марқұм әкем, – дейді бүгінде ұлы Серік Қыстаубаев.
Майданда қатардағы жауынгер болған Қыстаубай Мұстафаев денсаулығы аздап түзелгеннен кейін өзі еңбек еткен «Аманкелді» колхозының басқармасына барады. Басшылар соғыс мүгедегіне жеңіл жұмыс ұсынып, дүкеншілікті қолай көреді. Қыстаубай аға осы мамандықта зейнеткерлікке шыққанша абыройлы еңбек еткен.
– Әкем 1901 жылғы. 1968 жылы 67 жасында соғыс салған жарақаттың салдарынан қайтыс болды. Дүние саларының алдында құр сүлдесі қалып азды. Адамның құр сүйегі қалғанда денеден оқтарда түседі екен. Әкемнің өзі де немістердің оғы жылтыраған болыски (польский деген болуы керек) болады дейтін. Әкем қайтыс болғаннан кейін 15 жасымда 8-сыныптан соң ол еңбек еткен шаруашылыққа жұмысшы болып орналастым. Әкемнің көзін көргендер «Қыстаубайдың баласы» деп қамқорлыққа алып, тәрбиеледі. Бүгінде өзімде сол әкемнің жасына келіп отырмын, – дейді С.Қыстаубаев.
Қыстаубай әке мен Қатира анадан өрбіген екі ұл Итен мен Серік ауылда абыройлы жұмыс жасады. Итен аға Байқоңырдан байланыс техникумын, сонан соң Жамбыл гидромелориотивтік-құрылыс институтын бітіріп, «Қараөзек» шаруашылығында пошта бастығы, аудандық байланыс мекемесінде бас инженер болып қызмет атқарды. Өкінішке орай өмірден ерте кетті. Бүгінде зайыбы мен балалары кент орталығында тұрады.
Кіші ұлы Серік саналы ғұмырында мал шаруашылығы саласында жүргізуші болып еңбек етті. Қоғамымызға нарықтық қатынас енгенде жұмыссыз қалып, такси қызметімен айналысты. Қызылода қаласынан жылқы сатып әкеліп, мал бордақылады. 2016 жылы зейнеткерлікке шығып, оншақты жылқы ұстайды, жеке кәсіппен айналысады.
Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Дүниені дүр сілкіндірген Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол Қыстаубай Мұстафаев тәрізді мыңдаған, миллиондаған жауынгерлердің қасықтай қаны мен шыбындай жанын құрбан етуінің арқасында келді. Сондықтан майдангерлерге мың тағзым дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ