Ән өнерімен шабыттанған
Сахна төрінде қоңыр үнімен тыңдарманын ұйытып тыңдата білетін әнші Мөлдір Жүнісбаева – берекелі Бесарықтың ибалы келіні. Үнемі жайдарлы мінезінен таймайтын өнер иесі небәрі 17 жасында үлкен шаңырақтың ақ босағасын аттаған. Жалағаш ауданының тумасы – Мөлдір Бірлікқызы қазақ ән өнерінің белді өкіліне айналу үшін өлшеусіз еңбек етіп келеді.
Ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші ретінде қызмет атқаратын сала маманы 2001-2005 жылдары Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Хорда дирижерлық ету» мамандығын меңгеріп шыққан. Кішкентайынан ән айтуға машықтанған Мөлдірдің бойындағы өнер ұшқынын ең алдымен анасы байқаған екен. Отбасында 2 қыз, 2 ұлдың үлкені бола білген аяулы жан бойындағы талантымен көпті тәнті еткен.
– Алғаш 5 жасымда үлкен сахнаға шыққан едім. Ән айтуға деген қабілетімді анам аңғарып, жан-жақты тәрбиелей білді. Жас кезінде гитара аспабымен ән айтқан анама қызығып қараушы едім. Мүмкін қан арқылы тараған өнерді дамыту – менің құзіретімде болған шығар. Қашанда өнерге құштар жан ретінде мамандығымды жақсы көремін. 17 жыл ауыл балабақшасында музыка жетекшісі атансам, соңғы 4 жылда ауылдық мәдениет үйінде қызмет етудемін. Біз отбасымызда үшінші буын өкілдері өнерге жақындығымен танылды. Яғни, менің үлкен қызым Ақайым кәсіби биші болса, Зарина музыка мамандығын меңгеру үстінде. Мұндайда «Алма ағашынан алыс түспейтіндігін» перзенттерім дәлелдеп бергендей, – дейді Мөлдір Бірлікқызы.
«Шырайлы келіндер» ансамблінің құрамында ән шырқайтын Мөлдір Жүнісбаева – облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Сазгер, «Шапағат» медалінің иегері Рамазан Таймановтың әндерін орындаушылардың «Қазақ қызы» атты облыстық әншілер байқауының дипломанты атанған әнші отбасында жолдасына сүйікті жар бола жүріп, биік шыңдарды бағындыру үстінде.
– Негізінен мәдениет саласы сан тарапқа бөлінген күрделі қызмет түріне жатқызылады. Күні-түні уақытпен санаспай мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен бірге өнерлі балғындарды шығармашылық байқауларға дайындап, қабілетін шыңдау үшін барынша жұмыс жасаймыз. Осындай сәттерде байсалдылық танытып, үнемі биязы қалпымен барлық істін орайын келтіретін Мөлдірдің еңбегін ерекше бағалаймын. Үнемі басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен орындайды. Өнер үшін жаратылған жанды өз басым аса құрметтеймін. Біздің достығымыз бұдан 23 жыл бұрын басталған. Үнемі жанымнан табылатын әріптесім, құрбыма шығармашылық табыс тілеймін, – деді Бесарық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Маржан Дүйсенбаева.
Өз ісінің білгірі Мөлдір Жүнісбаева білім мен біліктілігінің арқасында әлі талай ауыл балаларына ән өнерін жан-жақты меңгертеді деп сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ