Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаназа дастарханы жарысқа айналмасын десек...

Жаназа дастарханы жарысқа айналмасын десек...

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Иә, қаралы үйдің және ­ас-құдайының дастарханына қа­тыс­ты мәселенің айтылғаны қашан?! Бі­реудің кісісі өмірден өтіп, қайғы жамылып отырса да аста-төк дастархан жайып, марқұм үшін сауап жинауды емес, адамдар алдындағы мақтанды ойлаумен әлекпіз. Соның салдарынан бүгінде ысырапшылдыққа бой алдырдық.
Қазір барлығы бәсеке екені рас. Біреу бі­реуден қалып бара жатса, қарызданып, қау­ғалану таңсық болмай қалды. Десе де қимасы кетіп, қиналып отырғанда бәсекеге барудың қажеті қанша? Асыл дінімізде ысырапшылдыққа жол берілмейді. Құран Кәрімнің «Исра» сү­ресінде «Ысырап қылушылар шайтанға туыс» делінген. Демек, аста-төк дастархан жа­йып, ысырапқа бой алдыру – құптарлық жағ­дай емес.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын даярлап, онда құдайы ас беру тәртібі нақтыланған. Ондағы пәтуалар ысырапшылдыққа жол бер­меу­ге негізделген. Бұған кейбір өңір халқы бой­ұсынса, кейбір өңірлерде құдайы астың ас мә­зірі той-томалақтыкімен бірдей.
– Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан өңір­лерінде жергілікті халық жаназа дас­тар­ханының ас мәзірін бекітіп алған. Сол бойынша ысырапшылдыққа жол бермейді. Ал біздің өңірде бұл әлі бірізділікке түскен жоқ. Негізінде марқұм артынан сауапты, өнегелі іс жасаған абзал. Алайда біз қазір мансап, абыройды ойлап кеттік. Соның салдарынан қарызданамыз, өзіміз қиналамыз. Бұған тоқтау қоятын уақыт жетті. Жергілікті халықпен біріге отырып, дастархан ас мәзірін бекітіп алған дұрыс, – дейді аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлы.
Бас имам ауданда жаназа тәртібіне қатыс­ты бірізділікке түсіп келе жатқан дүниелер бар екенін айтты. Атап айтқанда, қазір алыс­тан көңіл айтып келген ағайын-туысқа ғана қонақасын беру, оның дастарханын көршінің үйінде жаю және мүрдені бірнеше тәулік ұс­тамау қалыпқа түсуде. Ал жаназа дастарханында әзірге тоқтам болар емес.
– Жаназа дастарханы барлықты, яғни дү­ниені көрсете мақтанатын мекен емес. Ол азалы да, қазалы жер. Мұнда бір жағы қара­пайымдылықты таныту болса, бір жағы ағыл-тегіл ысырапты тыю бар. Осы тұста, ауданға қа­расты Асқар Тоқмағамбетов ауылында жаназа рәсімі мен ас мәзіріне қатысты жақсы үрдіс қалыптасты. Елді мекендегі ас-құдайыда той секілді жайнатып дастархан жайыл­майды, – дей­ді бас имам.
Негізінен, аста-төк болмау үшін жаназа немесе құдайы ас дастарханының ас мәзіріне ыстық тамақ, бауырсақ, нан, май, сөк, талқан, салаттың бір түрі кіреді. Ал қазы-қарта, жал-жая, жеміс-жидек, көкөніс, салаттың түр-түрін қою қаралы үйдің дастарханына тән емес. Бұл жерде бастысы – дастархан жаюда емес, дұғада болу екенін естен шығармаған жөн.
Тағы да айта кететін жайт, өмірден өткен кі­сінің қырық күндігін, жылдық асын, құдайы ас берер алдында құрбандыққа шалынатын малды әзірлейтініміз, ол үшін жылқы бағатынымыз жасырын емес. Дегенмен құрбандыққа жылқы малы шалынбайтыны назарда болғаны абзал.
– Жылқы малын құрбандыққа шалуға пә­туа берілген емес. Оның басты себебі ислам шариғатының басты қайнар-көзі Құран Кәрімде: «Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген малдардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бе­кіттік. Өйткені, Тәңірлерің – бір-ақ Тәңір. Сон­дықтан Соған бой ұсыныңдар. (Мұхаммед!) Ықы­ластыларды қуандыр» (Хаж: 34) деп бұ­йы­рылған. Ас-құдайыға барғанда «Қабыл болсын» дейміз. Оның негізі марқұмға осы құрбандықтың, ішіп-жегеннің сауабы тие бер­сін дегенді білдіреді. Сондықтан марқұмға арнайы мал құрбандыққа шалынып, дастархан жайылғанда оның қабірі нұрланатын амалдарды жасауды естен шығармаған дұрыс. Және де аста-төк дастархан жайылмауы қа­жет. Сондай-ақ дастархан басында әңгіме айтып, күліп отыру қаралы үйге ауыр тиетінін ұмытпауымыз керек, – дейді Асхат Асқарұлы.
Асылында, қайтыс болған адамға тиетіні – Құран дұғасы. Сол дұғаның дұрыс болуы жөн амал жасауымызға байланысты. Өмірдегі жалған мансапты ойласақ, дүние салған мар­құмға сауап тимесі анық. Сондықтан жаназа дастарханында жарыс болмасын. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл өміршең екені мәлім.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
12 наурыз 2022 ж. 789 0