Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рыпакова «Гауһар лигадан» неге бас тартты?

Рыпакова «Гауһар лигадан» неге бас тартты?


Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова «Гауһар лиганың» финалына қатыспайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Индонезия астанасы Джакартада өтетін Азия ойындарындағы жеңіл атлетика сайыстарының күнтізбесі мен биылғы маусымдағы «Гауһар лиганың» финалының уақыты бір күнге тура келіп тұр.

 Осыған байланысты Рыпакова «Гауһар лигадан» бас тартып, Азия ойындарына қатысуды жөн деп шешкен. «Гауһар лиганың» күнтізбесі 2017 жылдың қараша айында бекітіліп қойған.

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысы қосылған төрт кезеңнің уақыты белгілі. Алғашқы жарыс - 12 мамырда Шанхайда, сосын  Осло (8 маусым), Париж (30 маусым) және Рабатта (13 шілде) өтеді. Ал финалды  30 тамыз күні Швейцарияның Цюрих қаласы қабылдайды. Азия ойындарында жеңіл атлетика сайыстарының өтетін уақытын ұйымдастырушылар жақында ғана хабарлады. Яғни, 25-30 тамыз күндері «спорт падишасының» өкілдері сынға түседі.

Оның ішінде үш қарғып секіруден әйелдер арасындағы финал 30 тамызға дәл келіп тұр. Іріктеу бәсекесі 29 тамызда болады. Шығыс Қазақстан облыстық жеңіл атлетика федерациясының директоры Денис Рыпаков Олимпиада чемпионы осындай қиын таңдау кезінде Азия ойындарына қатысуды жөн көргенін айтып отыр.

«Амал жоқ, екі жарыстың біреуін таңдауға тура келеді. Біз ойлана келе, Азия ойындарына қатысамыз деп шештік. Құрлық додасында ел қоржынына жүлде салғымыз келеді. Негізі Цюрихке барсақ та, жоғары орындардың біріне ілігуге мүмкіндігіміз бар. Бірақ ұйымдастырушылардың екі жарыста бір күнге қойған қателігі салдарынан таңдау жасауға мәжбүр етті, - дейді Д. Рыпаков. Айта кетсек, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты Индонезия астанасы Джакартада өтетін жазғы Азиада ойындарына қатысатын жеңіл атлеттердің кеңейтілген тізімін жариялады. 
13 сәуір 2018 ж. 932 0