Бейнелеу өнері – жүректің өнері
Суретшілік – көргенін емес, сезінгені, ішкі әсерді ақ парақ бетіне түсіру. Суретші алдындағы адамды ғана емес, ұлы табиғаттың өзін жүрек түкпірінде сақтап қала алады. Бейнелеу өнері – қазақтың төл өнерінің бірі.Өткен аптада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Қоғалыкөл ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен, ауылдық клубтың ұйымдастыруымен суретші, карикатурашы Қожахмет Қоңырқожаұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Көңілдің қоңыр күмбірі» атты облыстық жас суретшілер байқауы өтті.
Балалар арасында ұйымдастырылған байқауды Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қамар Рүстемов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сламбек Каюпов және ауыл әкімі Бақытжан Жұмабекұлы ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жас суретшілер байқауына облыс орталығы мен аудандардан келген 11 талапкер қатысты. Суретшілердің жас ерекшелігі 12-16 жас аралығы деп белгіленді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең «үй тапсырмасы» деп аталып, онда әр үміткер туған өлкесінің көрікті жерін А3 форматтағы қағазға салып, алдын ала дайындап әкелді. Суретшілер өз қиялына ерік бере отырып, туған өлкенің әсем, көркем жерлерін қағаз бетіне түсіріпті. Суреттер бейне бір сөзсіз сөйлеп тұрғандай көрініп, бейнелеу өнерінің тылсымдарына бой алдырып тұрды.
Ал екінші кезеңде талапкерлер суретші Қожахмет Қожықовтың бір туындысын таңдап, оны өз қолтаңбасымен қайта бейнелеп шықты. Бұл кезеңде қатысушыларға дара тұлғаның туындысын заманауи стильде жаңартуға рұқсат берілді. Аталған кезеңде жас суретшілер өз қиялдарына ерік бере отырып, қазылар алқасының көз алдында сурет салып шықты.
Байқауға қолөнер шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Маханбет, темір ұстасы Талғат Ыдырысов, №44 орта мектептің бейнелеу пәні мұғалімі Жанкерім Қосжанова төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Шиелі ауданынан келген Айбын Маханбет, І орынды Арал ауданынан келген Сезім Жақсылық жеңіп алды. ІІ орын Қазалы ауданының қатысушысы Ақтоты Кеңесбайға, ІІІ орын Қызылорда қаласының талапкері Бекарыс Сәдібеков пен жаңақорғандық Ықтияр Байділдаға бұйырды. Сонымен қатар барлық қатысушыға арнайы Алғыс хат табысталды. Айта кетейік, байқау барысында клуб жанынан құрылған үйірме мүшелері ән мен биден шашу шашты.
Қожахмет Қожықов – қазақ мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген ұлт қайраткерлерінің алғашқы легінде күрескен белгілі тұлға Қоңырқожа Қожықовтың ұлы. Ал анасы Ләтипа Қожықова – костюмер. 1926-1928 жылы Мәскеудегі мемлекеттік жоғары көркемөнер техникалық шеберханасында оқыған. Оның «Егін орағы», «Газет оқу» атты ұжымшар тыныс-тіршілігін көрсететін туындылары, «Алқызыл моншақты келіншек», «Ақын толғанысы» (Жамбыл бейнесі) атты картиналары ұлттық бейнелеу өнерінің алғашқы қарлығаштары саналады. Ол Қазақ мемлекеттік драма және опера театрлары спектакльдерінің алғашқы суретші-безендірушісі болған. 1938 жылы қуғынға ұшырап, ұзақ жыл лагерь азабын тартқан. Айдаудан оралған соң, шығармашылық және ұстаздық жұмыстармен айналысқан. 1944-1953 жылы «Қазақфильм» киностудиясының декораторы болған. Қожахмет Қоңырқожаұлы – тек суретші ғана емес, қазақтың рухани әлемін көркемдікпен кестелеген шынайы өнер жанашыры. Оның әр еңбегі – елдің тарихы, халықтың болмысы, ұлттық үннің бояумен өрілген шежіресі.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










