Тереңөзек Үндістанға айналмауы тиіс
Қай кезде болмасын көше біз үшін үйден кем емес. Кей кезде үйге қарағанда қоғамдық ортада көп жүріп қаламыз. Сол кезде көшедегі оқиға, барлық жағдай адамды елең еткізбей қоймайды. Бұл жерде адамның өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, айналасындағы тазалықты сақтауы, одан бөлек мәселенің бәрі де айналып көше мәдениетіне келіп тіреледі.
Көше – көпшілік орта болған соң мұнда мәдениеттілікті сақтау міндет. Осы тұрғыда адамнан көп нәрсе талап етіледі. Тіпті, осы көше мәдениетін сақтаудан адамның шынайы келбетін тануға да болады. Көпшілік ортада қоқыс лақтырып, түкіріп, біреудің мазасын алу, жолдың қақ ортасында тұрып алып дау-дамай шығару – бұл көшенің бейәдеп қылықтарына жатады. Жалпы айтқанда, көше мәдениеті – адамның тәлім-тәрбиесінің, ой-білігінің таразысы деуге толық негіз бар. Өйткені тәрбиелі, парасатты адам көшеде мәдениетсіздік танытпайды.
Көше мәдениетін қаузағанда алдымен тазалық мәселесіне тоқталсақ. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» дейді дана халқымыз. Барлық нәрсе тазалықтан басталатыны тағы бар. Демек, тұрғындар тазалық сақтауды табалдырықтан бастап, көшенің тәртіп, тазалығына да аса мән бергені дұрыс. Өйткені қоршаған орталың лас болуы айналып келгенде сол жерді мекен ететін халыққа зиянын, кесірін тигізеді. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей сол елдің, көшенің тазалығына қарап тұрғындардың қандай екенін бағамдай беруге болады. Сондықтан әрбір адам туған жеріне, көшесіне, ауласына жаны ашып, тазалығына тап-тұйнақтай болғаны жөн.
Қазіргі таңда сенбі сайын көшелерге тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараға көбіне мемлекеттік мекеме, бөлім қызметкерлері жұмылдыруда. Осы орайда көшені шөп-шаламнан, күл-қоқыстан тазартуға тұрғындардың да бір кісідей атсалысқаны дұрыс. Себебі сол жердің тазалығына тікелей жауапты – тұрғындар екені белгілі. Олар мәдениеттілікті сақтап, көшені ластағаннан гөрі тазартуға жұмылғаны құптарлық жәйт.
Осы жерде тағы бір мәселе бар. Ол – тұрғындардың төрт-түлік малға ие болуы. Әрине, ата кәсіп болған – малды ұстап, оның пайдасын көру тұрғысында айтар уәж жоқ. Алайда малын қорадан шығарып жібере салып, ол көше ортасында көпшілікке кесірін тигізіп жатса, оған бей-жайлық танытуға болмайды. Көшені кезіп жүрген мал жұртшылыққа кедергі келтіріп қана қоймай, жол апатының болуына, көшенің ластануына себепші. Сондықтан да осыған қатысты тұрғындардың жауапкершілігі болуы қажет. Мал ұстаса, байлап бағып немесе жайылымдыққа қарай айдап, бақылау жасағаны жөн. Қараусыз жүрген мал ұры-қарының да оңай олжасы екенін естен шығармаған абзал. Сол себепті малды көшеге жіберіп қойып, қараусыз қалдырмау қажет.
Түптеп келгенде, көше тәртібі, мәдениеті – баршаға ортақ. Оны сақтау – жергілікті тұрғындардың бәріне міндет.
Е.БЕРКІНБАЕВ