Сәйгүлікті сесімен сескендірген
Үнемі салмақты, жөн-жосықты білетін қалпынан таймайтын атбегі Марат Қалиевті Нағи Ілиясов ауылына сапарым барысында жолықтырдым. Жас күнінен жылқы баптап, бәйгеге шапқан ел ағасы төрт түліктің асылымен сырлас болып келе жатқанына жарты ғасырдан асқан. Желдей жүйрік, оттай озық шабандоз болуға ұмтылған Мәкеңнің болмысын өз басым жақсы танимын. Ешуақытта аттың шылбырын бос ұстамайтын кейіпкеріміз ептілік пен табиғи шеберлікті бір-бірімен ұштастыра білген.Бұған дейін бірнеше аттың бабын тауып, бәйгеге қосқан атбегінің қорасында бүгінде асыл тұқымды «Лашын» сәйгүлігі байланып тұр. Негізінен Марат Әбдікәрімұлы – отбасындағы 9 ағайындының үлкені. Бауырларына болыса жүріп, еңбекке ерте араласқан. Мал шаруашылығына бейімделіп, жылқы бордақылап, атбегілікті қатар алып жүрген жан. Бізбен сұхбат кезінде жігіттік шағындағы шабандоздық өнерін қызыға еске алды.
– Ту биедей текті, тұлпардай тегеурінді болу – әрбір шабандоздың арманы, басты мақсаты. Шапшаң, батыл, қайратты бола отырып, ат құлағында ойнау арқылы өзімізді жеңіске жетелейміз. Өзім 12 жыл бойы бәйгеге шаптым. Бірнеше мәрте республикалық деңгейде топ жарып, 86 шабандоздың ішінен бас бәйгеге қол жеткіздім. Мерейім тасып, автокөлік кілтін алған сәтім әлі есімде. Бұл оқиғаға 43 жыл өтсе де, жүйріктер қатарынан көрінгенім – мен үшін үлкен мақтаныш. «Жасмин» атты атым талай мәре сызығын бірінші болып кескен еді, – дейді тәжірибелі атбегі.
Қазіргі уақытта атбегілік жұмысты Мәкеңнің ұлы Нұрбек атқарып жүр. «Лашынның» бабына қарап, бәйгеге қосуға барынша күш салады. Әкесімен ақылдаса отырып, аттың жүріс-тұрысын бақылайды. Бүгінде «Лашынды» бәйгеге алып шығатын шабандоз ретінде Рахман Дарханұлы таңдап алынған. Ол күнделікті 4-9 шақырым аралығындағы қашықтықта жылқыны дайындайды. Жем-суын мөлшермен беріп, дәруменін уақытылы береді. Бір жағынан табыс көзі болса, екінші жағынан сүйікті ісіне айналған атбегіліктің өзіндік машақаты жеткілікті.
– «Лашынды» өткен жылы Ресейдің Самара қаласынан әкелдім. Бір жыл ішінде бірнеше жарысқа қатысып үлгерді. Бәйгеге шабар алдында күтімді азайтып, жаттығуды күшейтеміз. Уақытылы демалдырып, бал беріп, пайдалы дәрумен қосамыз. Осыған дейін екі бәйгеден ІІ және ІІІ орынды иеленді. Алдағы уақытта «Лашыннан» үлкен үміт күтеміз, – деді Марат Қалиев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










