Өмір жолы өнеге
Халқымызда «Жасы үлкеннің жолы үлкен» деген тағылымы мол даналық сөз бар. «Ақ әжелер» ансамблі мүшелерінің арасында Раушан Қарақызының жасы да, жолы да үлкен. 1942 жылдың 3 қазанында өмірге келген оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстың ең қиын да күрделі кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның төріне бағыт алған ардагер ақ жаулықты, ардақты әже, сондай-ақ бүтін бір ауыл құрметтейтін өмір жолы өнегеге толы тұлға.
Раушан Қарақызының жасы сексенде демесеңіз, әлі де тың, әлі де ширақ. Тазалықты ту еткен болмыс-бітіміне, ақ орамалына, мейірім төгілген жүзіне қарап, нағыз қазақтың әжесі деп айтуға болады. Бұл кісі Айнакөлде туған. Қазір Қызылорда қаласының құрамындағы ауыл ол кезде Тереңөзекке қарайтын. Әкесі Қара Жүсіпов 1924 жылдың тумасы екен. Небәрі 18 жасында Отан қорғау үшін майдан даласына аттанған жаужүрек жауынгер соғыстан оралмапты.
«Әкемнің бейнесін де, түрін де көргенім жоқ. Мен дүниеге келген жылы ол кісі соғысқа аттанып, артынан қара қағаз келіпті. Оны өсе келе білдім. Көзкөргендер әкемнің Сталинград майданына қатысқанын айтып отыратын. Қайран әкем, ерте өмірден өтті. Ұрпақ қызығын көре алмай қыршын кетті» деп еске алады Раушан Қарақызы әкесі туралы тебірене.
Әкеден ерте айырылған кейіпкеріміз әкесінің Әужан деген ағасының қолында тәрбиеленген. Негізі дүниеге әкелген анасының есімі Айтолған екен. Ал Мырзакүл – баққан, қаққан, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген шешесі. Раушан Қарақызы 10 разъездегі Бесікті деген жерде мектеп табалдырығын аттаған. Мұнда төртінші сыныпты тәмамдап, оқуын әрі қарай Қызылорда қаласындағы Ташкентский мектебінде жалғастырып, 8 сыныптық білім алған. «Ташкентский мектебінде білім алған кезде әкемнің Қаншайым деген туысының үйінде тұрып оқыдым. Әрі қарайғы өмір жолым Нағи Ілиясов ауылымен тығыз байланысты. 1960 жылы ауылға келдім» дейді бұл кездер туралы Р.Қарақызы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, ол 1960 жылы Дина есімді құдашасымен ауылға қыдырып келіпті. Бұл жылы қыздардың жасы 18-де. Жастық жалын. Көтеріңкі көңіл-күй. Еңбек пен ертеңгі күнге деген ерекше ұмтылыс. Сенім мен сезім ұштасқан осындай тамаша кезеңде Раушан Қарақызы нағилық Нұрылда Қойшиев есімді жігітпен танысады. Шаруашылықта көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін ол Раушан Қарақызын бір көргеннен ұнатып, сөздері жарасып, ағайын-туыстың қолдауымен, дос-жаранның тілектестік ниетімен екі жас отау құрады. Тағдырдың жазуы, табыстыруы шығыр, Нұрылда Қойшиев те үйдің жалғыз ұлы болыпты.
Бір-бір үйдің жалғызы болған екі жаста еркелік те, естілік те бар еді. Олар еңбекке ерте араласып, шаруашылықта дала дүбірінің көрігін қыздырады. Отағасы көлік жүргізушісі болса, Раушан Қарақызы 1960-1992 жылдары күрішші болып еңбек етеді. Еңбекпен есейіп, абыройға бөленген олар әр жылдары түрлі марапаттарға ие болады. Енесі Рәзия Қанжарбаеваны күтіп-баптап, перзенттік парыздарын да атқарады.
– Келін болып түскен жылы бірден жұмысқа орналастым. Біздің үй қарашаңырақ саналады екен. Жұбайымның әкесі Қойшы деген кісі болыпты. Ол кісі де соғыстан оралмаған деседі. Қайны атамның Мұқан деген ағасы болған. Сол Мұқанның Кәрбоз деген баласымен, абысыным Мәрияшпен бірге тұрдық. Үлкен енемнің аты Бижан еді. Біз осы отбасында екі жылдай тұрып, еншімізді алып, бөлек шықтық. Қазір ғой бұл кісілердің атын атап отырғаным, әйтпесе біздің кезде келін келген жұртында ешкімнің атын атамайтын. Алланың өзі кешірер, мен атын атап жатқан марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Бәрі де жақсы кісілер еді. Олардың есімі кітапқа енсе екен деп әдейі атап айтып отырмын, қалқам. Ел-жұрт дұрыс түсінер, – деп түйіндеді Раушан Қарақызы.
Еңбек ете жүріп қызықты күндерді бастан өткерген кейіпкеріміз бізге ерекше есте қалған бір оқиғаны айтып берді.
– Жоқшылық, тоқырау кездерін көзбен көрдік. Ұмытпасам, 1974 жылдар шамасы қатты қиын болды. Өзім күрішшімін. Қосымша табыс тапқымыз келеді. Балаларды асырау, жетілдіру – басты міндеміз. Өзім тоқыма тоқитынмын, әрі сол шұлық тоқып, тапсырыс алатынмын. Жұмысқа көлікпен барамыз. Ол кезде қайбір оңған көлік дейсің. Үлкен ауыр жүк көлігі ғой. Содан селкілдеп барғанша шұлықтың бір парын, қайтқанша бір парын тоқитынмын. Қырман қызылға толар кезде күрішті қолдап тазартатынбыз, күрекпен салып тұрамыз. Жұмыс қауырт сондай кезде күрішті салып әрі тоқымамды тоқып тұрғанымды бастығым көріп қалып: «Қарағым-ау, не істеп тұрсың?!» деген. «Қолы қимылдағанның ауызы да қимылдайды», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Бәріне үлгеремін» деп жауап бергенмін. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп бастығым кері бұрылып кете барғаны есімде. Мұнан бөлек Балдырған Мұстапаева, Жаңабай Сыздықов, Үржамал Мейірманова, Мәлік Әлиев және Шеңгелбай ағайлармен жұмыс істегенімді мақтан тұтамын, – деп еске алды өткен күндерін ой елегінен өткізген ардагер.
Еңбектен ешқашан қол үзбеген ардақты ана отбасының да шамшырағы болған. Отбасының тірегі Нұрылда Қойшиев 1992 жылы өмірден өтіпті. Жүрек талмасы дертіне шалдыққан ол өмірінің соңғы 13 жылында төсек тартыпты. Бұл отбасынан 4 қыз, 3 ұл түлеп ұшып, өмірден өз орындарын тапқан. Үйдің үлкені Зейнолла «Құмкөлде» жұмыс істесе, Ғалия Н.Ілиясов ауылында балабақшада тәрбиеші болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Әлия, Рита, Бағдат Астана қаласында тұрады, олар жеке секторда жұмыс істейді. Қайрат әкесі мен анасының жолын қуып, шаруашылықта жұмыс істеуде. Үйдің сүткенжесі Нұргүл тұрмыста.
– Әкем мен анам еңбек еткен шаруашылықта жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын. Өзім бірнеше жылдан бері күрішшімін. Анам өнерге етене жақын. «Ақ әжелер» ансамбілінің қүрамында ән айтады. Қайбір жылы Л.Сұлтанқызының «Әйел бақыты» бағдарламасына барып, сұхбат беріп келді. Талай байқаулардың жеңімпазы атанды. 20-ға жуық шөбере, 25-ке жуық шөбере сүйіп отырған анамның өмір жасы ұзақ болсын деп тілейміз, – дейді Қайрат Нұрылдаұлы.
Р.Қарақызы «Ақ әжелер» ансамбліне мүше болуға Жанат Шайзадаеваның шақырғанын айтады. Ансамбль құрамында өнер көрсетіп, үлкен сахналарда ән шырқағанын үлкен жетістік санайды. Мұнан бөлек талай мәрте республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанғанын айтты. Өмірі өнегеге толы аяулы жанның 2010 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанғанын да айтып өткеніміз жөн. Мұнан бөлек ауылдық кеңестің депутаты ретінде де ауылдың, ауданның дамуына үлес қосқан. Сәйкесінше партия органдарынан бірнеше рет Құрмет грамота, алғыс хат иеленген. «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Еңбек ардагері бәріне шүкіршілік етеді, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі болып табылатын замандастарына зор денсаулық тілейді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ