Тарихқа айналған мұғалімдер көшесі
Қай мекен болсын, сол жердің тарихымен ұштасып, астасып жататын көше бар. Соның бірі Қоғалыкөл ауылының тамырына айналған – Ыбырай Алтынсарин көшесі. Бұрыннан «Мұғалімдер көшесі» деп аталып келе жатқан күре тамырда 77 отбасының шаңырағы орналасқан. Бұл көшенің аталуы да тұрғындар арасында өзіндік бір тарихы бар әңгімеге айналған.Ұзындығы 1700 метрді құрайтын көшеде 600-ден астам тұрғын мекен етуде. Көше бойында әлеуметтік нысандар бой көтермесе де, ауылдың негізгі тамыры іспеттес. «Мұғалімдер көшесі» атауының шығуы ертеректе пайда болған деседі. Ауыл тұрғындарының арасында тарих боп өрбіген бұл әңгімені осы Ы.Алтынсарин көшесінің байырғы тұрғыны, 37 жыл мұғалімдік қызмет атқарған ардагер Гүлжауһар Әдікенова айтып берді.
– Осы ауылда туып, туған жерде қызмет еттік. Оқуымды аяқтап келгеннен кейін 1969 жылдан бері ауылдың білім ордасында бастауыш пәнінің мұғалімі қызметін атқардым. Сол жылдан бері бұл көше Ы.Алтынсарин атауымен аталған. Бірақ ауыл халқының арасында «Мұғалімдер көшесі» болып айтылып кеткен. Бұл атау мен ес білгелі бар. Негізі бұрындары көше бойында мектеп болған. Бірақ көпшіліктің айтуы бойынша осы көшеде мұғалімдер тұрған екен. Сол 70 жылдарда мектепте директор болған кісі де, сол кездердегі мұғалімдік қызметте еңбек еткен жанның біршама бөлігі осы көшенің бойында тұрған. Тіпті олардың бала-шағасы да ата-аналарының ізін қуып, ұл-қыздары ұстаздық етуде. Содан болса керек, бұл көшені «Мұғалімдер көшесі» деп атап кеткені. Осы атауының құрметіне қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы, қоғам қайраткері болған Ыбырай Алтынсариннің есімі берілген екен. Әлі күнге дейін мұғалімдер тұрады. Бұл «Мұғалімдер көшесі» атауы сол жылдардағы мұғалімдердің қалыптастырып кеткен ұғымы десек те болады. Қазіргі таңда да ауыл арасында Ы.Алтынсарин көшесі емес, «Мұғалімдер көшесі» деп аталып жүр. Көшенің ресми атауы да, байырғы халықтың қалыптастырған ұғымы да бір мағынаға тоғысқандықтан бұл ұғым әлі қолданыста болары анық, – дейді ардагер ұстаз.
Кез келген тұрғыннан қай көше екендігін сұрасаң, жауабы «Мұғалімдер көшесі, Ы.Алтынсарин көшесі ғой» дейді. Расында бұл атауды халық өзі шығарып, ол ұрпақтан-ұрпаққа тарап, әлі күнге дейін ұғымның сақталуы көшенің тарихына тікелей байланысты. Күре тамырға айналған «Мұғалімдер көшесінде» әлі де көптеген ұстаздар отбасымен тұрады екен. Бұл қалыптасқан атау алдағы уақытта да жалғаса берері анық. Қазақтың алғашқы ағартушы-педагогы, мектептің қалыптасуына өзіндік ізін қалдырған ұлағатты тұлға Ыбырай Алтынсариннің есімі де, мұғалімдердің құрметіне қойылса керек.
Г.ТАБЫНБАЙ










