Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол

Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол

Дана Абай «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол...» дейді. Иә, топырақты өлімнің жолы қай кезде де ауыр. Бақилық болған жанды ақтық сапарға жөнелту, қаралы жанға барып көңіл айту мұсылманның парызы саналады. Ал осы жоралғыларда қайғыға ортақтасу емес, пендешілік пиғылдар көп орын алып жататыны жасырын емес. Бүгін осыны қаузап көрсек.

Жаназа намазының үкімі бірізді болуы тиіс
Мұсылманның мұсылман алдында өз міндеттері, хақылары бар. Соның қатарында бір кісі қайтыс болғанда оның жаназа намазына қатысу – мүминнің міндеті. Осы материалды дайындау барысында біз аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқаровпен сұхбат құрдық. Бас имамның айтуынша, қандай кісі қайтыс болса да шариғатқа сәйкес 4 үкім бо­йынша жаназасы жасалады екен. Ең бірінші – мүрдені суландыру, ғұсылдандыру. Екіншісі – ақ матамен кебіндендіру. Үшіншісі – жаназа намазын оқу болса, соңғысы – ақтық сапарға шығарып, қабірге қою. Міне, осы үкімдерді дұрыс орындау арқылы мұсылмандар пен­дені бақилық сапарға шығарып салады.
Осыдан он шақты жыл бұрын жаназа намазын орындауда бірізділік болмағаны баршаға аян. Олай дейтініміз, бір кісі о дү­ниелік болғанда оны ақтық сапарға жө­нелтуде көпшілік асыға бермейтін. Яғни 2-3 күн мәйітті сақтап, жер қойнына тапсыруда асығыстық танытпады. Оған қоса, мүрдені сақтап, қаралы үйде мәйіт үстінде дастархан жаю да орын алды. Осыған орай, аудандағы мешіт имамдары мен елді мекендердегі ақ­сақалдардың жан-жақты түсіндіруінің нәти­жесінде жаназа үкімін орындау бірізге түсті. Жұртшылық мүрдені көп ұстамайтын болды, қаралы үйде дастархан жаю да тыйыла бас­тады.
«Айтсам тілім күйеді, айтпасам дінім күйеді» дегендей, жоғарыда аталған үкім­дерді орындау барысында да кемшіліктер кездесіп жатады екен. Мәселен, «сүйекке кіру» деген бар, яғни мүрдені суландыру. Осы үкімді орындауда ауданда «4 адам сүйекке кіру керек» деген түсінік қалыптасып қалған. Негізінде, шариғат бойынша 1-2 адамның өзі мүрдені ғұсылдандыра алады екен. Сүйекке кірген адамның қайтыс болған кісінің етжақын туысы болуы шарт. Сондай-ақ мүрдені суландыруда бұл рәсімді білетін адамның қасына имам-молданың қатысуы шарт емес. Керісінше, білмеген жағдайда дін қызметкерін арнайы қатыстырады.
Бізде мәйітті ғұсылдандырған адамдарға киім-кешек таратып жататын үрдіс те бар. Яғни, «Басын жуған адамға бас киімін бермесе, басы тоңады», «Аяғын жуған адамға аяқ киім бермесе, аяғы тоңады» деген түсінік қалыптасқан. Бас имам мұндай жоралғы шариғи үрдіс емес екендігін айтады.
– Жаназа намазына қатысу – парыз-кифая. Бұл дегеніміз – жаназа намазына бірнеше кісі қатысса, басқа мұсылмандардың міндеті мойнынан түседі. Ал жаназа намазына ешбір адам қатыспаса, барлық мұсылман Алла алдында күнәһар болады. Сондықтан жаназа намазының үкімін орындағанда бі­різділік танытып, өз міндеттерімізді дұрыс орындауымыз керек, – дейді бас имам А.Асқаров.

Қаралы үйдің қазаны қайнамайды
Қазаның қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті. Десе де осы жерде аста-төк дастархан, ысырапшылдықты айтпай кетуге әсте болмас. Өзі жақынынан айрылып, қам кешіп отырған жанның қайғысына ортақтаса жүріп, оларды жан алқымнан алатынымыз тағы бар. Ондағымыз ерлер жағы соятын семіз мал іздеп әлекке түссе, әйелдер жағы ала дорба арқалап, базарлардан құдды бір тойдың азық-түлігін тасумен жүреді. Тіпті, жыртыс жыртып, жеміс-жидек, өрік-мейіз әкеліп, салаттың неше түрін жасау көріністері санамызда әбден орнығып алғаны соншалық, мұны қалыпты үрдіс санап, мән бермейтін болғандаймыз. Ал мұндай жағдай шариғатта құп көрілмейді.
– Шариғат талабы бойынша қаралы үй­де 3 тәулікке дейін ас-тамақ берілмеуі керек. Бағзы заманда кісі бақилық болса, ағайын-туыс, жекжаты азық-түлігін көте­ріп, қайғыдан қам жеп отырған қаралы үйге ауыртпашылық салмайтын болған. Қаралы үйдің қазаны қайнамайтыны содан. Ал қазіргі жағдай бәрімізге аян. Азық-түлік, сойылатын малға қажетті қаражаттың бәрі қаралы үйден шығып жатады. Оның ақыры қарызданып, қауғалануға, аста-төк дастарханға, ысырапшылдыққа әкеліп соқтырады. Асылында, қайтыс болған адам­ның бейсенбілігін, қырқын, жүзін беру діни жоралғыларға жатпайды. Сондықтан да қан­дай да бір адамның бейсенбілігін, қырқы мен жүзін бере алмай жатқан жағдайда ағайын-туысы Алланың және мүрденің алдында айыпты болып есептелмейді, – дейді аудандық мешіттің бас имамы.
Осы тұста, тағы бір мәселе бар. Қайғылы жанға арнасын айтып, көңілін сұрай баратынымыз айқын. Арнайы ас дайындалып, дастархан басында Құран бағышталады. Сол бір сәттерде ысырапшылдықпен қатар, бейәдеп жағдайлар орын алады. Бір бөлмеде етжақындары қайғыдан қара жамылып отыр­­са, келесі бір бөлмеде дүниелік әңгіме­лер айтылып, көңіл сұрап келгендердің кү­ліп отыр­­­­­атынын қайтерсің?! Жылап кіріп, күліп шығудің әбестік екенін жұрт білсе екен дейміз.
Қайғыға ортақтасып, көңіл сұрай келгенде де көрісудің өз әдебі сақталғаны абзал. Олай дейтініміз, асыл дініміз бөтен ер кісінің бөтен әйелмен қол алысып, төс қағыстырғанын құп көрмейді. Жалпы, әйел адамға етжақындарымен ғана құшақтасып, көрісуге рұқсат етілсе, басқа жағдайда тек ауызша көңіл айтқаны жөн дейді имамдар.

Бейіттегі бәсекелестік – бос мақтандық
Жаназа үкіміндегі ақтық сапарға шы­ғарып салу, яғни мәйітті қабірге қоюда да кемшіліктер кетіп жатады. Ең алдымен, қабірді қазуда бағыт-бағдарды айқындап алғанымыз жөн. Мұсылмандардың басты бағдары – Құбыла екені белгілі. Дін өкілдері біздің тұрғылықты жерімізге қатысты қабір қазылғанда мүрденің басы солтүстік-батысқа бағытталып, жүзі Құбылаға қарауы тиіс дейді. Ал мәйітті қабірге қойғаннан кейін бетіне жабылатын ағашқа аса мән беру керек екен. Өйткені, көпшілік пойыз жолдан шыққан ескі шпалдарды қойып жатады. Олар пойыз жол бойында нәжістенетіні белгілі. Сол себепті қабірге жағдайға байланысты таза ағаш қойған ләзім.
Біз қайтыс болған кісінің үйіндегі дастарханында бәсекелестігімізді тыймай, бейіт басында да бос мақтанға салынатынымыз жасырын емес. Алла алдында барлық пенде бірдей екенін білсек те, бейіт салуда атақ-даңқ, абыройын таразылаймыз. Соған сай бейіт емес, күмбездетіп тұрып үлкен үй салынады. Осыдан бәсеке туындап, қазір қорымдардың қасына өтіп бара жатып, кішкене «қалашықты» көргендей боласың.
– Бейітті төрт құлақ етіп көтерген сәтте орта бойлы адамның кіндік тұсынан аспауы тиіс. Ал егер қабір сыртында қоршауы болса, басына көктас қойып, төрт құлақ етіп бейіт көтеру шарт емес. Жалпы, бейіт салуда бәсекелестіктің қажеті жоқ, – дейді А.Асқаров.
Қорымдардағы зираттың зәулім-зәулім етіп салынуын еңбек ардагері А.Сматов да құптамайды.
– Әке-шешеміз бізге бейіттер біршама уақыт өткен соң жермен жексен болып кетуі керек дейтін. Ол кезеңдерде зираттар кесектен тұрғызылатын. Ал қазір бейіттер бірыңғай қыштан салынады. Оның үстіне қорымда бәсеке көп. Бірі-бірінен биік. Күм­бездеп үлкен етіп салғандарды көргенде кәдімгі тұрғын үйлерден асып кетеді. Бұлай кете берсе, қорымдар қала болады, – дейді ардагер.
Бейіттерге көктас қоюда да өзіндік тәртіп сақтала бермейді. Негізінен, көктас қабірде жатқан мәйіттің ата-тегін, оның кім екенін білдіреді. Ал қазір оған қайтыс болған кісінің суреттерін қашап салдыратын болған. Бұған шариғатта тыйым салынған. Сондықтан жұрт­шылық ортақ талап-тәртіпті ұстанғаны дұрыс.

Карантиндегі жаназа
Әлемде індет жайлағалы қаралы хабар көбейді. Елімізде 2021 жылғы 22 сә­уірдегі мәлімет бойынша 297839 адам індет жұқтырып, олардың 254971-і жазылып шыққан. Ал қауіпті кеселден 3483 адам қаза тапқан. Бұл жұқпалы індет биыл да өршіп, қазіргі таңда өңір қызыл аймаққа енді. Бұл көрсеткіштер елімізде, аймақта жағдайдың мәз емес екендігін көрсетеді.
Осы тұста, індет жұқтырып, соның салдарынан қайтыс болған жандардың жаназасы арнайы мамандар арқылы жүзеге асырылады.
– Өңірде індет салдарынан қайтыс бол­ған науқастар болғанымен ауданда мұндай жағдай орын алған жоқ. Дегенмен елімізде коронавирус індетінен қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі бекітілген. Егер ін­деттен науқас қайтыс болса, мәйітті медицина мамандары кебіндеп, орап береді. Мәйітті үйіне апармайды, бірден қорым басына жеткізіледі. Жерлеу рәсімі эпидемиолог маман, имам және марқұмның ең жақын туыстарының қатысуымен жасалады. Бұл жерде ара қашықтық сақталып, барлығы арнайы киім киген мамандар арқылы жүзеге асырылады. Жерлеу рәсімінен соң акт жасалып, мәйітті апарған техникаға, құрал-жабдықтарға дизенфекция жасалады, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Омарова.
Қазіргі эпидахуалдың күрделі кезеңінде көпшілік жерге жиналуға болмайды. Ал қазалы үйге барып, «жығылған үстіне жұдырық болмаудың» да амалын жасаған абзал. Көңіл айтқанда да қол алысып, құшақтасудың қауіптілігі жоғары екені анық. Сондықтан қазіргі жағдайда барынша сақ болып, бір-бірімізге жанашырлық танытқан дұрыс. Қайғыдан қара жамылмас үшін қауіпті індеттен қорғанып, сақтыққа аса мән беріп қарау қажет.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
24 сәуір 2021 ж. 794 0