ТӨРЛЕТ, НАУРЫЗ, СҰЛУ СЫРДЫҢ ЕЛІНЕ
Күн мен түннің теңеліп, жан дүние тіріліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы – ұлт пен ұлыстың жыл сайын сағына күтетін ерекше мерекесі. Өйткені, Наурыз – жыл басы, бұл қазақтың Жаңа жылы. Жер тоңы жібіп, жылғалардан су ағатын кезеңде төрт-түліктің аузы көкке тиіп, мал төлдеп, ақ мол болады. Сол себепті, халқымыз осы думанды мерекеде елде ынтымақ, ырыс, береке, сондай-ақ, ақтың мол болуына тілек білдіреді. Табиғат ана бусанып, тіршілік тіріле бастаған шақты қазақ халқы «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Сондықтан бұл мейрамды еліміз кең көлемде дүбірлетіп, думандатып атап өтеді.
Жылдағы дәстүрге сай сырбойылықтар Ұлыстың ұлы күнін Қызылорда қаласындағы Орталық алаңда айрықша атап өтті. Мұнда сәні мен салтанаты келіскен ақшаңқай 30 киіз үй қатарынан тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз, әдет-ғұрыптарымыз дәріптелді. Әр киіз үйге заманға сай атау берілді. Мәселен, «Шығыс жұлдызы», «Рухани жаңғыру», «Астана қаласына 20 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл» және тағы басқа атаулар беріліп, киіз үйлер атауларына сай безендірілді.
Алаңға жиналған қалың жұртшылық ерекше көңіл-күйге бөленіп, әуелеген ән, күмбірлеген күй ырғағы астында мерекені тамашалады. Салтанатты мерекелік шарадан ерекше әсер алып, Наурыз мерекесін думандатып тойлады, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын қызықтады. Сондай-ақ, арнайы павильондарда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылына» арналған көрме ұйымдастырылып, онда жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері орналастырылды.
Орталық алаңға келген сырбойылықтарды облыс әкімі Қ.Көшербаев Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Биыл біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын тойламақпыз. Наурыз бен Наурыз аралығында Сыр өңірі желкенді жетістіктер мен тағылымды табыстар ордасына айналды. 2018 жыл облысымызда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» болып жарияланды. Сұлу Сырдың сол жағалауынан жаңа қала бой көтеруде. Елордамыз Астананы газдандыру - біздің Сыр өңірінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылығы мол ізгі істермен Наурыз мейрамына аман-есен жетіп отырайық, – деген аймақ басшысы Жаңа жылдың игілігін көре беруге тілек білдірді.
Жыл басы – Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шара ұлттық құндылықтарға толы болды. Мұнда қазақы салт-дәстүрлер насихатталды, спорттық жарыстар өткізілді. Ақ жаулықты аналар ауылдың алты ауызын шырқап, көпшілік аста-төк дастарханнан дәм татты. Қыстан қысылмай шыққан ел Ұлыс күнінің бас тағамы – Наурыз көжеден ауыз тиіп, арқа-жарқа күй кешті.
Облыс орталығындағы дүбірлі тойдың жоғары деңгейде аталып өтілуіне сырдариялықтар да өз үлесін қосты. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер қатарын Асқар ауылымен толықтырып, ақиық ақын шыққан ауданның мерейін көрсетті. Мұнда аудан әкімі Ғ.Қазантаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауданның «Құрметті» азаматтары қадірлі меймандарды, аймақ тұрғындарын күтіп, сый-құрмет жасады. Наурыз мерекесімен көпшілікті құттықтап, Орталық алаңға келгендер Асқар ауылынан дәм татты. Олардың қатарынада ақын А.Тоқмағамбетовтың қызы Аягөз де болды. Жас өрендер ақиық ақынның өлеңдерін оқыса, халықтық-отбасылық «Сәдуақасовтар» ансамблі халық әндерін орындады, күмбірлетіп күй шертті. Олардың өнеріне жиналғандар зор қошемет білдірді.
Мерекелік іс-шара барысында қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру секілді ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, тақырыптық сахналық көріністер мен мерекелік концерт көрсетілді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ