Күй күмбірі
Аудандық мәдениет үйінде жас өнерпаз Бейбарыс Бакишевтің «Жан серігім – домбырам» атты жеке есеп беру концерті өтті. Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, осы мекеннен түлеп ұшқан Бейбарыс – бүгінгі таңда Астана қаласындағы «Шабыт» колледжінің 2-курс студенті.
Өзі аудандағы әуез мектебінде білім алып, сол кезден бастап талай республикалық, облыстық байқаулардан жүлде алып, өнер көгінде жұлдызы жарқыраған Бейбарыс қысқы демалыс уақытында туған жерге арнап концерт беруді құп көріпті. Ол ойын ата-әжесі әрі өнердегі ұстаздары мен бауырлары қолдап, Тереңөзек халқы тамаша кештің куәсі болды.
Концерт тақырыптық прологпен басталды. Көрермендер залына лық толған өнерсүйер қауымның ыстық ықыласы мен қошеметінен өнерге, өнерпазға деген құрмет айқын аңғарылып тұрды. Жас өнерпаз «Шалқыма», «Сегізінші март», «Қанағат», «Отпан тау», «Атырау», «Бұғының күйі», «Желдірме», «Қарасай Қази», «Алаш аманаты» күйлерін нақышына келтіре орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Күй тыңдаса арқаланып, делебесі қозатын көрермен өнерпазға қолдау білдіріп, рухани мол азық жинап қайтты. Әсем сазды кеш барысында жас өнерпаздар Данил Семенов, Дінмұхаммед Алмасұлы, Нұралы Бакишев, Азиз Темірбек фортепиано және домбырада ойнап, концерттік бағдарламаның көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ кеш иесінің өнердегі ұстазы Абылайхан Қилымханов бастаған домбырашылар күй тартыс ұйымдастырып, халық қошеметін алды. Сонымен қатар Бейбарыстың өнердегі замандастары, жас айтыскер Нұрахмет Мансұров өнерпазға арнау арнаса, дәстүрлі ән орындаушысы Дулат Әбдікәрім домбыраға қосылып ән орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Бейбарыс бала күнінен өнерге, қазақтың ұлттық аспаптарына әуес болып өскен. Бастапқыда №35 И.Тоқтыбаев мектеп-лицейде, кейін аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде білім алған ол білім мен өнерді қатар игеріп, аға буыннан үлгі алып, кейінгіге өнеге көрсетіп келеді.
Ұлттық аспапты қолына алғанда ерекше ынталанып, рухтанып кететін өнер иесінің бойына ерекше құтты өнер дарыған. Ол қазақтың ұлттық аспабы домбыра мен баянда қатар ойнайды. «Balbulaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Өнерге қанат қаққандар» ІІІ халықаралық байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша бас жүлде иеленген ол республикалық, облыстық, аудандық сайыстарда топ жарып, ерекше талантымен дараланып келеді. Кішкентай кезінен домбыраны жанына серік еткен Бейбарыс болашақта мәдениет саласын дамытуға өз үлесін қосқысы келеді. Өнерімен өрге жүзген талант иесінің «Асыл мұра» телевизиялық байқауына қатысуы да үлкен өнерге басқан нық қадамдарынан екенін айта кеткеніміз жөн.
«Алма ағашынан алысқа түспейді» дейді дана халқымыз. Жас өнерпаз ауданның «Құрметті азаматы», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Жантемір Айсин ағамыздың немересі.
– Жігітке жеті өнер де аз. Өзіміз руханият саласында еңбек еткен соң болар, балаларымызды да жастайынан өнерге баулыдық. Әрі Сыр елі – өнер мен мәдениеттің ордасы. Дария жағасында дүниеге келген әрбір азаматтың өнер десе қаны тасып тұратыны анық. Бейбарысты кішкентайынан әжесі екеуіміз ұлттық аспаптарға икемдеп, үйден үйрете бастадық. Кейін домбыра өнерін жандандыруға Абылайхан ағайына, баяннан кәсіби шеберлігін шыңдау үшін Индира апайына оқуға бердік. Талай жылғы еңбектің нәтижесі – өздеріңіз куә болған есеп беру концерті. Кешті жан-жақты ұйымдастыруға, концерттің жақсы өтуіне атсалысқан жандарға алғысым шексіз. Өнер – мәңгі өшпейтін мұра. Жас өнерпаздардың өнері өрге жүзсін, – дейді Ж.Айсин.
Концерттік бағдарлама соңында мәдениет саласының ардагері Сансызбай Сәдуақасов, «Құрмет» орденінің иегері Балшекер Өтегенова, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар жас өнерпаздарға жүрекжарды лебіздерін арнап, концерттің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті. Небәрі он жеті жасында өзінің жеке есеп беру концертін өткізген Бейбарыс Бакишевтің өнеріне тәнті болып, алдағы жолының ақ болуын тілек етті. Сонымен қатар ардагер ұстаз, қажы Сұлупан Шамшадинова жас өренге арнаған ақ батасын жыр жолдарымен жеткізді.
Өнер – халықтың қазынасы, өшпейтін мұра. Сыр елі – талай ақын мен әншіні, жыршы мен жырауды, күйші мен сал-серілерді дүниеге әкелген киелі мекен. Осындай алыптардың ізі қалған өнер өлкесінде өмір есігін ашып, бүгінде ұлылар ізін жалғап келе жатқан өнерпаздың болашағы кемел болсын, өнер көгінде жұлдызы жарқырай берсін деп тілек білдіргіміз келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ