Өнерімен өрге жүзген ерекше дауыс иесі
Берекелі де мерекелі Асқар ауылын таланттар тұнған өлке десек, артық айтқанымыз емес. Себебі бұл өлкеден талай талантты өнерпаз бен ерекше дарынды өнер иелері түлеп ұшқан. Солардың бірі – ауданымызға белгілі жас әрі талантты өнерпаз Абылайхан Бәйділдаев.
Сахна төрінде қоңыр үнімен тыңдарманын ұйытып тыңдата білетін Абылайхан Уәлиханұлы өнегелі әрі көпке үлгі боларлықтай берекелі отбасынан шыққан өнерпаз. Өнер иесі – №135 орта мектептің түлегі. Бала күнінен өнерге жақын болған ол мектепте оқып жүрген кезінен бастап ән үйірмесіне қатысып, түрлі байқаулардан жүлделі орындар иеленген. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын талант иесі Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде тәлім алған. «Ән салу» мамандығы бойынша білім алған Абылайхан Бәйділдаев алғашқы еңбек жолын өзінің туып өскен Асқар Тоқмағамбетов ауылдық клубының мәдени-ұйымдастырушы қызметінен бастаған. Жастайынан ән айтуға машықтанған өнерпаз бүгінде ауданымызда өтетін түрлі концерт, мерекелік кештер, іс-шараларда өнер көрсетіп жүрген талантты әншілердің бірі. Білікті маман Абылайхан Бәйділдаевтың өнері мен шығармашылығы аудан жұртшылығына етене таныс. Өнер иесі ерекше даусымен өз тыңдармандарын қалыптастырып үлгерген. Ауылдық клуб жанынан құрылған ән үйірмесінің жетекшісі Абылайхан Бәйділдаев бүгінде шәкірттерін түрлі сайыстарға қатыстырып, дайындап елеулі еңбегінің нәтижесінде алдыңғы орындардан көрініп келеді. Одан бөлек өнер иесі қоғамдық жұмыстарда да өте белсенді. Оған дәлел «Асқар жастары» атты еріктілер тобының беделді мүшесі ретінде атқарып жатқан жүйелі жұмыстарын айтуға болады.
– Негізінен мәдениет саласы сан тарапқа бөлінген күрделі қызмет түріне жатады. Күні-түні белгілі бір уақытпен санаспай мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Өнер мен үшін өмірімнің бір бөлшегі. Өнер әлемінде өзіндік орын қалыптастыру әр өнерпаз үшін үлкен жетістік деп білемін. Өнер жолын таңдауыма қарсы болмай, керісінше жол көрсетіп мені қолдаған ата-анама алғысымды білдіргім келеді, – дейді жас өнерпаз.
Талантты өнерпаз жас та болса бүгінде өрелі өнерінің арқасында талай жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, 2020 жылы Конституцияның 25 жылдығына орай «Qyzylorda» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен патриоттық әндер байқауынан бас жүлде иегері атанып аудан мерейін үстем еткен болатын. Сонымен қоса Жетікөл ауылында өткен аудандық «Ұрпақ ұлықтаған – Ата заң» атты әншілер байқауынан бас жүлде, «Нағыз батыр, ер Нағи» атты аудандық патриоттық әндер байқауынан 1-орын иегері атанған. Бұдан бөлек республикалық «Дала сазы» байқауында жоғарғы деңгейде шәкірт дайындағаны үшін алғыс хат және «Жаз мереке» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасында өнер байқауынан шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп, өнерге деген олардың құштарлығын арттыруда атқарған белсенділігі үшін «Құрмет грамотасын» иеленген.
Ауданның руханият саласын алға жетелеп, талай талантты жастың шығармашылығын шыңдап жүрген білікті маманның еңбегі әркез бағалы. Жаңашылдықтың үлгісін көрсетіп, қазақтың киелі өнерін дәріптеп жүрген жас талант иесі бүгінде көпке үлгі. Өнерлі жас – еңселі ел ертеңі екені айтпаса да түсінікті.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ