Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Самарқанның көк тасы ери ме?

Самарқанның көк тасы ери ме?

Наурыз – жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Халқымыз үшін берекелі, мерекелі ай. Күн мен түннің теңеліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, жан дүние тіріліп, көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін жыл басы. Табиғат ана құлпырып, жер бусанып, тіршілік тіріле бастаған шақты қазақ халқы «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп те атайды. Шын мәнінде Самарқанның көк тасы ери ме?

Ішпей-жемей ақынның мас көңілі,
Желіктірді жеңсік ас жас-кəріні.
Тілек бүгін тамады тіл ұшынан,
Жүрек түгіл көрдің бе тас та еріді! Тас та еріді! Көк тасы Самарқанның, – деп Исраил Сапарбай жырлағандай «Самарқанның көк тасы еріген» деген сөздің түпкі мағынасына үңіліп көрсек. Қазақ халқының санасына енген осы бір сөздің астарында теңіздей терең ой жатқаны анық. Еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін наурыз айының ортасында Самарқанның көк тасы еритінінен хабардар. Қытымыр қыс бойы қатып жатқан табиғаттың шуақты көктем келгенде еріп, жаңа кейіпке енуі секілді адамдардың да мейірімі оянып, пейілі кеңіп, кек сақтамай, жер ана да құлпырып, жайнап-жасарады. Көнекөз қариялар күн жылына бастағаннан-ақ «Самарқанның көк тасы еріпті ғой. Енді күн суымайды» деп болжаған. Сонымен қатар халық арасында «Көктемнің келгенін жандыдан балық, жансыздан Самарқанның көк тасы біледі» деген сөз де кең тараған. «Самарқанның көк тасы ериді» деген сөзге байланысты аңыз әңгіме де бар. Бірқатар қазақ ғалымдары наурыз мерекесіне қатысты айтылатын бұл сөздің шынайы яки қиялға негізделгені жөнінде зерттеген. Соның бірі Мұхтар Арын «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әйгілі Әмір Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын. Райынан қайтаратын күн бұл» деп тұжырым жасаған. Ал, Сейіт Кенжеахметов былай түсіндіреді: «Ғұлама Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні Наурызда күн сәулесі тікелей түскенде тас жібиді екен» дейді.


«Самарқаның көк тасы еріген күн». Мұндағы көк тас жай тас емес, асыл тас, лағыл тас деп тұжырымдайды енді бір топ ғалым. Ғылыми атауы – лазурит. Ғалымдардың пайымдауынша, Самарқанның ежелгі атауы – Мараканда. Бұл атаулар қастерлі тас атауына байланысты шыққан деседі. Парсы тілінде «кан» қазіргі «кен» дегенді білдіреді. Яғни, Самарқан «самаргда» (асыл тас) кеніне сәйкес келеді. «Кан» сөзі кейін «канд», «кент» елді мекен, қала, шаһар деген мағынаға өзгеруі мүмкін деген болжам да бар. Қорыта келгенде, «Самарқанның көк тасы еріген кез» деген тіркес өмірдің табиғи бейнесін, оның көрінісін бейнелейді. Ал халық санасында жаратылыс әлемінің түлеуі және жаңа өмірдің бастауы ұғымында да қолданылады.


Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
12 наурыз 2024 ж. 90 0