Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол
Қазаның қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті. «Тумақ бар жерде өлмек бар» деп жаралы жанды жұбатуға тырысқанмен, жақынынан айырылған адам үшін аспан жерге айналып түскендей, бір қанаты қайрылғандай күй кештіретіні рас. Мәңгілік мекеніне қайтқан кісінің жақындарына көңіл айтып, қайғысын бөлісу – мұсылман адамның парызы. Бірақ тас түскен жеріне ауыр.
Мынадай жағдайды жиі байқап, қайран қаламыз. Қаза болған үйге көңіл айта барғанда жақын-жуықтан бастап келімді-кетімді кісі дәмнен ауыз тиеді. Келушілерге арнап кеңінен дастарқан жайылады. Келушілер санына қарай бірнеше бөлмеге дайындалуы мүмкін. Әрине жаны ашып, келгендерге қызмет көрсететіндер – дүниеден өткен кісінің жақындары. Құдайы-астың дастарқаны той дастарқанынан кем болмайтыны, оны көпшілік айтқанымен бұл мәселе әлі де біріздендірілмей келе жатқанын былай қойғанда, сол дастарқан басында пәтуасыз әңгіменің айтылуы бізге тым ерсі көрінеді.
«Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» екені белгілі, бірақ қазалы үйге көңіл білдіре барғанда дастарқан басында дарылдап саясатты қозғап, сонау тарихтан «сыр шертіп», «даналық» көрсетудің қажеті қанша?
Өз басым бұндай жағдайға бір емес, бірнеше мәрте кезіктім. Есік алдында марқұмның туыстары жүрегі қарс айырылып, келушілермен көрісіп, әлсін-әлсін Құран оқылып жатса, көрші бөлмеде отырған бір қария дарылдап, сонау Әмір-Темірдің заманын тілге тиек етіп, әргі-бергі естіген-білген саясатын қозғап, әңгіменің «қызығына» батып отыр. Үлкен кісілердің құлағы дұрыс естімеген соң, айғайлап сөйлейтіні және бар. Әрине, саясат, арғы-бергі тарих қозғалған жерде білсе де, білмесе де тақырыпты қоштап, әңгіменің «көркін қыздырушылар» да табылады. Үй иелері әлсін-әлсін келіп, дастарқанды реттеп кетеді. Әлгі кісімізге тоқтау жоқ. Имамның Құран оқығанында да даусын бәсеңдетер емес. Замандастарынан «қой» дейтін адам табылмаған соң, үлкен кісіге «ескерту» жасауға біздің хақымыз да жоқ. Сонымен ешкім үндемеді. Әлгі кісі отырысқа келгендей бар білгенін айтып, ас қайырылған соң бәріміз тұрып кеттік. Бірақ әлгі жай ойымнан кетпей қойды. Бір емес, талай рет бұндай жағдайға куә болдық. Тіпті жаназа шығарылып жатқанда көрші бөлмеде отырып сыбыр-сыбыр әңгімеге, ырқыл-жырқыл арсыз күлкіге ерік беретіндер де бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тастың ауырлығы түскен жеріне анық сезілері белгілі. Десе де қайғыны бөліспекке, қол жайып дұға етуге жиналған жұрт неге ең болмаса жарты сағат марқұмның жақсы істерін тілге тиек етіп, іштей білетін дұғасын жасап, туыс яки танысының мәңгілік мекенінің жайлы болуын тілемеске?! Бұл – біздің ойымыз.
Одан кейін ас та төк дастарқан туралы айтып қалдық. «Қаралы үйдің қазаны қайнамайды» деген бар. Бірақ қазіргі көп ырымның мәнінен «сәні» көп. Алыс-беріс, бәсекеге бағытталған дастарқан... Ниет – садақа ас беру болуы керек. Тірілердің ішкен асы да, киген киімі де өмірден өткен адамға сеп бола алмайды. Тек қол жайып, ниет етіп, Құран оқуы ғана шапағатшы болады.
– Шариғат бойынша қаралы үйде үш тәулікке дейін ас-тамақ берілмеуі керек. Бұрынырақта кісі бақилық болса, туған-туысы азық-түлігін көтеріп келіп, қаралы үйге ауыртпашылық түсірмейтін болған. «Қаралы үйдің қазаны қайнамайды» деген де содан шыққан. Қазіргі кезде осындай жағдайда қарызданып, ысырапшылдыққа бой алдыру жиі болып жатады. Діни жоралғыларды жасау орынды, бірақ ысырапшылдыққа жол бермеу керек, – дейді аудандық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы.
Иіс шығару, құдайы ас беру деген бар екені белгілі. Бірақ бұл жерде де бәсекеге, ысырапқа, асты қорлауға жол берілмеуі керек. Тіпті қаралы үйде отырып «көк шай әкел, газдалған су әкел» деген сияқты «арман-тілек» айту да орынсыз әрі мәдениетсіздік деп ойлаймыз. Сонымен қатар ер мен әйелдің көрісуінде, қорым тұрғызу сияқты мәселелерде де ескеретін жағдайлар көп. «Қазалы үйге алты кісі жылап келсе, алпыс кісі сынап келеді» деген де текке айтылмаған. Торқалы тойдың жөні бөлек, топырақты өлімнің жөні ауыр. Ауқымды әрі ауыр тақырып барысында имамға құлақ асқан жөн. «Тартады аққу – көкке, шаян – кейін» дегендей, әркім өзінікін жөн санап, өнбес дауға айналдыра берсе, діннің де, дәстүрдің де берекесін қашырарымыз анық.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ