Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жайдарлы жаздағы жарқын жетістік

Жайдарлы жаздағы жарқын жетістік

Аудан мәдениетін дамытуға барынша үлес қосып, талай облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, биік белес­тен көрініп жүрген талантты да дарынды жастарымыз аз емес. Мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай аудандық айтулы іс-шарада облыс әкімі Н.Нәлібаевтың Алғыс хатымен марапатталған талантты азамат Абылайхан Қилымханов шәкірті Дінмұхаммед Алмасұлымен бірге Қармақшы ауданында өткен «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық дəстүрлі өнер байқауында бас жүлде иегері атанып, аудан мерейін асырды.

Білікті маман Абылайхан Қилымхановтың өнері мен шығар­машылығы аудан жұртшы­лығына етене таныс. Ол ең алғаш 2006 жылы Сырдария аудандық өнер мектебінің домбыра сыныбына барып, ұстазы Марат Сәдуақастан тәлім алған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, талантты азамат ұстазынан алған білімінің арқасында киелі домбыраның қыр-сырын меңгеріп, құлағында ойнайды. Өнер мектебінде оқи жүріп, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Облыстық «Бозторғай» байқауына қатысып, бас жүлде иеленсе, Атырау қаласында өткен республикалық «Махамбет күйлерінен» өткізілген домбырашылар байқауында жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлаған. Одан бөлек Ақтөбе қаласында өткен «Бақыт Басығараев» республикалық күйшілер конкурсында лауреат атанып, Астана қаласында ұйымдастырылған «Қос-ішек» домбырашылар байқауында арнайы жүлде иегері атанған. Дарынды өнер иесінің бұдан да бөлек жеткен жетістіктері жетерлік.


Домбыраның құлағында ойнайтын Абылайхан бүгінде аудандық өнер мектебінде домбыра пәнінің ұстазы және мәдениет үйінде «Ритм» ансамблінің жетекшісі болып қызмет атқарады. Білікті маман өзінің еңбек жолында көптеген шәкірт тәрбиелеп келеді. Өнерпаздың талантты шәкірттерінің жетіс­тіктері жетерлік. Солардың бірі – облыстық күйшілер конкурсының жүлдегері Дінмұхаммед Алмасұлы.


– Биыл 8 сыныпты аяқтаған Дінмұхаммед – менің талантты, ерекше дарыны бар мықты шәкірттерімнің бірі. Домбыра сыныбында білім алатын ол көптеген байқауда топ жарып, аудан намысын қорғап келеді. Бүгінде шәкіртімнің жарқын жетістіктерін зор мақтанышпен айтамын. Алматы қаласында өткен халықаралық «Бозторғай» байқауында бас жүлде иегері атанып, Астана қаласындағы республикалық «Абыз домбыра» өнер сайысында екінші орынды иеленді. Өзінің бойындағы ерекше талантымен талайды тамсандырған ол жақында Қармақшы ауданы әкімдігінің, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты байқауда бас жүлде иегері атанып, аудан абыройын асқақтата түсті. Талабы таудай шәкіртімнің бұл жеңісі еңбегімнің жемісі деп білемін. Дінмұхаммед болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпаз. Талантты өнерпаздың болашақта биік белес пен шыңдардан көрінуіне зор сенім мен үміт артамын, – дейді Абылайхан.

Аудан өнерін алға жетелеп, талай талантты жастың шығармашылығын шыңдап жүрген білікті маманның еңбегі әркез бағалы. Жаңашылдықтың үлгісін көрсетіп, қазақтың киелі домбырасын дәріптеп жүрген жас талант иесі мен шәкіртінің жеңісі бүгінде көпке үлгі. Өнерлі жас – еңселі ел ертеңі екені айтпаса да түсінікті.


Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
08 маусым 2024 ж. 162 0