Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Самарқанның көк тасы еритін күн

Самарқанның көк тасы еритін күн

Тіл ғылымында семантикалық үрдіс деген бар. Бұл сөздің мағыналық өзгеріске түсуі, яғни сөздің мағынасының аясы кеңейіп немесе тарылуын осылай атайды. Міне, осындай семантикалық өзгеріске ұшыраған сөздің бірі – «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз. Наурыз мерекесіне қатысты айтылатын сөздің шынайы немесе қиялға негізделгенін бірқатар ғалымдар зерттеген. Соның бірі Мұхтар Арын былай деген:
«Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әйгілі Әмір Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын. Райынан қайтаратын күн бұл».
Ал кейбір тұжырымдамаларда «Ғұлама Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні – Наурызда күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібиді екен» деп айтылады.
Қалай болғанда да «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз бар. Жалпы Самарқанның ежелгі атауы Мараканда екен. Бұл атаулар қастерлі тас атауына байланысты шыққан деседі. Парсы тілінде «кан» қазіргі кен сөзі дегенді білдіреді. Сонда Самарқан «самаргда» (асыл тас) кеніне сәйкес келеді. «Кан» сөзі кейін «канд», «кент» елді мекен, қала, шаһар деген мағынаға өзгеруі мүмкін деген болжам да бар. Демек, «Самарқанның көк тасы еріген кез» деген сөздер өмірдің табиғи бейнесін, оның көрінісін бейнелейді. Яғни күн мен түн теңескен табиғаттың бір өлшемі ретінде қолданылуда. Сондықтан аталған сөздің мағынасы өзгерген көне сөз дегеннен гөрі, оның мағынасы керісінше тереңде екенін түсіну қажет.
Ұлттық мерекеге ерекше рух беретін «Самарқанның көк тасы еритін күн» деген сөз шын мәнінде Наурызға керемет рең беріп тұрғандай әсер етеді емес пе?


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
21 наурыз 2020 ж. 1 111 0