Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыр иесі

Ғибратты ғұмыр иесі

Халқымызда «тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымды сөз бар. Аудан тарихында есімі алтын әріппен жазылатын соғыс және еңбек ардагері Маханбет Бержанов ағамыз туралы ойлай қалсақ осынау мағыналы сөз еске түседі. Майдангердің жүріп өткен жолы, саналы ғұмыры, ел үшін еткен еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан қажырлы үлесі кемі бір кітапқа жүк боларлық тарих десек артық айтқандық емес. Соны ойлап, ой елегінен өткізіп, аудандық газетке майдангер туралы естелік жазуды жөн көрдім.

Есімі аудан жұртшылығына белгілі Маханбет Бержановтың өмірі Сырдария ауданының өсіп-өркендеуімен, қалыптасуымен, даму белестерімен тығыз байланысты. Ол ауданның құқық қорғау саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Адал еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілді. Жұртшылық ол кісінің болмыс-бітіміне, мінезқұлқына, ұстанымдарына, тіпті киім-киісі мен сөз саптауына қарап, тектіліктің, тазалықтың, әділдіктің үлгісі деп санайтын. Жеңіс сарбазы көпшілікке үлгілі қалпынан таймай, өмірінің соңғы күндеріне дейін тік жүріп, тік сөйлеп, нағыз ер-азамат деген атқа лайықты ғұмыр кешті. Сол үшін біз, біз деймін-ау ауданның көзі ашық, көкірегі ояу барлық азаматтары соғыс ардагерін үлгі тұтты.


Кеңестік кезең мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің көз алдымызда. Біздің замандастарымыздың арасында, бізден кейінгі буынның ішінде «бұрын кеңшілік заман еді ғой» деп көп айтылады. Десе де сол кездегі тәртіп, талап, жауапкершілік қазіргіден артық болмаса кем емес еді. Жауапты кезеңде ауданның құқық қорғау саласына жетекшілік еткен Маханбет Бержанов қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, қылмыскерлерді құрықтау мақсатында зор еңбек сіңірді. Әлі есімде «Маханбет Бержанов келе жатыр» десе көпшілік тікесінен тік тұратын. «Тура биде туған жоқ» демекші, ол кісі бәріне бірдей қарайтын, заңды барлығынан жоғары қоятын. Үлкенді де, кішіні де ортақ тәртіпке бағынуға үндеді. Тәртіп бұзып, шектен шыққандарды лайықты жазалады. Аманатқа, жүктелген міндетке адал болып, ардан аттаған жоқ. Сол үшін ел-халықтың құрметіне кенеліп, зор сеніміне ие болды. Алдыңғы буын ағаларының ақылды інісі атанса, кейінгі іні-қарындастарына арқасүйер, жанашыр болды. Сөйтіп Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздік жылдарында да елдік мүдде жолында қоғамға адал қызмет етті.

Аудандық газетте еңбек етіп жүргенімізде іс-сапарларға көп шығатынбыз. Ауылдарды жиі-жиі аралайтын едік. Сондай бір сапарда болған оқиға есімде қалыпты. Бір жылдары Маханбет Бержановтың бастамасымен ауыл мектептеріндегі оқушыларға құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Біз іс-шараларды ақпараттандыру үшін қаламымыз бен қойын дәптерімізді алып, топ мүшелерімен бірге еріп жүрдік. Бір ауылда өткен кездесуде Маханбет ағамыз тарихты, өткен мен бүгінді қозғап, нақты мысалдар келтіріп, ата-бабаларымыздың ерлігін паш етіп, оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де өте әсерлі насихат айтты. Әдетте біз полиция қызметкерлері тек істің адамы, сөзге, жазуға икемі жоқ деп ойлаймыз ғой. Сол сапардан кейін Маханбет ағаның терең біліміне, өмірлік мол тәжірибесіне тәнті болып, қызыға қарадық. Тіпті жазған жазуын, баяндамасын оқып, тайға таңба басқандай анық, айқын жазылғанын көрдім. Бұл ол кісінің аса ұқыптылығы еді. Сосын тазалықты жаны сүйетін. Киген киімі өте таза болатын. Ал денесін тік ұстауына, жүрісіне, қазақ азаматына тән сабырлы, жайдары қалпына жас та, жасамыс та сүйсіне қарайтын. Сонда біз осы кісідей болсақ екен, бұл кісі отбасында қандай адам екен деп ойлайтынбыз.

Жұмыста абыройлы басшы атанған майдангер отбасында ардақты әке, асыл жар, ақылшы ата болды. Жары Тынымкүл жеңгемізбен бірге ұлағатты ұл-қыз өсірді. Бәрін оқытты, бағып-қақты. Бүгінде олар әке үмітін ақтап, ел дамуының әртүрлі саласында жемісті еңбек етіп жүр. Ұлы Қайрат Бержанов бүгінде сот саласында судья ретінде қара қылды қақ жарып, әділдікті ту етіп, адал еңбек етіп келеді. Әке жолын жалғаған текті азаматтың болашағына зор сеніммен қараймыз.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, қазір заман, қоғам өзгерді. Бүгінде ауданда көзі тірі жалғыз ғана майдангер қалғаны жанымызға батады. Ұлы Отан соғының ардагері Маханбет Бержановтың да пәниден бақиға аттанғанына 40 күн болыпты. Ардагер туралы облыстық, аудандық басылымдарда көп мақала жазылды, алдағы уақытта да жазыла беретіні анық. Себебі жеңіс сарбазының өмірі елге, қоғамдық қызметке арналды. Ол бүгінгі ұрпаққа бейбіт күнді сыйлады. Сондықтан ер есімі ел жадынан ешқашан ұмытылмайды. Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, уақыт өткен сайын тұлғаның есімі биіктей беретініне сенемін.

Өз естелігімді:
Зымырап, жылжып айлар жыл өткенде,
Айтылар игі жақсы тілектер де.
Бейнесі ағамыздың тұрар мәңгі,
Сағынып іздейтін бар жүректерде, – деген жыр жолдарымен қорытындылағым келеді.


Мұхтар САҚТАПОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы»
19 қыркүйек 2020 ж. 819 0