Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерімен өрге жүзген

Өнерімен өрге жүзген

Қасиет қонып, құт дарыған киелі Сыр өңірінде өнерлі өрендер көп. Атақты сүлейлердің жолын жалғап, киелі өнердің керегесін кеңейтіп жүрген жас өнерпаздар да бар. Солардың бірі Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны, кішкентай өнерпаз Еркежан Кеңесбайқызы.

Еркежанды мен кішкентай кезінде көр­генмін. Жақсы бір басқосуда еш қысылмай, қымсынбай өлең айтып беріп, отырғандарды таң қалдырған сүйкімді қыздың өнеріне еріксіз тәнті болған едік. Биыл 6 сыныпқа көшкен өнерлі бүлдіршін ән айтуды небәрі үш жасынан бастаған. Балалар жылы аясында дарынды балаларға ақпараттық қолдау көрсетуге арнайы айдар ашылғалы сол кездегі дарынды өнерпаз туралы қалам тербеу ойға оралған еді. Соның сәті бүгін түсті.

Еркежан отбасындағы төрт баланың кіші­сі, алдында екі ағасы, бір әпкесі бар. Өзі дарынды әрі талантты балдырған – оқу озаты. Даусы қазақтың кең даласындай әнші қыз балабақшадағы кезінен бастап түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

– Әншілік қасиет жалпы қазақ халқына жат емес. Әу демейтін қазақ жоқ демекші, Еркежанның өз атасы мен әжесі де, нағашы ата-әжесі де өлең­ге, қазақтың қара домбырасына жа­қын жандар. Қанмен дарыған қасиетті дамытып, талантын шыңдап келеді. Еркежан тек ән айту­мен шектелмеді. Екінші сыныбынан бастап дом­быра үйірмесіне қатысты. Қазір домбыраның құлағында ойнайды. Сондай-ақ мектеп өмірінде де өте белсенді. Білім сайыс­тарына, олимпиадаларға да қатысып, біздің және ұстаздарының мерейін үстем етіп жүр. Қызым қазақ өнерінің жарық жұл­дыздары Бибігүл Төлегенова, Күләш Байсейіт­ова сияқ­ты апаларына ұқсап, қазақтың атын шығарар тұлға болып өссе деймін, – дейді Еркежанның анасы Манат Ахметова.

Ән айтқанда даусы кең даладай сезіліп, жүректерді шымырлататын ерекше да­уыс ие­сі қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, сурет салу пәндерін сүйіп оқиды. Ән-жырдан бө­­­лек өлең жаттап, мәнерлеп оқу секілді байқауларда топ жарып жүрген бүлдіршін өз қатарында көшбасшылық қасиетке ие. Жан-жақтылығымен көзге түсіп, белсенділік танытқан Еркежан биылғы жазғы демалысында мектеп атынан Қапшағайдағы «Балдәурен» тынығу лагерінде демалды.

Кішкентай бүлдіршін бүгінде түрлі са­йыстардан жүлделі орындар иеленіп жүр. Со­ның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда қала­ларында өткен байқаулар – жас дарын иесінің әзірге шыққан ең үлкен бәйгесі. Төменгі сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ республикалық деңгейдегі байқауларда үздік атанған дарын бола­шақта халықаралық дәрежедегі сахналарда өнер көрсетіп, қазақ атын көпке танытарына се­нім кәміл.

Екінші сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатысқан Еркежан бүгінде ауыл­дық клуб жанынан ашылған «Сұлу-ай» өнер орталығында домбырашылық қабілетін же­тек­­шісі Гүлназ Сералиевамен бірге шыңдап ке­­­леді. Ал әнші балдырғанды вокал бөлімінен қол­дап, талантын дамытуға үлес қосып жүр­ген ұстаздары Әсел Ибраева мен Абылайхан Байділдаев.

Еркежан Кеңесбайқызы 2020 жылы Қызыл­­­орда қаласында өткен ХХІІ облыстық «Бозторғай» бай­қауы­ның бас жүлде иегері. Сол жылы респуб­ликалық «Дала сазы» бай­қауын­­да «Аспапта ойнау» номинациясы бо­йынша бірінші орынды жеңіп алған. 2021 жылы «Дарынды өнерпаздар» рес­пуб­ликалық конкурсында ІІ дәрежелі орынмен марапатталған ол 2022 жылы «Сырдария – дос­тық өзені» атты республикалық жас әншілер бай­қауына қатысып, жүлделі орын алып, қала әкімінің арнайы дипломымен марапаталған. Сон­дай-ақ биыл «Мың бала» ұлттық олимпиадасында бақ сынаған балдырған жеңімпаз атанып, тағы бір мәрте ата-анасы мен ұстаздарының мерейін асыр­ды.

Өзі кішкентай қыздың бүгінде жеткен жетіс­тіктері, «Алғыс хат», дипломдары, медаль мен арнайы кубоктары жетерлік. Оның бәрін тізбектеп жазу бізге мүмкін болмады. Айта кетейік, өнер мен білімді қатар алып жүрген кішкентай бүлдір­шін биыл облыстағы Қазақ-түрік мектебіне оқу­ға түскен. Өскенде дәрігер болуды армандайтын өнерпазды Жаратқан тіл-көзден сақтап, әр­дайым жолын ақ етсін деп тілек білдіреміз. Абай Құнанбайұлы айтқандай «Мал жұтағанмен, өнер жұтамайды». Ата-анасының еркесі атанған Еркежан болашақта қай салада жүрсе де, өнерімен өрге жүзіп, қазақтың атын шығарсын дейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 тамыз 2022 ж. 464 0