Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№90 газет

25 қараша 2025 ж.

№89 газет

22 қараша 2025 ж.

№88 газет

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Табиғатпен тілдескен шебер

Табиғатпен тілдескен шебер

Табиғаттың көптеген тылсым көрінісі – біз біле бермейтін сырға, құпияға толы. Кең қазақ даласының жазық мекенінде сан түрлі құбылыстың орын алатыны мәлім. Сол табиғат аясында өздігінен өсіп тұрған ағаштан ерекше мүсін жасап шығаратын қолөнер шеберінің еңбегі қашанда жоғары бағаланады. Облыс көлемінде мемлекеттік қызмет пен білім саласында есімі жұртшылыққа танымал Қуанышбек Бисембаевтың бұл ерекше қабілетін көпшілік жақсы біледі. Үнемі ұйымдастырушылық пен іскерлік қырымен танылған азаматтың сүйікті ісі – ағаштан бұйым жасау.

Алдағы жылы зейнеткерлік жасқа келетін Қуанышбек Мұхамбетұлы – аудан өмірінде тәжірибелі маман ретінде көпшіліктің ықыласына бөленген жан. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылының тумасы туған жеріндегі Түймебай Айтбаев атындағы №132 орта мектепте ұйымдастырушы-педагог қызметін атқарып келеді. Ел ағасының қызметтегі жетістігі мен тәжі­рибесі басылым бетінде талай жарық көріп жүр. Ал біз оның қолөнердегі ерекше шеберлігіне тәнті болдық. Шебер ағаштан жан-жануар мен аң-құстың бейнесін жасайды. Қарапайым бұтақты өнер туындысына айналдыра алатын оның қолындағы әрбір өрнек – жүректің жылы табы. Қолының ізі өнерге айналған шебер ағашты сөйлетіп, жаңа өмір сыйлайды. Табиғатпен үндес жүретін жан әр бұйымды жүрек­пен, асқан сезіммен жасайды.

– Ағаштан бұйым жасау қабілетім осыдан шамамен жеті жыл бұрын өздігінен пайда болды. Ауыл іргесіндегі тоғайға шыққан сайын аң-құстың бейнесін жасауға жарамды ағаштарды жиі кездестіретінмін. Асқан ыждағаттылықтың арқасында өрнекті ойған сайын уақыт тоқтап, ағаштың жыры жаңғырғандай күй кешемін. Ағашпен тілдесіп, оның ішкі үнін түсіне білген жан ретінде бұл іс мен үшін өмірдің бір бөлігіне айналды. Қолымнан шыққан әр бұйым – уақытқа сынбайтын мұра секілді, – дейді Қуанышбек ­Бисембаев.

Күн сайын 1-2 сағатын осы өнерге арнайтын шебердің қолынан шыққан туындыларды көпшілік ерек­ше қызығушылықпен сұрайды. Мәселен, ауданға шетелден келген делегация мүшесіне ол ағаштан жасаған бұйымын сыйға тартқан. Тағы бір туындысы – тюлень бейнесін Маңғыстаудан келген қонақ сатып алған. Шебердің айтуынша, кейбір бұйым бір-ақ рет жасалады, сондықтан көпшілікке сатыла бермейді. Дегенмен алыс-жақыннан келген меймандар оның өнеріне жоғары баға берген. Жиде, сыр талы, қара­ғаш, сексеуіл, қарабарақ, жыңғыл, шеңгелдің бұтағы мен тамырынан түрлі ерекше бұйым жасайтын ол көп­теген көрмеге қатысып жүр.

– Әкем Мұхамбет өмір бойы жүргізуші, механик қызметінде болды. Анамыз тігінмен айналысқан. Ал маған бұл қасиет тосыннан келді. Дегенмен әкемнің інісі Шопан сандықтың түр-түрін жасайтын ағаш шебері болған екен. Табиғатпен тілдесе жүріп, оның құдіретін түсіндім. Мен жасаған бұйым­ның табиғи қалпынан айнымағанын қалаймын, сондықтан боя­маймын. Маңғыстаудан келген лауа­зымды қонақ тюленьді көргенде Каспий теңізінде кез­десетінін айтып, ерекше бағалап алып кетті. Аудан абыройын көтеру мақсатында көптеген көрмеге қатыстым. Қазір білім саласында жүргендіктен, кей­де уақыт тапшылығы сезіледі. Оның үстіне мектепте волейболдан үйірме ашып, ауыл балаларын жаттық­тырамын. Алдағы уақытта ағаштан бұйым жасайтын шәкірт тәрбиелеу ойымда бар. Мен үшін ағаш – айнымас серік, өнер – тастамас жолдас, шеберлік – өмірімнің мәні, – дейді ағаш шебері.

Отбасында өмірлік жары Гүлшат Махантаевамен бірге үш перзент өсіріп, тәрбиелеп отыр. Батыр ауылының мақтанышы азаматтық болмысынан айнымаған. Бұрын гір спортынан чемпион атанып, спортпен тұрақты түрде айналысып жүргені де көпшілікке мәлім.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

25 қараша 2025 ж. 71 0