Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы
Сіздерді жаһанға нұрын шашып, көктем алып келген бірлік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың бастауы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өткен мен бүгінді сабақтастырып келе жатқан, сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың төл мерекесі. Бұл күнді жұртымыз «Наурыз келді, Самарқанның көк тасы еріді» деп қуанған. Диқандар жерін жыртып, дәнін ексе, ел іші бұлақ көзін ашып, ағаш еккен, ауласын тазартып, ауылын абаттандырып, жақсы іс бастаған.
Сырдария ауданының халқы жылдағы дәстүр бойынша Наурыз мерекесін биыл да көтеріңкі көңілмен, еселі еңбекпен, берекелі табыстарымен қарсы алып отыр. «Бақ бағалағанның басында тұрады» дейді дана халқымыз.
Біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдық межесіне қарай қадам басудамыз. Осы жылдарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының сарабдал саясаты аясында бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің, ұйысқан елдігіміздің арқасында ғасырға бергісіз сындарлы жолдан аман өттік, көп биіктерді бағындырдық. Өткен жылы біз еліміздің даму бағытын айқындайтын жаңа Президентімізді сайладық.
Ендігі міндет – Тәуелсіздікті ту етіп, тұрақтылық пен татулықты сақтау. Соның негізінде экономикамызды күшейтіп, қоғамды ілгері жылжыту. Төтеннен келген қиындық пен қауіп-қатерлер, шешімін күткен мәселелер де бар. Бірақ халқымыздың ынтымағын сақтап еңбек етсек, алынбайтын қамал, шешілмейтін мәселе жоқ.
Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Баршаңызды Ұлыс күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Құрметпен,
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сырдария ауданының әкімі