Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ардақты да аяулы ана

Ардақты да аяулы ана

«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ананың мейір-шапағатына, жанашырлығына, перзентіне деген кіршіксіз махаббатына тең келер ештеңе жоқ». Бұл заманның заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың ана туралы тебіренісі екен. Иә, ардақты да аяу­лы ана барлық құрметке лайықты. Біз білетін Күлбаһарам Нышанбекқызы – сондай аналардың бірі де бірегейі.

Н.Ілиясов ауылындағы «Ақ әже­лер» ансамблінің белді мүшесі Күл­баһарам Әлшоразова 1947 жылы 25 қаңтарда Қараөзек бойындағы Қызылөзек ауылдық советіне қарас­ты аумақта дүниеге келген. Әкесі Нышанбек 1925 жылғы екен. Ол кісі саналы ғұмырында ұстаздық қыз­мет атқарыпты. Ал анасы Сартай Қадірқызы 1927 жылғы болған. Қара­өзектегі атақты психколонияда шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етіпті. Бұл кісілер қызметтің түрлі салада бұйыруына байланыс­ты Қараөзекте, Талдыаралда және Бұқарбай батыр ауылында тұрған. Крупская мектебінің табалдырығын аттап, 7 жылдық білім алған Күл­баһарам Әлшоразова 1963 жылы Қызылорда қаласындағы мед­учи­лищеге оқуға тапсырады. Акушер­лік мамандық бойынша білім алып жүр­ген ол 1966 жылы Қыдырбек Мешітбаев есімді азаматқа тұрмысқа шы­ғып, отбасылық өмірге қадам басады.

– «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған екен. Өзімнің шыққан жерім де, келін болып түскен елім де қарапайым отба­сылар болды. Күйеуім Қыдырбек шаруашылықта көлік жүргізушісі ретінде ұзақ жыл еңбек етті. Ал өзім күріш ақтайтын пунктінде маман болып қызмет еттім. Ол кезде Қожантай Әлімбаев пункт басшысы еді. Жұмыстан бөлек өнер кештерінде ән айтып, өнер көрсетуге бейім болдым. Бел­сенділігім мен тиянақтылығымды бай­­қаған Алдаберген Бисенов бірде шақырып алып, мал фермасына жұмысқа жіберді. Алғашында малдан қорқатынымды айтып, қашқақтаған едім. Бірақ директордың сенім артуы жауапкершілігімді арттырып, бес жыл бұзау бақтым. Кейін тағы бес жыл сауыншы болдым. Сөйтіп 1992 жылы зейнет демалысына шықтым, – деп еске алады өткен күндерін кейіпкеріміз.

К.Әлшоразова өнерге бала күні­нен жақын болған. Мектепте оқып жүргенде, студенттік жылдарда көр­кем­өнерпаздар үйірмесіне қатыс­қан. Пионерлердің слетінде өнер көр­­сету ол кезде үлкен жетістік еді. Дауысы әсем жан талай рет сахнада әуелете ән шырқап, тыңдарманды тәнті еткен. Бұл оған Құдайдың берген таланты, сыйы десек жарасады. Оның үстіне қашан көрсеңіз де күлімсіреп тұратын болмыс-бітімі нағыз өнер адамына тән кескін-келбет. Кейіпкерімізді етене жақын танитын замандастары ол кісінің отба­сылық жағдайларға байланысты ауыл төңірегінде қалып қойғанын, егер арман қуып, үлкен қалаларға барса, нағыз өнер жұлдызы болатынын айтады. Ал біз «Ақ әжелер» ансамблінің қатарында өнер көрсетіп жүрген ақ жаулықты ананы ауылда тұрып-ақ өз өнерімен абыройдың биігіне шыққан, жұлдызы жарқыраған өнерпаз деп білеміз, құрмет тұтып, еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл пікі­рімізді Н.Ілиясов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сырдария ауданының құрметті азаматы Төребек Жұмабекұлы қуаттай түсті.

– Мен ауылымыздың мақта­ны­шына айналған атақты «Ақ әжелер» ансамблін құрылған кезінен бастап білемін. Өнерлі әжелерден құралған ансамбльдің барлық мүшесін етене жақын танимын. Біз бір ауылда тұрып ағайын-туыс, бауыр болып кеткен адамдармыз. Әжелер ансамблінің мүшелерінің бәрі отбасында да, қоғамда да өзіндік орны бар аяулы, құрметті жандар. Сол көп әженің ішінде маған туыстық жағынан ең жақыны – Күлбаһарам Әлшоразова. Әкем Жұмабек Мол­жановтың Бибізада деген апасы болған. Сол Бибізада апамыздың ұлының есімі Қыдырбек Мешітбаев. Ал Күлбаһарамның өзі табынның қызы әрі біздің жиеніміз Қыдырбектің аяулы жары. Сондықтан осындай ағайындас жанның сахнада жүр­геніне қуаныштымыз, тілектеспіз. Лайым, тек той-қуаныштың бел орта­­сында әсем әннен шашу шашып, аман-есен жүре берсін. Қара­пайымдылық пен тазалықты ту еткен ана ұрпақтарының әркез қызы­ғын көрсін, – дейді Қызылорда облы­сының құрметті ардагері Төре­бек Жұмабекұлы.

Оқуы мен тоқуы ұштасқан, көп­ті көрген ардагерден асырып не айтуға болады?! Біз бұл пікір тек бір ардагердің ғана емес, бүтін бір ауыл халқының пікірі деп қабылдаймыз. Өйткені расында да Күлбаһарам Әлшоразова қарапайымдылық пен таза­лықты ту еткен ардақты ана, аяулы әже. Ол 1966 жылы 1 ақ­панда қазіргі Нағи Ілиясов ауылында (бұрынғы Карл Маркс ауылы) Қыдырбек Мешітбаевпен бас қосып, үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір ұрпақтарынан 15-ке жуық немере және бірнеше шөбере көріп отырған ардақты әже.

– Үйдің үлкені Роза қызым 1966 жылдың тумасы. Ол қазір Екатеринбург қаласында тұрады. 1971 жылғы Светлана Шымкенттегі М.Әуезов атын­дағы мемлекеттік университетте оқытушылық қызмет атқарады. Ұлдың үлкені Серікжан біздің жолымызды қуып, шаруашылықта еңбек етуде. Күрішші ретінде озаттар қатары­нан көрініп келеді. Бауыржан Астана қаласында жеке секторда жұмыс істесе, кенже қызым Гүлжан аудан орталығында ветеринар дәрігер. Ұл-қыздарымның бәрі аяқтанған, немере-шөбере сүйгізіп отыр. Бәріне шүкіршілік етемін. «Ақ әжелер» ансамблінің қатарында өнер көрсетіп, ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып жүргенімді зор бақыт санаймын, – дейді еңбек ардагері.

К.Әлшоразова «Ақ әжелер» ан­самблінің 2008 жылдан бастап мү­ше­сі. Ол кісі жеке дауыста да ән шырқайды. 15 жылдан астам уақыт бойы өнер өлкесінде өзіндік орнын қалыптастырған ардагер ана талай рет байқауларда топ жарып, абы­рой­дың биігінен көрінді. Ұлы Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін нақышына келтіріп орындап, бас жүлдеге ие болды. Республика бо­йынша ұйымдастырылған халық­аралық байқауда халық әні «Беу, айдай» әнін орындап, бұл жолы да бас жүлдемен марапатталды. Кейіп­керіміздің ақындық өнері де бар. Мұнан бөлек бірер жыл бұрын аудан көлеміндегі жазба ақындар арасында ұйымдастырылған «Туған жер тұнған шежіре» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасына қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болғанын айтып өтуіміз қажет. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтің 90 жыл­ды­ғына орай өткізілген аудандық жазба ақындар мүшәйрасында да бас жүлдемен марапатталған. Мұнан бөлек «Ән бесік тербеткен ана» атты бесік жыры мен немереге ертегі айту байқауының жеңімпазы атанған. Бұл марапаттардың барлығы өнерлі әженің ізденісінің, белсенділігінің, өнерге деген құлшысының жемісі.

Осындай жетістіктері бар өнер­лі жанды ар­дақты да аяулы ана деп айтуы­мызға болады. Есімі мен еңбегіне ардақты, аяулы деген тіркестердің қоса айтылуы Күлбаһарам Әлшоразованың беделін биік­тетіп тұрғандай. Лайым сол бедел бұдан да жоғары биіктеп, еңбек ардагері ел-халыққа әнімен қуаныш сыйлай берсін, «Ақ әжелер» ансамблінің мерейлі мерейтойы құтты болсын!

Ақтөре Ибрагимұлы
14 қыркүйек 2024 ж. 288 0