Қайраткер-тұлғаны еске алу іс-шарасы өтті
Сыр өңірінің мақтанына айналған қайраткер тұлғалардың қатарында есімі де, еңбегі де ерекше құрметпен аталатын айбатты да айбарлы, текті де тегеурінді, қайратты да қажырлы азаматтардың бірі де бірегейі – Болат Нұрсейітов атамыз еді. Шаңдайкөлдің табанында туып-өсіп, қасиетті дарияны жағалай қоныстанған өлкеде азамат болып қалыптасқан ол елді аузына қаратқан игі жақсының басы болған Нұрсейіт биден, малын үйірлеп санаған бай, қуатты Жанәбілден тараған ұлағатты ұрпақ еді.
Жалынды жастық шағы екіншідүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген Болат Нұрсейітов ел мүддесін бәрінен биік қойған майдангер екенін де айтып өтуіміз қажет. Соғыстың өрті мен отын көзбен көріп, жаны да, жүрегі де жараланған азаматтың елге аман-есен оралып, жүйелі де жемісті еңбек етіп, абырой биігіне көтерілгені бір кітапқа жүк боларлық тарих...
Адал еңбекті ту ету арқылы маңдай терін сарқып, тарихи маңызы бар жұмыстарды атқара жүріп өзі де тарихи тұлғаға айналған Болат Нұрсейітовті сырбойылықтар ұмытқан жоқ. «Таулар алыстанған сайын биіктей береді» демекші уақыт өткен сайын қайраткер тұлғаның есімі де, еңбегі де еленіп, ел-халықтың құрмет-қошеметі артуда. Бүгін сондай бір игі істің куәсі болып, Нұрсейітовтер әулетінің ұйытқы болуымен өткен Б.Нұрсейітовті еске алуға арналған облыстық мүшәйраға және ауызашарға қатыстық.
Текті әулеттің түлегі, елдің жанашыр азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қайрат Нұрсейітов ағамыздың шақыруын қабыл алып, аудан ардагерлері де қайраткер-тұлғаны еске алу іс-шарасына келді. Тереңөзектен Қызылордаға дейінгі бір сағаттық жолда ардагерлер естеліктер айтып, жақсының жақсылығын, жомарттығын, жайсаңдығын тілге тиек етті. Өзім де жақында Сырдағы жас ақындардың ақылшы данасы, жанашыр панасы Дүйсекең – Дүйсенбек Аяшұлы ағамыздың облыстық «Сыр бойы» газетіне жариялаған авторлық мақаласын зор тебіреніспен оқыған едім. Сол мақаладан үзінді келтіре кетейін.
...1958 жылы колхоз шаруашылықтарын ірілендіру туралы СОКП ОК пленумының Қаулысы шығады. Ел осы тұста екіге жарылды. Әркім өзіне тартты. Отырған орындарын суытқысы келмеді. Сол кезде бұрынырақта қосылған бірнеше майда колхоздардың бірі «Абай», бірі «Молотов» болатын. Техникалардың басын біріктіретін «Аламесек» МТС-і Шағанда, «Абайға» жақын. Колхозда техника болмайды, олар оны МТС-тен «натура платаға», яғни, жалға алады. Ал «Ақжарма» арнасы «Комсомолдың» үстімен өтеді. Айтысушылардың негіздемесі осындай. Бұл айтыстың шешуші жиынына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов келеді. Сонда Тоқымбай деген кісі сөз алады. «МТС бізге жақын, техниканы тартқыштап жүрмейміз. Оның үстіне данышпанның атындағы ауылдың солай қалғаны дұрыс» дейді ол. «Тоқымбай айтса, тоқта» деген ел бас шұлғып қалады. Осы кезде Болат Нұрсейітов былай дейді. «Бүгінмен өлшеп, ертеңмен піш» деген, бұрынғылар. Бүгінмен өлшемейік, ертеңге көз жіберген адам бұл өлшемнің екі кез кем екенін көрер еді. Плотина суы тек «Шіркейлі», «Ақжарма», «Іңкәрдарияға» ғана бұрып отыр. Келешек жоғары жақтан үлкен су тоспасының түсетіні анық. Бұл аталарымыз Ұшан деп атаған кең далаға беталды жайылып жатқан көлдердің құрғауына сеп. Сосын үлкен егін алқаптары пайда болады. Колхозды үлкейткен үкімет МТС-тің бір мәселесін шешер. Сондықтан жаңадан бөлініп, үлкейетін ауылды егіске қолайлап, атын «Абай» дейік, бұл ауыл ескі Абай болып қалсын».
Ел ішінің айтысы осымен бітіпті. Болат Нұрсейітов болжағандай, 1962 жылы «Шардара» су қоймасы салынады. Ол жайында дәл сол уақытта әлі ешкім қозғамаған екен. Сонымен бірге, МТС-тер тарап, техникалар колхозға таратылып беріледі де, РСТ-тар құрылады. Міне, бұл заманынан озық туған Болат Нұрсейітовтің көрегендігі еді.
Мұндай мысалдарды, көзі тірі ардагерлер тебірене айтатын естеліктерді ізденген адам табады. «Адамның есімі – оның жарты ғұмыры» десек Болат Нұрсейітовтің өзімен тектес Жаппасбай Нұрсейітовпен кездесуі тіпті ерекше оқиға. Ол кісі Кеңес Одағының Батыры. Бір қызығы қос тұлға соғыс кезінде Уфа қаласында бір рет кездескен екен. Ел аңыз қылып айтатын бұл кездесу олардың екінші кездесуі болса керек-ті.
– Жүр, сені сыйлайын, – дейді Жаппасбай Нұрсейітов.
– О не дегенің, біз сені бүкіл халық болып сыйлауымыз керек!, – дейді Болат Нұрсейітов інілік ізет танытып.
– Бөке, мен ғана емес, сен де батырсың. Өзінің соры болатынын біліп фашистер сенің дәл оң қолыңнан атқан ғой. Міне, енді колхоз командирісің, еңбек батырысың! – деп ризалық білдіріпті Жаппасбай. Жаужүрек Жаппасбай батыр айтқандай, Болат Нұрсейітов шын мәніндегі еңбек батыры бола білді. Ол елдің арқасүйер азаматы, жұрттың жанашыры атанды.
Болат әке мен Жаңыл анадан үш ұл, төрт қыз тараған. Бүгінде өмірден өткен үйдің үлкені Айтмағанбет Қызылорда пединститутын бітіріп, облыстық саяхат бюросының бастығы, Амангелді кинотеатрының директоры, қалалық, аудандық атқару комитеттерінде нұсқаушы, тәуелсіздік жылдары «Ақжарма» ауылының әкімі, мектеп директоры секілді жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Мен Айтмағанбет Нұрсейітов туралы бірер жыл бұрын аудандық газетте кең көлемді мақала жазғанмын. Текті тұлғаның ұрпағы Қанат Нұрсейіт қазір атасының, әкесінің абыройлы жолын жалғап, аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметін атқаруда. Қанат Айтмағанбетұлы бұрын аудан әкімінің көмекшісі қызметін де атқарғанын айта кетейін. Қанекеңнен кейін бұл қызметті 2017-2019 жылдары мен атқардым. Ағамыздан білмейтінімізді сұрап, тәжірибесіне сүйендік. Болат Нұрсейітовтің екінші ұлы Марат Болатұлы да жоғары білімді, мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарып келе жатқан азамат. Қасиеттің қанмен келетіні анық. Болат әкенің елге жасаған жақсылығы да, жомарттығы да, ағайынға алтын діңгек болған адал болмысы да кенже баласы Қайрат ағамыздың бойынан көрінді. Ісі мен сөзі үйлескен іскер азаматты бүгінде сырдариялықтар түгел таниды. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Нұрсейітов ағамыз бүгінде ел сыйлаған іскер, туған жерінің жанашыр тұлғасы. Қайрекең «Далакөлдің» ізіндегі бүгінгі «Ақжарманың» дамуына айрықша үлес қосып келеді. Ауылға мешіт, монша, дүкен, дәмхана салып, ауыл ортасынан Болат Нұрсейітов атындағы саябақ ашты. «Ақжарма және К» серіктестігінің төрағасы еңбеккерлеріне көлік мінгізіп, шамасы жетпегендерге үй салып берді. Ол туралы біз бір емес бірнеше рет жазып, ер еңбегін дәріптеп, насихаттадық.
«Менің ұстазым да, маңдай тірейтін ұлы тұлғам да – әкем мен анам. Жыл сайын бауырларыммен бірігіп, ата-ана аруақтарына арнап ас беруді айнымас дағды қылғанбыз. Мен үшін әкем – тірі адам. Істеген ісімнен кемшілік жіберіп қойған жоқпын ба деп күн сайын оңаша қалғанда әкеммен «сырласамын». Бір жұмысты бастасам да, аяқтасам да әке аруағының алдында есеп беремін…» деп тебіренеді Қайрат Болатұлы. Әкеге құрмет, ата-ана алдындағы перзенттік парыз туралы бұдан асырып не айтуға болады. Бүгінгі жыр мүшәйрасына қатысқан ақындар осыны жырлады. Ер еңбегін өлеңге арқау етті. Айдар Сайлауов, Ұлықбек Тәңірбергенов, Биболат Сәтжан үшінші орын иегері атанса, Назгүл Бердіқожа екінші орынмен марапатталды. Бірінші орынға Ақжол Түменбай лайықты деп танылды. Ақындардың туындыларын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиза Әбілда, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы, айтыскер ақын Нұрмат Мансұр бағалады. Ауызашарда да игі жақсылар есті естеліктерін айтып, әулеттің бірлігі бекем, тірлігі көркем болуына тілеулестік білдірді. Біз де сол тілек-дұғаға қосыламыз, қайраткер-тұлға Болат Нұрсейітов атамыздың, ел анасы атанған Жаңыл әжеміздің жатқан жері жайлы, топыраға торқа болғай! Қасиетті Рамазан айындағы ауызашар рәсімі қабыл болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ