Өнерлі өрен, озат оқушы
«Ел іші – өнер кеніші» деген. Ал, Сыр бойы нағыз таланттар мен өнерлілердің ордасы десек, артық айтқандық емес. Сыр суынан нәр алып, Тереңөзек топырағынан қуат жиған дарынды, талантты азаматтар жетерлік. Осындай дарабоздардың ізін басып, жолын жалғап келе жатқан өнерпаздарымыз да бар.
Кейіпкеріміз Дінмұхамед Алмасұлы өнер десе ішкен асын жерге қояды. Жас дарын иесінің халқымыз киелі санаған күй өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған киелі өнерді кәсіби тұрғыда дамытып жүрген Дінмұхамед бүгінде жетінші сыныпқа көшкен. Аудан орталығындағы білім ордасы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде білім алып жатқан Дінмұхамед үздік оқушылар қатарында. Оқуда озат балғын түрлі қоғамдық жұмыстарда да белсенді.
Дінмұхамед жақында ғана өткен жас домбырашылардың облыстық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталып, ата-анасы мен ұстаздарының мерейін үстем етті. «Балалар жылы» аясында 1 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай күй өнерін насихаттау мақсатында өткізілген «Күй керуен» байқауында топ жарған кішкентай өнерпаз қала әкімі А.Шаменовтің марапатына ие болды. Айтулы байқауда Мырзаның күйі «Мереке» мен Махамбеттің күйі «Жұмыр қылышты» нақышына келтіре орындаған Дінмұхамед көрерменнің көзайымына айналды. Байқау шартына сәйкес қатысушылар бір жергілікті күйшінің күйін және еркін тақырыпта бір күй орындауы керек болған.
– Дінмұхамед өзі кішкентай күнінен домбыраға әуес болып өсті. Әр үйдің төрінде ілініп тұруы тиіс қара домбыраны шертпейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Осы ретте өзім де қол қалт еткенде ұлттық аспаптарда ойнаймын. Бала ұяда не көрсе, өскенде соны іледі емес пе. Дінмұхамедтің домбыраға қызығушылығын байқап, кәсіби мамандармен талантты жетілдіру қажет деп, аудандағы өнер мектебіне бердік. Алғашқы ұстаздары М.Сәдуақасов, Қ.Жүнісов болып, ағайлары домбыраның қыр-сырын үйретсе, қазір жас маман Абылайхан Қилымхановтың жетекшілігімен облыстық байқауларда жеңіске жетіп жүр, – дейді кейіпкеріміздің әкесі А.Есназар.
Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын Дінмұхамед ұстазы А.Қилымхановқа шексіз алғысын білдіреді.
– Үлкен сахнаға енді ғана шығып жүрген маған көлемді байқауда бақ сынау оңайға соқпады. Абылайхан ағай Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған, талай республикалық байқаулардың жеңімпазы. Жетекшім маған үлкен сенім артты және дайындыққа көп күш жұмсадық. Жан-жақты қолдау көрсетіп, тіпті өзінің бала күнгі сахналық ұлттық костюмін ырымдап сыйға тартты. Бұл маған шабыт сыйлады, – дейді талабы таудай күйші бала Дінмұхамед.
Жас өнерпаз күй өнерін жетік меңгеріп, бұл күнге дейін түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген. Атап айтар болсақ, облыстық «Күй анасы – Дина» байқауында жүлделі ІІ орын иеленген. Және LV Республикалық жас музыканттар байқауының аудандық кезеңінде домбырашылар арасында бас жүлдені жеңіп алған. Өнер мектептері білім алушыларының республикалық фестиваль байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын иеленген Дінмұхамед Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Қазағымның бұлбұлы» республикалық байқауында жүлделі бірінші орынмен марапатталған. Өнердегі ұстазы А.Қилымхановтың жетекшілігімен биік белестерді бағындырып жүрген жас өнерпаздың алда алар асуы, шығар шыңы биікте екеніне сенім кәміл. Дінмұхамед болашақта өнерін өрге жүздіріп, күйшілік жолды таңдағысы келеді. Мектеп бітіріп, осы саладағы үлкен жолға қадам басуды мақсат еткен өнерпаз асқақ арманы жолында бүгіннен еңбек етуде. Ендеше Дінмұхамедке арманың асқақ, болашағың жарқын болсын деп тілек білдіреміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ